KZ

Қазақ Құлагері мен қазанатына да есірткі егетін болыпты

Рассказать в Telegram Расcказать Вконтакте

Төрт түлікті түндігінің төресі санап, төріне шығармаса да, төбесіне қойғандай етіп, ба­ғып, қағып, бала-шағаның несібесі деп бар жағдайын жасаған ата-бабаларымызбен бүгінгі төрт тұяқтыларымыз "жылап" көрісетін шығар. 

Олай деуімізге де себеп жоқ емес.

Малды ырыс – несібе деп емес, тек теңге табудың төте жолы санайтын қандастарымыз қазір төрт түлікке неше түрлі жауыздық жасауда.

Бұрынғы жаз жайлауда, қыс қыстауда тұяғын серпіп, емін-еркін қарын тойғызып жүрген төрт түлік бүгінде жайылымның аздығынан қораға қамалып, "аяғы қысқарды".

Бұрынғы еркіндік тек "түсіне" ғана кіретін болды.

Ғайыптан тайып тіл бітсе, қорадағы төрт түлік екі аяқтылардан көрген азабын "еңіреп" тұрып айтып берер еді-ай. Алайда...

Ия, бүгінде малды асырап баққанымен, ақшаға келгенде ашкөздік танытатын адамдар оған жан иесі деп қарамайтын болды. Обал-сауапты да ұмытты. Ел ішіне шықсаңыз, небір жаға ұстатар жағдаяттарды естисің. Бірақ оның басым бөлігі – дәлелденбейтін шындық.

Әрі куәгері болмағандықтан, малға жасалған қиянатты кім дәлелдей алсын? Сонымен, базарға шығаратын қойды қоңды етіп көрсету үшін насоспен үрлеп жел беріп ісітетіндерді естігенде шошынғанымыз рас. Алайда бұдан да өтетін сорақылықтарды естігенде мұның жолда қалады екен.

Баяғыда елімізге келген америкалықтар көкпарды көріп талып қала жаздапты. Адам түгіл,  жануарлардың құқығын қорғауда алдына жан салмайтын америкалықтар ешкінің басын кесіп, ту-талақай етіп, көкпарға салғанды көріп, жағасын ұстапты.

Бұл нағыз шектен шыққандық деп санап, жануарларды қорлауды қою керек деген сияқты біраз лекция оқыған көрінеді. Бірақ олар айтты екен деп ұлттық ойынымыз тоқтап қалған жоқ. Қайта ұмытылып  тасада қалмай, тасы өрге домалап тұрған ұлттық ойынымыз осы көкпар болса керек. Бұл да бергі жағы...

Бүгінде мал базарына барсаңыз, алатын малыңыздың басынан тұяғына дейін түгендеп алудың сөкеттігі жоқ. Өйткені жалына қол апартқызбайтын асауларыңыздың өзін жуасытып қоюдың неше түрлі айла тәсілін тапқан сатармандар. Мәселен, Төле би ауданының тұрғыны Жұмағұл Сәрсенбай былай дейді: "Базардан бие сатып алғанбыз. Үйге әкеле салысымен сауып көрдік.

Жұп-жуас малға қол жеткіздік деп қуанғанымыз көпке бармады. Үшінші сауымынан кейін-ақ сауырына қол тигізбей, көкке шапшыды дерсің. Сөйтсек, кейінірек малсақтардан сұрасақ, малды жуасытудың неше түрлі айла-шарғысы бар екен ғой. Демидрол салып, арақ ішкізіп, тіпті есірткі егетіндері де бар екен".

Иә, базардан мал алатын болсаңыз, аттың аузын ашып иіскеп, "перегар" ұрып тұрмағанын тексеріп алудың айыбы жоқ. Себебі ертеңгі күні сан соғып қалуыңыз ғажап емес. "Сондай-ақ көкпарға түсетін аттарға там-тұмдап есірткі егіп, көкнар ішкізіп тұратындар да баршылық" дейді ауылдағы ағайын.

Сонда ат шаршамай, екі күн болса да шаба береді екен. Әрине, мұны сізге көкпаршылар өйтеміз-бүйтеміз деп өлсе де айтпасы анық. Оны өзінен басқа, тілі жоқ мақұлығынан басқа ешкім білмейді. Білсе де, жауапқа тартпайды. Себебі куәгер жоқ.

Малды токпен соғып өлтіріп барып  соятындарды естіп құлақ сарсыды. Осыншама қорлық көрсететіндей о жазғандар не жазыпты сонша?! Алайда айыпталып жатқандарды таппайсыз. Ал шетелде екі аяқты түгіл, төрт аяқтының да құқығы аяққа тапталмауы тиіс. Кезінде АҚШ үй жануарларына арналған тағамдардан улы химиялық қоспалар тауып еді, дереу Пекинге қарсы нота жіберді.

Сондай-ақ өткен жылы мұсылмандардың ұлық мерекесі Құрбан айтта Мәскеу мэріне бір топ зиялылар естір құлаққа ерсі хат жолдаған болатын. Ресей шоу-бизнесінің жарық жұлдыздары Андрей Макаревич, Лайма Вайкуле, Михаил Ширвиндт, Леонид Ярмольник бастаған бір топ артистер Мәскеу мэріне Құрбан айт мерекесінде қала көшелерінде қой союға тыйым салу қажеттігін сұрапты.

Құрбан айттың мұсылмандар үшін қандай маңызы барын ескермеген жұлдыздар жануарлар құқын қорғаумен әлекке түсті. Малды қалай союдың ережелерінен мақұрым ақсаусақтар тірі малдың аяғын байлап, темір тұлпардың артқы қорабына салуды да айуандарды қорлау деп есептейді екен.

Тіпті тірі малдың көзін "бақырайтып қойып", соның көзінше мал союды да сөлекет көреді екен. Біздің малдардың апиын ішіп, арақты суша сіміріп, демидрол "шайнайтынын" естісе, тіптен талып қалатын түрлері бар.

Құрбан айт мерекесінде жануарлар құқын қорғайтын ұйым өкілдері арнайы рейдтерге шығыпты. Осыдан бес жыл бұрын Мәскеу мэриясы қоғамдық орындарда құрбандық шалуға тыйым салған болатын. Тіпті оны заң жүзінде бекіткен-тін.

Егер осы заң талаптарын бұзған адам Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 245-бабы бойынша, атап айтсақ, "Жануарларды қорлау" бабымен не 100 мың рубль айыппұл төлеп, не екі жыл түрмеге жабылу үкіміне кесілуі тиіс. Бізде де жануарларды қорлауға қатысты бап бар.

Жамбыл облыстық тергеу басқармасының бастығы Байжан Байгелдінің айтуынша, ҚР Қылмыстық кодексінің 289-бабы жануарларды қорлауға қатысты. Егер осы бапқа қайшы келетін іс-әрекетке барғандар болса, 200-ден 500-ге дейінгі айлық есептік көрсеткіш бойынша айыппұл төлейді не болмаса екі жылға еңбекпен түзеу жазасына кесіледі. Алайда арнайы бап болғанымен, жазаға тартылып жатқан жан жоқ...

Төрт түлік малдың болмысын терең таныған бабаларымыз малға қатысты ырым-тыйымдар қалдырған. Олардың бір парасы мынау: жатқан малдың үстінен аттамайды, әйтпесе қасқырға жем болуы мүмкін. Бөгде адамды мал қораға кіргізбейді, көз тиюі мүмкін.

Қойшыға өз таяғын бөтен адамға беруге болмайды. Малды сатқанда бас жібін бірге бермейді, алып қалады. Шопанның таяғы киелі болып есептеледі. Малдың сүйегін аяққа баспайды, жерге көміп тастайды. Қойдың мүйізін, жүнін өртеуге болмайды.

Новости Казахстана
Қазақ Құлагері мен қазанатына да есірткі егетін болыпты
Mailfire view pixel