Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атырауда бұралқы ит баланың бас терісін жұлмалап тастады

Опубликовано:

Атыраудағы "Самал-2" ықшам ауданының тұрғындары қаңғыған ит қаптап кеткенін айтып, шағымданып жатыр. Бұралқы иттер үлкенге шауып, кішісін қауып, әбден зәрезап қылған көрінеді деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы "Хабар24" арнасына сілтеме жасап.

Атырауда бұралқы иттер баланың бас терісін жұлмалап тастады
Көрнекі фото: NUR.KZ: Original

6 жасар Аспандияр күні кеше түстен кейін алаңсыз ойнауға кеткен. Еш уайымсыз үйде отырған ата-ана жан ұшыра жылаған ұлының дауысын естіп, далаға атып шыққан. Қаңғыбас бұралқы ит кішкентай балаға шауып, басынан тістеп тастапты.

Жұлмалағаны сонша, ақ халаттылар баланың бас терісін 4 жерден тігіпті. Қазір жағдайы жақсы, бірақ әбден шошып қалған.

"Кеше түскі 2 шамасында ұлым сыртқа шығып кеткен. Жылаған дауысынан шошып, сыртқа жүгірдік. Иесіз ит талап тастапты. Қанша қарсылық көрсетсе де бала ғой. Әлі келмеген. Басынан тістеген. Бірнеше жерден тікті. Қазір ем қабылдап жүрміз. Бұл оқиға ең соңғысы болса екен дейміз", – дейді қала тұрғыны Рахима Ордағанова.

Қалалық ветеринария станциясындағылардың айтуынша, бұралқы иттерді жою жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп жатқан көрінеді. Мамыр айынан бері қалада 3 мыңға жуық қаңғыған иттің көзі құртылған. Тұрғындардан түсетін шағым да аз емес екен.

"Мамыр айынан бастап толыққанды жұмысқа кірістік. Қазіргі таңда қалада 3 бригада жұмыс жасайды. 3 бригада қаланың айналасындағы 7 ауылдық округ пен қаланың ішіндегі бұралқы иттерді жоюмен айналысады. Қазір 38-24 күн арасында бір күнде бұралқы иттер жойылып тұрады", – дейді қалалық ветеринария станциясының директоры Сатыбалды Оразбаев.

Бұралқы иттердің көзін жою үшін былтыр 42 млн теңге көлемінде қаражат бөлінген. Биылға берілетін ақша да шамамен осы мөлшерде болмақ. Әзірге соның 3 млн астамы игеріліпті.

Еске сала кетсек, әлеуметтік желіде маусым айының басында итті қорлауға байланысты видео тараған болатын. Онда ер адамның итті тұншықтырғаны көрініс тапқан. Осыдан кейін қылмыстық іс қозғалғанын жазған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1867924-atyrauda-bralky-it-balany-bas-terisin-zlmalap-tastady/

pixel