Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қыздар шыдамдырақ келеді": Арнайы жасақтың арулары ашық сұқбат берді

Опубликовано:

Алматы қаласындағы жылдам қимылдайтын арнайы жасақта әйелдер взводы өткен жылдың маусым айында құрылған. Құрамында 23 қыз жұмыс істейтін жасақ қоғамдық тыныштықты сақтау үшін қызмет етуде. Олардың арасында тұрмыс құрғандар мен екі-үш баланың анасы да бар деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ порталы Sputnik Қазақстан агенттігіне сілтеме жасап.

Фото: Sputnik/Тимур Батыршин
Фото: Sputnik/Тимур Батыршин: Instagram

Жедел қимылдайтын арнайы жасақтың инспекторы Айгерім Нұрболат взвод жылына екі рет сынақтан өтетінін айтты. Онда 100 метрге, 800 метрге жүгіру сияқты физикалық дайындығы мен оқ ату шеберлігі тексеріледі екен.

Одан бөлек, тұрақты түрде психологпен сабақ өтіп тұратыны белгілі болды.

Айгерім Нұрболаттың айтуынша, бұл взводтың құрылу мақсаты – халықаралық канондарға сай әйел қылмыскерлерді ұстау. Қылмыс жасаған әйел ұсталған жағдайда изоляторға жеткізуге де қыздар қатысады.

Сонымен қатар қыздар жасағы қазір блок бекетте қоғамдық тыныштықты сақтауға жұмылдырылған. Концерт, футбол ойындары секілді адам көп шоғырланған жерлерге де бұйрықпен жіберіледі.

"Аптасына екі рет командирмен бірлесіп сабақ өтеміз, заңға өзгеріс енгізілсе, соны талқылаймыз. Апта сайын тауға шығамыз, тауға шыққан уақытта қандай тәсілді қолдану керектігі айтылады. Карантин кезінде тауға шығып жүрген жоқпыз, ал оған дейін тоғайға барып жүгіреміз не болмаса тауға шығамыз", - деді арнайы жасақтың инспекторы.

Жасақ құрамына қабылдау үшін қыздардың бойы 170 см-ден жоғары болып, заң туралы білімі, спортта жеткен жетістіктері, спорт шеберіне үміткер болуы қажет.

Фото: Sputnik/Тимур Батыршин
Фото: Sputnik/Тимур Батыршин: Instagram

Барлық талаптарға сай болғандардың бірі – жасақ құрамына алғаш болып қосылған Әсем Байболатова.

29 жастағы ол Жамбыл облысы Байзақ ауданында өмірге келген. Әсем 2009 жылы Алматы қаласындағы ішкі істер министрлігінің академиясына оқуға түсті. Оқуды бітірген соң Бостандық ауданы ішкі істер бөлімшесіне тергеу қызметінде екі жарым жыл жұмыс істеген екен. 2019 жылдың маусымына дейін сол аудандағы әкімшілік практика қызметін атқарды.

"Жылдам қимылдайтын арнайы жасақта қыздар взводының ашылғанын естіп, құжат жинауға кірістім. Ең алдымен қызметкердің спортқа деген қызығушылығына баса назар аударады. 2008 жылы Қазақстан чемпионатында қол күресінен жеңімпаз болып, спорт шеберін орындадым. Қызметтің ашылғанын ести сала, осында келдім. Спорттағы жетістіктерімді көрсеттім. Сол арқылы қабылдап алды", - дейді Байболатова.

Жамбылдық ару осы қызметке келгеннен соң практикалық атуды тереңірек меңгеріп, жарыстарда жүлде алып жүр.

"Осы қызметке қатты қызықтым. Арнайы күште жұмыс істейтін қыздарға қызыға қарайтынмын. Бізде осы взводтың ашылғанын кадр бөлімінен естіп, бірден келдім. Өзім қылмыскерлерді ұстау, қажет жерінде күш қолдану секілді қимылдарды көргім келді. Қыздардың қабілеті жедел жасақта қызмет етуге жеткілікті, тіпті ер адаммен салыстырғанда қыздар барлығына аса жауапкершілікпен, мұқият қарайды. Сонымен қатар қыздар шыдамдырақ келеді. Қыздардың бұл салада қызмет еткенінді тұрған ештеңе жоқ, істі тиянақты орындайды", - дейді ол.
Фото: Sputnik/Тимур Батыршин
Фото: Sputnik/Тимур Батыршин: Instagram

Қасенова Саида – бокстан Қазақстанның жеті дүркін чемпионы, Азия чемпионы, Азия ойындарының күміс және қола жүлдегері, әлем кубогінің қола жүлдегері, ең алғаш Олимпиада ойындарына лицензия алған қазақ қызы. 2012 жылы Олимпиада ойындарында 5-орын алған спортшы 2020 жылдан бастап жедел жасақ құрамында жаттықтырушы болып қызмет етеді. Бокстан кейін аралас жекпе-жектен Қазақстанның чемпионы атанған Саида қыздардың физикалық дайындығын жаттықтырады.

"Әр қыздың өз мінезі бар. Тіпті арнайы жасақта жұмысқа анау-мынау қыз келе бермейді. Алдына мақсат қойып соған жете алатын мінезді, сабырлы қыздар жұмыс істейді. Сол себепті әрқайсысымен жұмыс істеу арқасында кімнің қай спортқа деген қабілеті, құштарлығы бар екенін анықтап, жеке-жеке жұмыс істейміз. Бірі бокста мықты, бірінің жүгіру, күресуге икемі бар. Болашақта біраз жарыстан жылдам жасақ қыздарын көріп қаласыздар", - дейді Қасенова.
Фото: Sputnik/Тимур Батыршин
Фото: Sputnik/Тимур Батыршин: Instagram

Алты жасынан бастап спорт пен өнерді бір арнаға тоғыстыра білген Қарашаш Есдәулетова Алматы облысы Ұзынағаш ауылында туған. Әкесі мен анасы – самбошы, спорт шебері. Бала күнінен сұлулық байқауларында топ жарған Қарашаш, фотомодель болып, арасында киноэпизодтарға шақырту алған. Ал 2020 жылдың басынан бері жедел жасақ құрамына қабылданып, осы салада жұмыс істеп жүр.

Фото: Sputnik/Тимур Батыршин
Фото: Sputnik/Тимур Батыршин: Instagram

Ол – жүзуден, еркін күрестен спорт шеберіне кандидат, дзюдо мен самбодан спорт шебері, самбодан Алматы қаласының бірнеше дүркін чемпионы, жеті дүркін Қазақстан чемпионы, Азия чемпионы. 

"Ішкі істер органдарында оның ішінде жедел жасақта жұмыс істеуді бала күнімнен армандадым. Себебі менің ағаларым осы жерде жұмыс істеді. Америкалық фильмдерді көріп, бізде де осындай арнайы жасақ, әскери бөлім болғанын қаладым. Ашылғанын естіген кезде жүгіріп келдім, жер тістесем де осы жұмысқа орналасамын дедім. Мен үшін бұл жер лагерь секілді, жаным рақат табады", - деді Есдәулетова.
Фото: Sputnik/Тимур Батыршин
Фото: Sputnik/Тимур Батыршин: Instagram

Оның сөзінше, жұмыс кезінде көзге түсетін сырға тағып, тырнақты қанық түске бояуға болмайды. Соған қарамастан, форма мен әскери аяқкиімді де жақсы көремін, дейді ол.

"Барлық жағдай жасалған. Спортпен айналыс та, еліңді, жеріңді қорға, қызмет ет. Үнемі халқым үшін туған қызбын деп ойлайтынмын. Спортта да сондай қағиданы ұстандым. Блок бекетте болсын, ұстау секілді операцияларға барғанда да халқым үшін жасап жатырмын деген ойда боламын", - деді Қарашаш.

Ол жұмысқа түнгі үште де, жұмыстан тыс мезгілде, кез келген уақытта шақыруы мүмкін екенін жасырмады.

"Кез келген уақытта шақыртып алады. Тіпті көшеде кетіп бара жатқанда, "тревога" десе, үй киіміңмен кетесің. Үйге барып шығайын деген әңгіме мүлдем айтылмайды. Бұл біздің екінші үйіміз. Біраз уақыт бұрын дүкенге бара жатқанымда, хабарласты. Содан бірден такси тоқтатып, базаға келдім. Отбасым бұған үйреніп кеткен", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1858144-kyzdar-sydamdyrak-keledi-arnajy-zasakty-arulary-asyk-skbat-berdi/

pixel