Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жеке көмекшіге қатысты жиі қойылатын сауалдарға Еңбек министрлігі жауап берді

Опубликовано:

Мүгедек
Фото: pixabay.com

Соңғы кездері мүгедек жандарға көмек көрсету үшін жеке көмекшілерді тарту мәселесі кеңінен талқылануда. Бүгінгі күні дәл мұндай қызметті 28,6 мың қазақстандық пайдаланып отыр.

Жеке көмекшілерді таңдау және олардың қызметіне ақы төлеу жүйесіне қатысты мүгедек жандар біршама сын айтқан болатын. Жарымжан жандардың өтініші назарға алынды ма, жеке көмекшінің қызмет көрсету жүйесінде қандай өзгерістер орын алды және алдағы уақытта не өзгереді? Дәл осы сұрақтардың жауабын NUR.KZ порталына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әлеуметтік қызметтер саясатын дамыту департаментінің директоры Дәмежан Садвокасова айтып берді.

Дәмежан Төлеубаевна, бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде жеке көмекші қызметін ұсыну мәселелесі жиі көтеріліп отыр. Еліміздегі жеке көмекшілер институты қалай жұмыс жасайды? Бұл мәселенің өзектілігі неде және неге әлеуметтік желілерде үнемі қызу талқыланады?

Әлеуметтік желілердегі белсенділік жеке көмекші қызметін ұсыну және алуға қатысты көптеген сұрақтардың туындауына байланысты болып отыр. Бірден айта кетейін, әлеуметтік қызметкер мен жеке көмекші деген екі бөлек нәрсе.

Әлеуметтік желілерде көтеріліп отырған мәселелер мүгедек жандар мен олардың туыстары мүгедек жандарды алып жүру әлеуметтік қызметкердің міндетіне кірмейтінін түсінбеуі салдарынан туындап отырған болар.

Біз айтылып жатқан сындарға жауап беріп те қойдық, қызмет алушы, яғни мүгедектігі бар жандар тарапынан түсініспеушілік туындап жатса, біз тез арада ол мәселені шешуге тырысамыз. Жеке көмекші мүгедек жанды А нүктесінен Б нүктесіне дейін алып жүруге ғана міндетті.

Ал әлеуметтік қызметкер мүгедектігі бар азаматқа толықтай қамқор болып, нақтырақ айтсақ, қарауға міндетті. Мемлекеттік қолдаудың мұндай түрі кей елдерде ғана бар екенін ескерген дұрыс.

Жеке көмекшілер мүгедектігі бар тұлғаны А нүктесінен Б нүктесіне дейін алып жүргенін қалай дәлелдейді? Жалақы алу үшін олар түбіртек немесе чек өткізуі керек пе?

Бұған дейін жеке көмекшілер өз жұмысын растау үшін қол қойылып, мөр басылған түбіртектер алып келуі тиіс болатын. Есептілікті жеңілдету үшін 2020 жылғы 30 қаңтардан бастап Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бұйрығымен жеке көмекшінің бірыңғай ілеспе парағы енгізілді.

Қызмет алушылар, яғни жүріп-тұруы қиын мүгедектігі бар жандарға қамқорлық таныту мақсатында біз есептілікті барынша азайттық. Енді жеке көмекшілер оларды қайда алып барғанын ілеспе парағына жаза салады. Құжатқа қызмет алушы қол қойып, осыдан кейін барып, жеке көмекші ақысын ала алады.

Жеке көмекші секілді көмек көрсету түрінің пайда болуына не себеп? Мұндай қызметкерлер болашақта ілесіп жүруден басқа өзге да қызметтер көрсетуі мүмкін бе?

Шын мәнінде, бұл қызмет түрі бес жыл бұрын пайда болған. Бұл біздің қоғамның дамуы үшін аса маңызды. Мүгедектігі бар азаматтар қоғамнан тыс қалғысы келмейді, қала ішінде жүріп-тұрып, жұмыс істеп, білім алып, басқалар сияқты қыдырғысы келеді. Басты себебі - осы.

Осы бес жыл ішінде аталған қызметті көрсетуде қандай да бір өзгерістер болды ма? Жалпы бұл қызмет түрі қалай жетілдіріліп келеді?

Әлбетте, мүгедек жандар үшін де, жеке көмекшілер үшін де ыңғайлы болу үшін өзгерістер жасалды.

Біріншіден, біз бір сағат ішінде есеп айырысу тәртібін өзгерттік. Бұл қадам республика бойынша мөлшерлемелерді біріздендіру қажеттілігінен туындады. Көрсетілген қызметтің 1 сағаты үшін төленетін ақының стандартты мөлшерінің болмауы салдарынан әр өңірдегі төлем әр түрлі болған.

Енді барлық жергілікті атқарушы органдар үшін есеп айырысудың бірыңғай тәртібі орнатылып отыр. Бір сағатқа жеке көмекшілер 358 теңге алатын болды.

Ең маңызды өзгерістердің бірі – мүгедектігі бар жандардың сынын ескере отырып, жақын туыстарға жеке көмекші қызметін көрсетуге тыйым салынған норма алынып тасталды. Енді, мүгедектердің жүріп-тұруына көмек көрсететін жақын адамдарды да ресми түрде жеке көмекші ретінде рәсімдеуге болады.

Қорыта айтқанда, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі 2020 жылдың қаңтар айынан бастап, өңірлерге жеке көмекшілердің өздерімен тікелей немесе мүгедек жандардың қалауына қарай ТҚҰ арқылы келісім-шартқа отыруға кеңес берген.

Соңғы сұрақ. Жаңа технологиялар ғасырында қызметті сандық жүйеге ауыстыру министрліктің жоспарында бар ма? Мен келісім-шарттарды, ілеспе парақтарын электронды форматқа ауыстыру туралы айтып отырмын.

Иә, биылғы жылдың қазан айынан бастап, «жеке көмекші» қызметі Әлеуметтік қызмет көрсету порталы арқылы ұсынылатын болады. Мүгедектігі бар жандар енді жеке көмекшілерді өздері таңдап, тікелей келісім-шартқа отыра алады. Бұдан бөлек, көмекші уақытын есептеу автоматтандырылып, ашық бола түседі. Бұл да өте маңызды дүние.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1873834-zeke-kmeksige-katysty-zii-kojylatyn-saualdarga-ebek-ministrligi-zauap-berdi/

pixel