Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Көпшілік арасында «Nur Otan» партиясының ішкі бәсекесі – праймериз қызу талқыға салынуда

Опубликовано:

Мади Ахметов
Фото: Арслан Мухамеджанов

Бүгінде көпшілік арасында «Nur Otan» партиясының ішкі бәсекесі – праймериз қызу талқыға салынып жатыр. Осыған дейін қоғамға етене таныс болмаған саяси процессте өз бағын сынап жатқандар жетерлік. Ел дамуына үлес қосуды місе тұтқандар қатарында жастар да аз емес. KAZ.NUR.KZ саяси додадағы алматылықтардың бірқатарының бағдарламасымен танысып шықты.

Праймериз нәтижесінде «Nur Otan» партиясынан Мәжілістің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауалды партиялық тізімдеріне кандидаттар анықталады.

Бұл аламанға Алматы қаласынан қатысып жатқандар арасында «Jas Otan» ЖҚ Алматы қалалық филиалының төрағасы Мади Ахметов бар. Алмалы ауданынан ұсынылған үміткер бес бағытқа негізделген сайлауалды бағдарламасын таныстырып отыр. Нақтырақ айтсақ, ол қаланың әрбір жас азаматы үшін сапалы білім алу мен салауатты өмір салтын ұстану және уақытты тиімді өткізу мәселесі маңызды деп есептейді. Сондай-ақ, кандидат қазір қолжетімді баспана мен жас отбасыларды қолдау, азаматтық белсенділік пен волонтерлыққа қолдау білдіру, тұрғындарды жұмыспен қамту мәселелері өзекті екенін айтады. Жастар саясатында өз орнын тауып, ауқымды саяси додаға білек сыбана кіріскен ол көпшіліктің ұсыныс-тілектері мен сыни пікірлерін қабылдауға әзір.

Ал Алатау ауданынан сайлауда қоғам белсендісі, кәсіпкер Нұрымбек Тау бақ сынауда. Меценат алдағы уақытта білім сапасы мен денсаулық, жұмыссыздық мәселелерін жолға қоюға ниетті. Ол қазір праймеризді өткізуге нағыз қолайлы уақыт деп есептейді. Кандидат кәсіпкерлікте жүріп тапқан ақшасын халықпен бөлісе алатын адам билікте де елді қолдайтынына сенімді. Нұрымбек Таудың өзі де пандемия уақытында халыққа қол ұшын созып, 20 күннің ішінде 4 мың дана ауа концентратын сатып алып берген.

Нұрымбек Тау
Фото: Арслан Мухамеджанов
«Біз денсаулық, білім және жұмыссыздық мәселелерін бірінші кезекке қойып отырмыз. Әсіресе, шеткері жатқан аудандар, ауылдардың денсаулығы мен білімін түзетуіміз керек. Адамның дені сау болса, білімді болса, жұмыссыздық өзінен-өзі жойылайын деп тұр. Осы үш саланың әрқайсысына арналған бағдарламамыз бар», - деді ол бір сұхбатында

Түркістан облысы Жетісай қаласында туған Мұхтар Зулеев те – праймериз қатысушысы. Бостандық ауданынан ұсынылған үміткер саясаткер болуды мүлде армандамаған екен. Осыған дейін кәсіпкерлікпен айналысып, қайырымдылық жасап жүрген Мұхтардың ойын коронавирус пандемиясы өзгертіпті. Қиын-қыстау кезеңде наубайхана атынан көпбалалы отбасыларға қол созған ол «Nur Otan» партиясының ұсынысымен саяси ұйымға мүше атанған.

«Бірінші, мәслихат қаланың проблемаларын талқылайтын еркін алаңға айналуы тиіс. Қажет болған жағдайда онлайн петициялар ұйымдастыруды да қолға аламын. Екінші, ауданымызда ауыз су, канализация, жол және жарық мәселесі шешілмеген шағын аудандар да бар. Үшінші, ауданымыздағы көпбалалы отбасылардың, мұғалімдер мен дәрігерлердің, студенттердің әлеуметтік мәселесін мемлекеттік органдармен бірге шешуге атсалысамын», - дейді ол.
Түркістан облысы Жетісай қаласында туған Мұхтар Зулеев
Фото: Арслан Мухамеджанов

Зулеевтің айтуынша, коммуналдық мекемелердегі жалақысы төмен қызметкерлер мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатысуға мүмкіндік алуы тиіс. Сондай-ақ, ол сайлауда жеңген жағдайда қаладағы кәсіпкерлікті дамыту үшін әкімшілік кедергілерді азайту, дұрыс әрі уақытылы ақпараттындыру мәселесін қолға алмақ.

Жақында Денсаулық сақтау министрлігің ресми өкілі болған Бағдат Қожахметовтің мақсаты елдегі басты әлеуметтік мәселелерді шешу. Алмалы ауданынан тіркелген танымал медиаменеджердің бағдарламасының негізінде дәрігерлер мен мұғалімдердің жағдайын арттыру және кедейшілікпен күреске тұр.

«Мен бірінші кезекте, медицина мен білім саласы қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесін арнайы заңмен бекітуге кірісемін. Атап айтқанда, жалақы өсімін одан сайын арттыруды, баспана мәселесін жедел шешуді, материалдық ресурспен қамтуды және қауіпсіз орта қалыптастыруды қолға аламын. Дәрігер мен мұғалім ең беделді мамандыққа айналуы тиіс», - дейді Бағдат Қожахметов.
Бағдат Қожахметов
Фото: Арслан Мухамеджанов

Танымал кәсіпкер Қайрат Құдайберген праймеризге Жетісу ауданынан қатысады. Екі жарым жыл бұрын мәслихат депутаты болып сайланған, әлеуметтік желіде біраз сынға ұшыраған, меценат берген уәдесін орындағанын айтып отыр. Сөзінше, бүгінде Жетісу ауданы қала аудандары арасынан бірқатар көрсеткіш бойынша тарихта бірінші рет көш бастап тұр. Кәсіпкер қала және аудан әкімімен бірлескен жұмысы өз жемісін әкелді дейді. Пандемия уақытында да кәсіпкердің командасы «Nur Otan» партиясының бастамасын қолдап, халықпен бірге жинаған қаражатты көмекке жұмсапты. Ол алдағы уақытта да өзекті әрі ауқымды мәселелерді көпшілікпен бірлесе шешуге дайын. Қоғам белсендісі экология, медицина, білім саласы мен жемқорлық мәселелерін алға қоймақ.

Партияішілік іріктеуге Түркісіб ауданынан Грачев Михаил ұсынылды. Алматы қалалық мәслихат депутаты сайланғаннан бері екі жыл ішінде аудан тұрғындарының талабын ескере отырып, қай бағытта жұмыс атқару қажеттігін анық түсінген. Келесі кезекте ол жаңа заманауи жұмыс орындарын дайындау, облыс пен аудан экономикасының өндірістік секторындағы орта және шағын бизнестің дамуына жағдай жасау, технологиялық әлеуетті интеграциялау, өндірістік секторға инвестиция тарту мен аудан тұрғындарының өмір сапасын жақсарту мәселелерін шешуге дайын.

Грачев Михаил
Фото: Арслан Мухамеджанов

Праймеризге қатысып жатқандар арасында нәзік жандылар да аз емес. Солардың бірі – «Қазақстан Волонтерлар лигасы» қоғамдық қорының төрайымы Айсұлу Ерниязова. Алмалы ауданынан ұсынылған үміткер отандастарымызды шет мемлекеттерде емес, өз жерінде дамып, ел өркендеуіне үлес қосуға шақырып отыр. Ол кемел келешекке кедергісіз жету үшін сапалы білімге, ақпаратқа, инфрақұрылымға, мәдениетке тең қолжетімділік қажет деп есептейді. Айтуынша, жастар арасындағы суицид, аборт жасату сынды өзекті мәселелер де дұрыс ақпараттың жетіспеушілігінен туындайды.

Айсұлу Ерниязова
Фото: Арслан Мухамеджанов

Тағы бір айта кетерлік кандидат – Ерниязов Қуанышбек. «Атамекен» ҰКП «Бастау Бизнес» жобасының жетекшісі Бостандық ауданынан қатысуда. Ол жас кәсіпкерлерге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік пен несиелендірудің жеңілдетілген бағдарламаларын дамытуды, аталған бағдарлама есебінде партияға жас әрі белсенді кәсіпкерлерді тартуды, цифрландыру бойынша қалалық бағдарламаларды ілгерілетуді көздеп отыр. Үміткер мұғалімдер мен медицина қызметкерлері қоғамдық көлікте тегін жүруі тиіс деп есептейді. Сондай-ақ, кооперацияларды дамыту есебінде ұстаздар, дәрігерлер мен түрлі кәсіпорын қызметкерлерінің өмір сапасын жақсарту үшін жұмыс істемек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1875028-kpsilik-arasynda-nur-otan-partiasyny-iski-bsekesi-prajmeriz-kyzu-talkyga-salynuda/

pixel