Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Доцент Қыдырбаев: Қазақ жазуына диграф жарамсыз

Опубликовано:

Қазақcтан әліпбиін кирилден латын графикасына көшіру туралы саяси шешім қабылдағалы бері латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің көптеген нұсқасы жасалды. Бірнешеуі үкіметке қарауға ұсынылды. Алдымен диграф нұсқасы ұсынылып, бұл нұсқа халық арасында қолдау таппады. Содан кейін кей дыбыстарды апостроф арқылы таңбалауға негізделген екінші жоба ұсынылды.

ааааа

Бұл жобаны да халық қолдамады. 2018 жылы 22 қаңтарда Қазақстан «Ғалымдар одағының» мүшелері Елбасы Н.Ә. Назарбаевқа ашық хат жолдап, апострофсыз жаңа латын әліпбиінің нұсқасын ұсынды. Осы жылдың 19 ақпанында ҚР Президенті жарлығымен жаңа әліпби бекітілді. Бұл әліпбиде ғалымдардың «бір дыбыс – бір таңба болсын» деген ұсынысы ескеріліп, апострофты акут диакритикасына ауыстырды. Алайда Елбасы бекіткен әліпбиі туралы: «Бұл – жаңа әліпби. Жаңаның аты – жаңа, ол іс жүзінде тексерілмеген. Сондықтан жаңа әліпбиді сөз құрамында, мәтін құрамында, жазуда, айтуда егжей-тегжейлі зерттеп, қолданыста қалай болатынын білу керек, кем-кетіктерін толықтырып, жетілдіру керек», – деп шегелеп айтты. Алдыңғы қолдау таппаған диграф және апостроф нұсқалары пернетақтадағы 26 түймеге негізделсе, акут нұсқасы 30 түймеге негізделді. Демек, Елбасы өзінің соңғы бекіткен «бір дыбыс – бір таңба» нұсқасын жетілдіруге жол ашты. Арада бірнеше уақыт өткеннен кейін бекітілген әліпби сөз құрамында, мәтін құрамында, жазуда, айтуда егжей-тегжейлі зерттеліп, іс жүзінде тексерілгеннен кейін, көптеген кемшіліктері анықталды. Түрлі сала ғалымдары тарапынан мақалалар жазылып, кемшіліктері жеке-жеке көрсетіліп жүрді. Латын графикасымен жазылған жарнамалар, мекеме, дүкен т.б. атаулары қалың көпшілік тарапынан үлкен сынға ұшырады. Осындай сындарға көңіл бөліп жүрген ҚР Президенті Қ.К. Тоқаев 2019 жылы 21 қазанда: «Әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына екі жылға жуықтады. Бірақ қарпімізде әлі де олқылықтар бар. Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіруі керек», – деп, Мәдениет және спорт министрлігіне әліпбидің соңғы нұсқасын, яғни «бір дыбыс – бір таңба» нұсқасын жетілдіру жөнінде тапсырма берді. Президенттің тапсырмасынан кейін онға тарта әліпби жобалары талқыланды. Жоба ұсынушылар арасында қазақ тілі дыбыстарын пернетақтаның 26 түймесіне сыйдырғысы келіп жүргендер де бар. Олар қазақ тіліне тән дыбыстар мен кейбір ортақ және кірме дыбыстарды диграф, триграфтар арқылы шешкісі келген. Диграфты жақтаушылардың арасында әліпбиге, тіпті орыс тілінен күштеп енгізілген ч, ю, я, щ әріптерін де енгізіп, оларды /ch/, /jw/, /ja/ диграфтарымен, щ әрпін /sch/ триграфымен, ал дауыссыз [ж] дыбысын /zh/, дауысты [ә], [ө], [ү] дыбыстарын /aa/, /oe/, /ue/ диграфтарымен бергісі келіп жүргендер де бар. Я, ю әріптері й+а, й+у қосар дыбыстарының таңбасы. Бұл қосар дыбыстар латын графикасын қолданатын түркі тілдері мен өзге де шетел тілдерінің бәрінде дерлік ажыратылып жазылады және бұл екеуіне арнайы таңба да, диграф та берілмеген. Мысалы Саян таулары атауындағы я әрпі ағылшын тілінде Sayan, португал тілінде Saian, дат тілінде Sajan, әзербайжан, түрік, өзбек тілдерінде Sayan деп, ал Юрий есіміндегі ю әрпі ағылшын тілінде Yuri, португал тілінде Iuri, итальян тілінде Jurij, әзербайжан, түрік тілдерінде Yuri, өзбек тілінде Yuriy деп ажыратылып жазылады. Демек бұл екі әріптерді әліпбиде арнайы диграфпен белгілесек те, белгілемесек те я мен ю әріптерінің дыбысы аталған мысалдардағыдай jw, ja болып ажыратылып жазылмақ. Олай болса бұл екеуіне әліпбиден арнайы орын берудің қажеті қанша. Бекерге әліпби құрамындағы әріп санын көбейтіп тұр емес пе? Төл ащы, тұщы, кеще сөздеріндегі және Ющенко секілді өзге ұлт есімдеріндегі щ әрпін триграф арқылы енгізу де әліпбиді басы артық әріппен толтыру болмақ. Өйткені бұл әріп ш+ш қосар дыбыстың таңбасы. Бұл дыбысты ащы, тұщы, кеще сөздерінде ашшы, тұшшы, кешше деп, ал Ющенко есіміндегі щ-ны ш арқылы Юшенко деп бейімдеуге болады. Сонымен қатар дауысты [ә] дыбысына /аа/, [ү] дыбысына /ue/, [ө] дыбысына /oe/ диграфтарын берген жобалар да бар. Мұның адыңғы ұсынылған әліпбидегі диграфтардан айырмашылығы [ә] дыбысына /аа/ диграфы берілген. Оны жоба авторлары cәбіз, Нәби секілді сөздердің жазылуы орыс тілінде анайы көрінгендігімен, сол себепті де халықтың бұл диграфқа қарсы шыққандығымен түсіндіреді. Мұндай сөздер орыс тілінде анайы көрінбеуі үшін [ә] дыбысына /аа/ диграфын берген. Алайда мұнда жуан дауысты дыбыстардың таңбасына /е/ таңбасын қосу арқылы оларды жіңішкерту ережесі бұзылып тұр, яни мұндай сөздерді орыс тілінде анайы көрсетпейміз деп, ое, ue жүйесін бұзып тұр. Қазақ халқы диграфқа cәбіз, Нәби сөздері үшін емес, жалпы диграфтардың тіл табиғатына үйлеспейтіндігінен қарсы шыққан болатын. Ал cәбіз, Нәби секілді сөздердің жазылуы оған қосымша тұздық болды деуге болады. Акут нұсқасындағыдай [х], [һ] дыбыстарына /h/ таңбасын, ал [ш] дыбысына [sh] диграфын беру акут нұсқасындағы үлкен кемшіліктердің бірі болатын. Өйткені қазақ тілінде [с] және [х] дыбыстары қатар келетін жекелеген сөздер мен кісі есімдері, кейбір жат сөздер бар. Нәтижесінде асхана, т.б. сөздер мен Досхан, т.б. есімдер ashana, Doshan деп жазылып, ашана, Дошан болып оқылуы мүмкін болды. Шеттілдік пасха (діни мереке), паша (титул) сөздері pasha, pasha болып бірдей жазылмақ. Қайсысы паша, қайсысы пасха екенін ажыратып көріңіз. Сонымен қатар екі түрлі ұғымды білдіретін шеттілдік схема, шема сөздері shema, shema деп деп бірдей жазылмақ. Тілімізде /н/ және /г/ әріптері қатар келетін жекелеген сөздер кездесетіндіктен [ң] дыбысына /ng/ диграфын беру де тиімсіз. Ондай жағдайда күнгі, көнгім сөздері küngi, köngim деп жазылып күңі, көңім деп оқылуы мүмкін. Ескере кетерлік жайт өзбек тіліндегі [ң] дыбысына Кеңес кезінде кирилдегі /нг/ диграфы берілген болатын. Қазіргі қолданыстағы латын графикалы әліпбилерінде де /ng/ диграфын берген. Нәтижесінде өзбектердің арасында қазір [ң] дыбысын [ңг] деп дыбыстайтындар бар. Оны өзбек тіліндегі rengi, tilingiz, olingiz т.с.с. сөздерінің дыбысталуынан байқауға болады. Сол сияқты [х], [һ] дыбыстарына латын графикасындағы /h/ таңбасын [ж] дыбысына /zh/ диграфын бергісі келетіндер де бар. Қазақ тілінде [з] және [х] дыбыстары қатар келетін есімдер мен сөздер де кездеседі. Сонда Оғызхан, Қазхан, Қырғызхан есімдері Oğyzhan, Qazhan, Qyrğyzhan деп жазылып, Оғыжан, Қазан, Қырғыжан болып, қымызхана сөзі qymyzhana деп жазылып, қымыжана деп оқылуы мүмкін. Ал Матыжан, Аяжан, Алмажан есімдері Matyzhan, Aiazhan, Almazhan деп жазылып, Матызхан, Аязхан, Алмазхан деп оқылуы мүмкін. Ц әрпін енгізіп, оған латын графикасындағы /Сс/ таңбасын, ал /ч/ әрпін енгізіп /ch/ диграфын берген жағдайлар бар. Мұндай жағдайда ц және х әріптері қатар келетін Цхай, Цхинвал, Цхададзе секілді шетелдік жалқы есімдер Chai, Cheenval, Chadadze деп жазылып, Чай, Чинвал, Чададзе деп оқылуы, ал Chapai деп жазылған Чапай есімі Цхапай деп оқылуы мүмкін. Ц, ч әріптері орыс тілінен күштеп енгізілгендіктен және бұл екі әріптің дыбысы қазақ тіліне оңай икемделетіндіктен, бұл екеуін әліпбиден мүлдем алып тастаған жөн. Қазақ дыбыстарын диграфтар, триграфтар немесе басқа да жолдар арқылы пернетақтаның 26 түймесіне құрсағысы келіп жүргендердің негізгі уәждері қаржы үнемдеу, бес мыңға жуық халықаралық терминдер мен сауда маркаларын ағылшын тіліндегідей жазу және осы арқылы жаңа технологияны игеру, тіпті араларында орыс тіліне игерілген халықаралық терминдерді орыс тіліндегідей жазуды мақсат қойғандар да бар. Біздің ойымызша, соншама терминді ағылшын тіліндегідей жазу дегеніміз, ықпалынан құтыла алмай жүрген орыс тілінің орнына екінші ықпалды тіл ағылшынды қоя салғанмен бірдей. Қандай да бір тілдің дыбыстарын ағылшын тіліне арналған 26 түймелі пернетақтаға негіздеу, жаңа технология игерудің тетігі бола қоймас. Оның мысалы Африка құрлығындағы латын графикасын қолданатын бірнеше тілдің әліпбиі диграф, триграфтар арқылы пернетақтаның 26 таңбасына негізделгендігі. Одан алға шығып, жаңа технологияның түт-түрін игеріп, әлемді аузына қаратып отырған Африка елдері байқалмайды. Кемеңгер А.Байтұрсынұлы қазақ әліпбиін жасауда дәйекшемен ғана шектелмеген. Дәйекше жуан дауыстылардың жіңішке сыңарларына қолданылса, қалған жағдайларда, яғни дәйекше тура келмейтін төл дыбыстарымызды таңбалауда араб графикасын қолданатын өзге тілдердің тәжірибесіне жүгіне отырып, көлбеу сызық, үтір, құсбелгі, үш ноқат секілді араб графикасына тән бірнеше диакритикалық белгілерді қолданған. А.Байтұрсынұлының төте жазуы өз заманында араб графикасын қолданатын өзге де түркі халықтарының әліпбилері арасындағы ең озық әліпби саналғаны белгілі. Әліпби жасауда А.Байтұрсынұлының сара жолын ұстанамыз десек, диакритикалық белгілерден қашқақтаудың реті жоқ. Төл дыбыстарды диакритикалық белгілер арқылы беру араб графикасында ғана емес, әлемдік тәжірибеде бар дүние. Мысалы, латын графикасын қолданатын испан тілінде екі әріпте, швед, неміс, фин тілдерінде үш әріпте, эстон тілінде төрт әріпте, итальян, француз, румын, словен, хорват, түрік тілдерінде бес әріпте, венгер, литва тілдерінде тоғыз әріпте, латыш, чех тілдерінде он бір әріпте, словак тілінде он үш әріпте бар. Аталған тілдердің арасында дамыған үлкен сегіздікке кіретін елдердің (Германия, Франция, Италия) тілі де, БҰҰ-ның ресми тілі саналатын француз, испан тілдері де бар. Ұлттық дыбыстарының диакритикалармен әрленген таңбалары дамыған сегіздікке кіруге де, тілдерінің БҰҰ-ның ресми тілі болуына да кедергі болып отырған жоқ. Тіпті кейбір Шығыс Еуропа тілдерінде ұлттық дыбыстарды таңбалау үшін оннан аса әріпке әртүрлі диакритикалық таңбалар қосылған. Сондықтан латын графикасына неразделенный қазақ әліпбиінде жазу тұрқын созатын диграфтар мен триграфтардың болуын жөн көрмейміз. Қорыта келе айтарымыз, ұлттық әліпбиімізді жасауда мүлдем туыстығы жоқ ағылшын тілінің 26 әрпіне бейімдеген пернетақтадағы таңбаларға қосақтамай, қазақ әліпбиінің атасы А.Байтұрсынұлының «Әріпке бола тілді бұзбайды, тілге бола әріпті бұзып өзгертуге болады» деген ұстанымын басшылыққа ала отырып, қазақ сөзінің түбір, буын, морфем айтылымын сақтайтын ең дұрыс, ең тиімді әліпби жасағанымыз жөн. Жоғарыда айтқанымыздай Еуропаның қаншама елдері «әріпке бола тілдерін бұзбай, тілдері үшін 26 әріпті бұзып» диакритикалық таңбалар арқылы ұлттық нақыштағы әліпбилерін жасап алды. Кейбір IT мамандары латын графикасына негізделген әліпбидің тек апострофтан басқа диакритикалық белгілер арқылы жасалған нұсқалары еш қиындық туғызбайды, өйткені қазір технология күн санап дамуда дегенді айтып отыр. Олай болса технология шарықтап дамыған XXI ғасырда әліпби ауыстыру жазған екен, сол мүмкіндікті барынша тиімді пайдаланып, технологияны Мәңгілік елдің мәңгілік тіліне, мәңгілік тілдің «бір дыбыс – бір таңба» қағидасына негізделетін мәңгілік әліпбиіне бейімдейік.

Қ.Қыдырбаев, Нұр-Мүбарак университетінің доценті

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1837614-bir-dybys-bir-taba-tehnologiany-mgilik-lipbige-kalaj-bejimdejmiz/

pixel