Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қайдан табылған қарындас": Мақпал Жүнісова көмек сұраған әйел адамға қатысты пікір білдірді

Опубликовано:

Заманбек Нұрқаділов пен Мақпал Жүнісова. Алматы, 2002 жыл.
Заманбек Нұрқаділов пен Мақпал Жүнісова. Алматы, 2002 жыл. Фото: Азаттық Радиосы

Желіде өзін мемлекет және қоғам қайраткері, марқұм Заманбек Нұрқаділовтің қарындасы деп таныстырып, әнші Мақпал Жүнісовадан көмек сұраған отбасының видеосы тарады. Осы орайда Sputnik Қазақстан өнер иесіне хабарласып, пікірін сұраған.

Әншінің сөзінше, марқұм жарының қарындасы бар екені туралы алғаш рет естіп отыр. Ал Заманбек Нұрқаділов "Не только о себе" деген кітабында шешеден екеу екенін жазған.

"Қайдан табылған қарындас екенін мен білмеймін. Зәкең екеуміз Шонжыда талай рет болдық. Сол жерде қарындасы болса, Зәкең соның үйіне кіретін еді ғой. Қызық, бұл қайдан шыққан ақпарат?", - дейді Мақпал Жүнісова.

Өнер иесі сонымен қатар жұбайының "артымда бауырларым қалып бара жатыр" деп аманат қалдырмағанын, сондықтан мұны қазбаламайтынын жеткізді.

"Бұл рас па, өтірік пе, оны қазбаламаймын. Зәкеңнің бүгіп кеткен құпиясын қазбалауға құқығым жоқ. Маған дейін 25 жыл басқа кісімен тұрды. Сол кісі білетін шығар. Маған неге айтпағанын білмеймін ғой. Сондықтан бұл жерде тексеретін нәрсе көп. Зәкең тірі болса биыл 77 жасқа толар еді. Ол кісінің сөзінше, бір жасқа келгенде әкесі соғысқа кетіп, оралмаған. Ал видеодағы кісі 71-ге келеді екен. Сонда ол қалай қарындасы болады, соны түсінбей отырмын. Мен сенбеймін. Оны зерттеу керек", - дейді әнші.

Ол сондай-ақ Заманбек Нұрқаділов дүниеден өткенде "қарындасының" көңіл айтып келмегенін, үйінде суреті де жоқ екенін айтты.

"Зәкең көз жұмған кезде қайда қалыпты?! Көңіл айтқан да жоқ қой. "Қарындасымын" деп еңіреп неге келмеді сол уақытта? Ештеңе білмеймін. Зәкеңнің жатқан жері жайлы болсын. Мүмкін өз құпиясы болған шығар, оны айтпағаннан кейін мен оны қайдан білемін", - дейді әнші.

Сонымен қатар Мақпал Жүнісова Шонжыға барып сұқбат алған тілшіге де ренішін жеткізді.

Әнші сол ақпаратты естіген кезде өзінен неге сұрамағанын айтады.

"Сіз білесіз бе, білмейсіз бе, деп неге сұрамайды? Қарындасы болса, не жер әпермеген, неге үй алып бермеген деп Зәкеңді жаман адам қылып көрсетудің қажеті жоқ. Видеоны көрдім. Бірнеше сіңілісі бар екен. Менің ешқандай қатысым жоқ. Мен өз бауырларымды білемін, әкемнен тараған ұрпағымды білемін, соларды асырап жүрмін", - дейді ол.

Сондай-ақ өнер иесі ешкімге қол жаймай, еңбек еткенін де атап өтті.

"Біз ешкімге қолымызды жайған жоқпыз. Жүгіріп еңбек еттік. Ән айтып, нәпақамызды тауып жүрміз. Видеода 12 бауыры бар деп айтып отыр, соның бәрі неге көмектеспейді?! Неге Мақпал Жүнісова көмектесуі керек? Зәкең маған айтқан жоқ, олар маған келген емес. Енді неге іздеп отыр?", - дейді әнші.

Соған қарамастан Мақпал Жүнісова видеодаға кейіпкердің банк картасына қаржы аударатынын айтты.

"Әлі де сенбеймін. Бір суреті жоқ, ешқашан естімедік. Kaspi gold картасына жағдайым келгенше ақша салармын, талай адамға салып жатырмын ғой. Зәкеңнен байлық қалды дей ме екен, ол кісі бұл өмірден көк тиынсыз кетті ғой. Зәкең миллионер болса, тойға барып ақша тауып жүремін бе? Айту оңай", - дейді Мақпал Жүнісова.

Еске сала кетсек, Алматы облысы Ұйғыр ауданы Шонжы ауданында тұратын Әсел Қалабаева есімді әйел анасы Рая Қалабаеваның Заманбек Нұрқаділовтің бір әкеден туған қарындасы екенін мәлімдеген болатын.

Ол 20 жылдан бері баспанасыз жүргенін айтып, халықтан, Мақпал Жүнісовадан көмек сұраған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1895771-kajdan-tabylgan-karyndas-makpal-znisova-kmek-sragan-jel-adamga-katysty-pikir-bildirdi/

pixel