Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Кинодағыдай болды": Солтүстікке көшкен отбасы қандай қиындық кездескенін айтты

Опубликовано:

Көрнекі
Фото: Нұржамал Өмірбекованың жеке мұрағатынан

Қазақстанда кейінгі үш жылда ерікті көші-қон бағдарламасы іске асып келеді. Демографиялық ахуал нашарлаған солтүстік өңірлерге оңтүстік тұрғындары қоныс аударып жатыр. Осы орайда бір жыл бұрын отбасымен бірге Арыс қаласынан Павлодар облысы Тереңкөл ауданына көшіп барған отбасы қазіргі өмірлері туралы сөз етті деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

51 жастағы Ибрагим Әбдіраманов пен 46 жастағы Нұржамал Өмірбекова бес баласымен бірге Павлодар өңіріне 2019 жылдың қыркүйек айында көшіп келген. Кенжесі мектепте 2-сыныпта оқыса, екі баласы – студент.

Нұржамал Өмірбекова жарылыстан кейін Арыс қаласынан көшіп кеткенін жасырмады.

"Қорыққаннан көштік десе болады. Оған дейін ондай ой болған жоқ. Ал Шымкентке көшуге қаражат болмады. Содан кейін осындай бағдарлама бар екенін естідім. "Неге бұрын білмегенмін?" деп ойладым", - дейді ол.

Оның сөзінше, Facebook әлеуметтік желісінде солтүстікке көшуді жарнамалап жүрген кісімен танысып қалған. Толық мәлімет алып, қазіргі уақытта тұрып жатқан ауданның әкімімен тілдесіпті.

Нұржамалас Арыс қаласында жарылыс болған соң солтүстікке көшу туралы үгіт-насихат жасағандар болғанын атап өтті. Ол бастапқыда Петропавлға көшуді ойладым, дейді.

"Сол маңдағы кісілер "сен сияқты пысық қыздарды бірден әкім етіп сайлайды" деп айтты. Мен барамын деп дайындалып жүрдім. Жолдасым бастапқыда ыңғай бермеді", - дейді Нұржамал.

Бес баланың анасы мектепте 24 жыл бастауыш сыныптарға сабақ берген. Аудан әкімімен телефон арқылы сөйлескен уақытта жұмыс тәжірибесіне қарап, оған жақсы жұмыс тауып беруге уәде етіпті. Тіпті басшылық қызмет ұсынды, дейді мұғалім.

"Басшылық қызмет атқармаймын деп бас тарттым. Ол кісі сонда да келуімді сұрады. Қыркүйек кезінде сабақ басталады. Баратын болсам, бірден көшіп баратынымды айттым. Ол кісі "маған сен" деген соң бір аптада жиналып, 9 қыркүйек күні көшіп кеттім", - деп еске алды Нұржамал.

Фото
Фото: Нұржамал Өмірбекованың жеке мұрағатынан

Павлодарға барған соң оған мектептің басшысы қызметін ұсынған. Алайда ол жақтың басым бөлігі орыс тілінде сөйлейтін болғандықтан, бұл лауазымнан бас тарттым деп отыр.

"Бұл жақта қазақтың өзі қазақша дұрыс сөйлей алмайды. Ол қызметтен бас тартқан соң мені оқу ісінің меңгерушісі етіп қойды. Мұғалімге сағатына қарай көбірек ақша төленетін болған соң, ол қызметті біраз уақыт атқарып, кейіннен бас тарттым. Бұл жақта басшылық қызмет атқаратын адамның өзі аз", - дейді Өмірбекова.  

Ерікті болып жүрген Нұржамал Өмірбекова бір жыл ішінде оңтүстік аймақтан солтүстікке 50-60 отбасының көшуіне себепкер болғанын жеткізді. Тіпті өзі тұратын аудандағы мектепке қажет мұғалімдерді де жинаған.

"Бір мектепте 18 жыл бірге жұмыс істеген келіншек те отбасымен көшіп келді. Бұл жақта да көрші тұрамыз. Тереңкөл ауданында Арыс қаласынан келгендерге алты үй берді. Қазір көрші тұрамыз", - дейді Өмірбекова.

Арыс қаласында тұрғанда жолдасы Атырауға, Ресейге барып жұмыс істеген. Ал қазір көшіп барған ауылда мал шаруашылығымен айналысады. Нұржамалдың сөзінше, ол жақта ауыл шаруашылығына байланысты жұмыс көп. Біреу сауыншы болып нәпақасын табады, енді бірі шаруашылыққа көмектеседі, дейді әйел.

Оның айтуынша, Арыстан көшіп келген алты отбасы да сол шаруашылықта жұмыс істейді.

Фото
Фото: Нұржамал Өмірбекованың жеке мұрағатынан

"Келген кезде бізде үй болған жоқ. Шаруашылықтың сатып алған өз үйі бар. Қызметкерлеріне уақытша тұруға береді. Сол жақта бір жыл тегін тұрдық. Жаңа үйлер ақпанда салына бастады. Алты отбасыға жаңа баспана жазда берілді", - дейді ол.

Облысқа көшіп барған кезде үйдегі әр адамға 93 мың теңге көлемінде ақша берілген. Бір жыл бойы кемінде 5 адам тұратын отбасыға 58 мың теңге беріледі.

Ал бірден жаңа үйге көшіп келгендерге 93 мың теңге берілмейді, себебі жаңа баспана беріп отыр.

"Оңтүстікте мектепте мұғалімдерге 18 сағаттан артық сабақ бермейді. Бұл жаққа келгенше 85 мың теңге айлыққа жұмыс істедім. Сол жылы тағы бір санат жоғарыладым. Мен бұл жақта 27 сағатпен жұмыс істеймін, айлығым – 300 мың теңге", - дейді ол.

Нұржамал өзі көшіп барған аймақта қымбатшылық жоқ екенін айтты. Картоптың бағасы – 90 теңге, пияз бен сәбіз де, салыстырмалы түрде ұнның да бағасы арзан, дейді әйел.

Оның айтуынша, басында жергілікті тұрғындарға үйрену қиындау болған.

"Барлығы орысша сөйлейді. Оңтүстікке қарағанда біраз артта қалып қойған, дамымаған. Бизнес те дамымаған, халықтың саны аз. Көктемге дейін қиналдым. Бұл жақта сөйлесетін адам да жоқ еді. Оңтүстік өңірдегідей қонақжай болып, бірден кірісіп кету деген болмады", - дейді Өмірбекова.

Нұржамалдың сөзінше, қатты қиналған сәттерде оңтүстікке қайтуды да ойлаған.

"Бұл жақта дүкеннің өзі сағатпен жұмыс істейді. Түсте жабық тұрады. Кеңес одағы туралы кинодан көретін едік, бұл да сол кинодағыдай болды. Үйлердің өзі шағын екен. Бастапқыда мұндай үйде тұра алмаймын деп бүкіл ауданды аралап үй таңдадық", - дейді әйел.

Әйелге сеніп көшіп келген отбасылар да жұмысқа орналасқан. Олардың бұған дейін еш жерде тұрақты жұмысы болмаған екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1886946-kinodagydaj-boldy-soltstikke-ksken-otbasy-kandaj-kiyndyk-kezdeskenin-ajtty/

pixel