Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Үшінші емі еді": Телепродюсер Бейсен Құранбектің дертпен қалай күрескенін айтып берді

Опубликовано:

Бейсен Құранбек жүргізген "Айтуға оңай" мен "Қаракет" бағдарламаларының продюсері Әлия Құдайберген белгілі тележүргізушінің ауыр дерті туралы бар шындықты айтты. Ол қаламы қарымды журналист емделіп жүрген кезде әркез қасынан табылып, соңғы күнге дейін оған барынша қолдау білдіріп келген деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Фото: Instagram/aliya.kudaibergenova. Коллаж: KAZ.NUR.KZ
Фото: Instagram/aliya.kudaibergenova. Коллаж: KAZ.NUR.KZ: Twitter

Әлия Құдайберген телевизия саласындағы ағасын соңғы мәрте ауруханаға апарған кезі мен онымен аяққы рет кездескен сәтін еске алды. Телепродюсер белгілі журналистің қасында екі сағат отырып қайтып, оған ертесіне келуге уәде берген.

Ол Instagram парақшасында жан сырын ақтарып, Бейсен Құранбекке жантебірентерлік жазба арнады.

"Аға, мен сізді жылап емес, жайнап-жадырап еске аламын, енді. Сіз соны үйреткенсіз! Сіз өлімді де қасқайып қарсы алып, ешкімге ешнәрсе сездірмей, жарқылдаған күйі кете салдыңыз! Соңғы рет ауруханаға алып бара жатқанымда, әпекем екеумізді екі жағыңа сүйеу қып, үйден шықтыңыз. “Әй, кіші жүздің қыздары мықты ғой!” дедіңіз, аяғыңыздың әлсірегенін білдірмей.

“Аға, осы сынақтан өтуіңіз керек, қалай да. Сіз деген мықтысыз ғой!” дегеніме, “Басқа амал бар ма, Әлеке?!” дедіңіз. Аурухана “Справкаңыз жоқ, соны әкеліңіз, сосын қабылдаймыз” деді. Мен қызуқандылыққа салып: “Не деп отырсыңдар! Жатады. Әкелеміз сосын” деп, басшылығының нөмірін тере бергенімде “Әлеке, қой өйтпе. Заң бәріне ортақ, қайтайық, сосын келерміз” деп, қанша ауырып тұрсаңыз да, артқа қайттыңыз. Мен таңғалдым! Бұл үшінші емі болатын. Адам да осынша әділетті бола ма, жаным-ау!

Бар қазаққа алғыс айтам. Бар қазаққа көңіл айтам. Ол кісі қазағын өлердей сүйді. Әр қазақ оның жалғызы еді. Сау болыңыз, ағам менің. Соңғы рет екі сағат жаныңызда отырып, қайтарымда “аға, сау болыңыз, келем ертең де” деп, қолыңызды қысқаным есімде. Бетіңізден сүюге де қысылып ем. Сіз мұңайып қалмасын деп" , - деп жазды ол.

Әлия Құдайберген мен Бейсен Құранбек "Айтуға оңай" мен "Қаракет" бағдарламалары кезінде бірге жұмыс істеген. Телепродюсердің айтуынша, тележүргізуі өзіне туған ағасындай болып кеткен. Ол марқұм журналист емделіп жүрген уақытында ешкімге әлсіздігін білдірмеуге тырысқанын айтып берді.

"Барған сайын ел-жұрттың, біздегі балалардың жағдайын сұрадыңыз. Әлеуметтік желідегі бар жақсы тілекті, жақсы пікірді өзіңізге ерінбей оқып беретінмін. “Жақсы сөз, жақсылық көрсем көңілім босай беретін болды. Мен сол адамдарға не жақсылық жасадым?” деп ризашылығыңызды айтатынсыз.
Жаныңызға жақындауға, тіке қарап сөз айтуға, артық суретке түсуге қымсынатынбыз. Сіздегі мейірімге толы сұс та бөлек еді! Айта-айта жүрсін деген екенсіз да! Он жыл араласқанда Құдай ақы дейін, бір рет әлсіздігіңізді, жаман қылық, олқы тұсыңызды көрмеппін ғой! Сіз жап-жарық едіңіз! Сіз кеткелі дүние түнеріп, біртүрліі бәрі баяғыдай болмай қалғаны болмаса. Сіздің бар болмысыңыз жақсылықтан, ізгіліктен тұратын. Сол бізге аманат! Біз сіздей болуға тырысамыз, аға" , - деді телепродюсер.

Оған қоса, ол елі сүйген ақпарат өкілінің жаназасына келіп, оны қайғыра жоқтаған халықтың қарасы көп болғанын жеткізді.

"Миллиондар егіліп отыр. Миллиондардың сіз кеткелі көз жасы бір тиылған жоқ. “Біз енді не істей аламыз, Бейсенжан үшін, қарағым айтшы!” дейді, апа-аталарыңыз. Жарқырап кеп, жарқырап кете салдыңыз. Айтарым көп, жазарым көп, мөп-мөлдір естеліктерім көп, көкейімде. Кеше ақ жауын себелеп шығарып салды өзіңізді, аға.

Ол сіздің жаныңыздан тамған аппақ нұр екенін сезіп тұрдым. “Қойыңдар жылай бермей” деген үніңіз келді, құлағыма. Егілмеген адам қалмады, сіздің үйдің алдында. Түсім сияқты да, аға осының бәрі. Бірақ, күңірене бермеймін, ағамды жүрегіммен жіберейін мәңгілік мекеніне деп шештім, жаным ағам! Тұтас қазақ даласы, дүйім жұртта сол қимастық... Олай жиналған, олай күйзелген нөпір халықты бірінші рет көрдім!

Жарқыраған, маңдайын Құдай жарқыратып қойған Бейсен ағам, ол жақта да жарқырап жүретініңізге имандай сенем! Сіз ешнәрсені уайымдамаңыз. “Апам, әкем, шешем үшін Құдайдан он-он жасымнан 30 жасымды берші деп, жалындым, Әлеке” деп едіңіз ғой, өткенде Жапонияға кетерде. Сізді Алла мына бірі өтірік, бірі шын, әділетсіздеу дүниеге жақсылықтың, мейірімнің жаршысы қып жіберген екен!

Демек, Құдайдан берілген миссияны асыра орындап кеттіңіз. Адал достарыңыз, аға-іні, әпке-қарындастарыңыз тік тұрып қызмет етті, кермек жасын ішіне жұтып жүріп. Гүлмирадай асыл, парасатты жарыңыз тұрғанда, біз сіздің шаңырақтың бір қызымыз, бір баласымыз. Алла сіздің көрмеген жақсылығыңызды артыңызда қалған бауыр, жар, балаларыңызға берсін!

Өзіңіз бастап берген “Мейірім керуені” жалғасады! Біз жақсы адам болуға жанымызды саламыз, Сіз тұр жанымызда деп! Мен соған сөз берем, адамзаттың асылы! Сіздегі жауапкершілік қандай еді, тазалық ше! Асығыс жүріп, уақытпен жүріп, бір минутыңызды да бекерге сарп етпепсіз ғой, ойлап отырсам. Ой, Алла. Сіз 100 жасадыңыз, аға! Игі істеріңізбен" , - деп жазды Әлия Құдайберген.

Ең маңызды әрі қызықты жаңалықтарды біздің Telegram арнамыздан оқыңыздар!

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1856738-bl-sinsi-emi-edi-teleproduser-bejsen-kranbekti-dertpen-kalaj-kreskenin-ajtyp-berdi/

pixel