KZ

"Бомж" қазақтар дауы" мәжіліс деңгейіне жетті

Рассказать в Telegram Расcказать Вконтакте

Әуелде әлеуметтік желілерде талқыланып, көптеген БАҚ-тарда жарық көрген соң жалпыхалықтық ашу-ыза тудырған мәселе – көкшетаулық "Степной маяк" газетінің қазақтың киіз үйін – қаңғыбастардың баспанасы деп мазақ қылуы депутаттардың да назарынан тыс қалмады. 

ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Нұрлан Өнербай Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Хатшысы Қанат Саудабаевқа депутаттық үндеу жолдап ашына сөйледі.

Ел намысы – ер намысы деп білетін Нұрлан ағамыз бабалардың көзі, сан ғасырлар бойы сансыз ұрпақ өсіп-өнген киіз үйді қорлаудың түп-төркіні өз ішіміздегі мәңгүрттердің немқұрайлылығымен тікелей байланысты деп біледі.

Бір газет емес, Ақмола облысына қарасты бірнеше газеттің электронды аудармаға ілесіп Мағжан Жұмабаевтың тегін – Пятницабаев, Бақытжан Жұмаділовтің тегін - Пятницаділов деп бере салу сол немқұрайлылықтың басты дәлелі.

Соншама газеттегі қаншама қызметкерлердің ешқайсысының бұған мән бермеуі  - басшылықтан бастау алатын салғырттықтың әсері.

Депутат ағамыздың ашына айтқан азаматтық пікірін назарларыңызға ұсынамыз: 

"Тәуелсіздік туын тіккенімізге биыл 20 жыл толады. Егемендік алғалы бері елдіктің символдары Елбасы (Президент), Елтаңба, Ел ұраны, Ел туы (мемлекеттік ту) қай дәрежеде дәріптеліп, құрметтеліп жүр. Ел символдарының қатарына жататын мемлекеттік тіл және оның қолданылу аясы қандай?

Осыдан екі жыл бұрын Мемлекеттік Туды дәріптеу турасында сауал жолданып, ірі-ірі қалалардың көрнекті орындарында және ұлы "Жібек жолы", бүгінгі Батыс Европа-Батыс Қытай халықаралық тас жолы өтетін ірі қалаларға кіре берісі мен шыға берісіне биік тұғырға орнату ұсынылған еді. Әзірге, тек Ел ордамыз Астанада ғана, онда да бір жерде тұрғанына көңіл жұбатып жүрміз. 

Бүгінгі айтылатын мәселе, ресми жиындардағы баяндамашылардың тілі. Мысалды алыстан емес, Парламент Мәжілісінің өз қабырғасынан-ақ алайық. Біздегі мемлекеттік тілге ілеспе аударма сапасын айтпағанның өзінде, кейде аударылмайды да.

Өткендегі Үкімет сағатындағы жасалған ескертпеден кейін анық болғанындай, біздің бәріміздің орыс тілін түсініп–білетініміз үшін ілеспе аударма жасамауға да болады екен. Сонда қалай, біздің орыс тілін білгендігіміз үшін Мемлекеттік тіл зардап шегуі керек пе?     

20 жылда қазақ тілі "мемлекеттік тіл" мәртебесіне лайық бола алмай келеді. Бұл жерде маңызды проблема, қоғамның санасында қазақ тілі мемлекеттік тіл сынды биік мәртебеге ие болса да, тек осы тілде сөйлейік, осы тілді қолданамыз деген берік түсінік әлі қалыптаспауда.

Мемлекеттік тіл болғаннан кейін, оны дамыту, орнықтыру мен нығайту әлбетте мемлекеттің міндеті. Алайда, қоғам да шетте қалмау керек. Дей тұрғанмен, мемлекет осы мәселені лайықты атқаруға тиіс болғанымен, оны өз деңгейіне жеткізе алмай отыр. Соның кесірінен қазақ тілі жетімдік көруде.

Еліміздегі министрліктер, мен Үкімет басшылығында қызмет атқаратындардың 80-90 пайызы қазақ ұлтының өкілі екені белгілі. Солардың мемлекеттік тілді дамытамыз деп әбігерге түсіп жүргендеріне аяушылықпен қарауға тура келеді. Оларда жүріп жататын сансыз жиындардың күні бүгінге дейін, тым құрыса, біреуі бастан-аяқ мемлекеттік тілде өтпейді. Бүкіл ел, бүкіл төменгі басшылық соларға қарап, солардан тәлім алмай ма?  

Осында Парламент қабырғасында баяндамаларын қазақ тілінде жасайтын кейбір басшылар, тілі шұбарланып, ежектеп тұрғанда, құлаққа ерсі тиіп, намысыңды қоздырады. Қазақша сөйлей алмайтынына тіпті қысылмайтын да сияқты. Мемлекет қажет етпеген тілде мен неге сөйлеуім керек дейді ма екен?

Олар біздің тілімізді, Қазақ елі сөйлейтін қазақ тілін дәл бұлай қорлағанын және  анасының тілі мен ұлтының құндылықтарынан қызметін жоғары санайтындарды кімдердің санатына қосамыз? 

Қазақстан азаматы бола тұра, еліміздегі басқа ұлт өкілдерінің кейбіреулері, ата-бабаларымыздың дініне, тіліне, асыл құндылықтарына, мемлекет символдарына мұрын шүйіріп-те қарамайтындығы да осыдан.

Әйтпесе, басқа жұрт емес, шетел емес, өзіміз қаржыландыратын орыс тіліндегі басылым қазақтың киелі киіз үйін ашық күнде қаңғыбас қазақ тұратын күрке деп, Алаштың арысы Мағжанның тегі Жұмабаевты - Пятницабаев, өнер қайраткері Бақытжан Жұмаділовті - Пятницаділов  деп аудармас еді ғой.

Кepeгeміз  ағаш, ұранымыз "Алаш" деген ежелгі Түркілердің тұғырын құлатпай, ата-жұртқа ат байлаған, көшуге ыңғайлы, өзімен бipre ала жүріп өмір сүрген баспанасы, киіз үйді осылай қорламас еді. Бұл нағыз масқара?

Біле-білгенге киіз үй -  қазақ тұрмысының басты болмысы. Рухани мәдениет ауқымында, киiз үй баспана ғана емес, арғы әлеммен байланыстырып, қаскөй рухтардан қорғайтын киелi орын. Қазақ үйдiң киесi шаңырақтан бастау алады. Уық орнықталып, кереге мықты болып, іргесін беріктейді.

Шаңырақты тапжылтпай ұстап тұрады. Ынтымақ пен бірліктің белгісі осында екенін білмеді дейміз бе? Жоқ білді. Біле тұра әдейі жазады, намысты таптағысы, әруақты қорлағысы келеді.

Кешегі Алаш арысы Мағжанның рухын қорлап, сайқымазақ ету жай салғырттық деуге келмейді. Кезінде, Совет өкілі Жангелдинді,  ескі үкімет заманында қазақ шапанын кабинет киіміне, ислам дінін христиан дініне айырбастатып, Жангелдинді Степновқа айналдырып, миссионер етіп қорламап па еді. 

Бұл сөзімді кейбіреулер ұлтшылдыққа балауы мүмкін. Мейлі, егер "телехабарлардың кем дегенде жартысы қазақ тілінде болуы керек" деген менің ұсынысым ұлтшылдық болса, бола қойсын. Еліміздің елеулі мемлекеттік мерекелерінде қазақтың әні шырқалып, қойылымында қазақ исі шығып тұратын ұлттық сахнаны өзіміздің қазақ өнер иесі басқаруын мен қаласам осы ұлтшылдық па? Ұлтымыздың мүддесін қорғау ұлтшылдық емес болар!

Құрметті Қанат Бекмырзаұлы!

Жоғарыдағы айтылғандарды ескере келе төмендегідей ұсынамыз бар. 

1. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының соңғы өткен сессиясында сөйлеген сөзінде "тілге шын жанашыр болса, қалтасынан ақша шығарсын да арнайы жобаларға салсын" - деген еді. Ендеше, кез келген мемлекеттік қызметкер, ресми жиындарда қазақша таза сөйлей алмаса, ілеспе аударманы қамтамасыз етіп, шығындарын өз қалтасынан төлейтін болсын.

2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, мемлекеттік қызметшілер мен әкімшілік мемлекеттік лауазымдарды атқаруға үміткерлерді сынақтан өткізуде белгіленген тәртіппен мемлекеттік тілді жетік меңгеру аясында қазақ тілі бойынша емтихан алуы қажет. Ел Президенттігінен үміткер болған кезде, Елбасы да емтихан тапсырды емес пе? Неге басқалары да осылай тапсырмасқа. Яғни, тиісті заңдарға өзгертулер енгізілуі қажет.

3. Басылымында ұлттың ар-намысына тиетін, қоғамда наразылық тудыратын отандық бұқаралық ақпарат құралдарына құзыретті органдар тарапынан қатаң бақылау болу қажет. Жоғарыда аталған келеңсіздікке жол берген, қазақ ұлтын сайқымазақ еткен Ақмола облыстық "Степной маяк", аудандық "Бурабай", "Луч", "Сельская новь" газетерін жауып қана қоймай, заң алдында тиісті жазаға тарту қажет деп санаймыз.

Үндеуіміздің жауабын Заңда көрсетілген мерзімде күтеміз".- деп 14 депутат қол қойған. 

Новости Казахстана
"Бомж" қазақтар дауы" мәжіліс деңгейіне жетті
Mailfire view pixel