Назарбаев коронавирус індетінен қаза болғандардың жақындарына көңіл айтты
Опубликовано:
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев коронавирус індетінен қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты деп жазады KAZ.NUR.KZ порталы Elbasy.kz-ке сілтеме жасап.
"Құрметті қазақстандықтар! Бүгінде Қазақстан бұрын-соңды болмаған күрделі ахуалмен бетпе-бет келіп отыр. Қауіпті індет біздің қалаларымыз бен ауылдарымызға тарап, өкінішке қарай, адам шығыны орын алып жатыр.
Мемлекет басшысының шешімімен 13 шілде коронавирус індетінен қайтыс болған азаматтарды еске алу – Ұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Алапат дерт біздің адамдарымыздың өмірін қиып әкетуде. Бұл бәріміздің қабырғамызды қайыстырып отыр. Әрбір кісі өлімінің артында қара жамылған біраз адамның – әкелер мен аналардың, қыздарымыз бен ұлдарымыздың, дос-жарандарымыздың қайғы-қасіреті тұр.
Мезгілсіз қаза болғандардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын.
Біз береке-бірлік пен тұтастықтың арқасында талай сынақтан сүрінбей өттік. Бұл қиындықты да ел болып еңсереміз деп сенемін", - деді Елбасы.
Еске сала кетсек, коронавирус індетінің құрбаны болған азаматтарды еске алуға байланысты бүгін Қазақстанда Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1864576-nazarbaev-koronavirus-indetinen-kaza-bolgandardy-zakyndaryna-kil-ajtty/