Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Сұмдық трагедия": Тоқаевтың кеңесшісі еліміздегі жағдай туралы айтты

Опубликовано:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергенов Қазақстанда болып жатқан жағдайды сұмдық трагедия деп атады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ порталы Құдайбергеновтің Facebook парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Facebook/Olzhas Khudaibergenov
Фото: Facebook/Olzhas Khudaibergenov: UGC
"Менің немере ағам кеше көз жұмды. Артында төрт баласы қалды. Сонымен қатар, бірнеше күн бұрын екі досымның әкесі, әріптесімнің анасы да өмірден өтті.
Ал бүгін тіптен қорқынышты, айналамдағы таныстарымның арасынан 11 адам қайтыс болды. Барлық хабарлама түстен кейін келді. Бір сағат бұрын 11-ші адам туралы қаралы хабар жетті. Мен танитын бір жақсы адам 39 жастағы жалғыз ұлынан айырылғанын естідім", – деді ол.

Құдайбергеновтың сөзінше, қазір елімізде болып жатқан жағдайлар – сұмдық трагедия.

"Ерте ме, кеш пе, біз және біздің жақындарымыз, бәріміз де өлім құшамыз. Бірақ қолдан келгеннің барлығын жасап адам қайтыс болса, жөн басқа ғой. Ал адамдар дәрі-дәрмек жетіспеушілігінен, тыныс алу аппаратының жоқтығынан немесе ауруханаға жату үшін дәрігер мен төсек-орын тапшылығынан мәселенің шешілгенін күтіп көз жұмса, бұл – қасірет.
Бұл италиялық сценарий емес. Бұл ондаған жыл бойы бюрократия мен жауапсыздық жемқорлыққа ұласқан осындай қайғылы статистика көрсететін біздің өз сценарийіміз", – деді президенттің кеңесшісі.

Құдайбергенов өз жазбасында үкімет отставкаға кеткен жағдайда кадрларды іріктеу ережелерін өзгерту керек деп санайтынын жасырмады.

"Бірақ үкімет отставкаға кетсе де, сол ережеге сай жаңа адамдарды таңдау ештеңені өзгертпейді. Сол себепті, жаңа адамдар мен жаңа ережелер болуы керек. Содан кейін эпидемияның келесі толқыны дәл бүгінгідей қайғылы болмауы мүмкін", – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергенов.

Соңғы деректер бойынша, елімізде қауіпті инфекция салдарынан 375 науқас көз жұмды, Өткен аптада вирус 111 адамның өмірін жалмағаны хабарланды.

Еске сала кетсек, коронавирус індетінің құрбаны болған азаматтарды еске алуға байланысты бүгін Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1864623-smdyk-tragedia-tokaevty-keessisi-elimizdegi-zagdaj-turaly-ajtty/

pixel