Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қызылорда облысында мемлекеттік сатып алу кезіндегі әділетсіздік соңы сотқа ұласты

Опубликовано:

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында салынуы тиіс 600 орындық мектеп құрылысы мердігерлердің дауына ұласты. Маусым айында мемлекеттік сатып алу басқармасы өткізген конкурс нәтижесі бойынша «Өмірзақ» ЖШС жеңімпаз деп танылған. Алайда, тендерден үмітті болған тағы бір мердігер компания мемлекеттік сатып алу барысында өрескел қателіктер кеткенін айтып отыр деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Қызылорда облысында мемлекеттік сатып алу кезіндегі әділетсіздік соңы сотқа ұласты
Видеодан алынған кадрлар: 24.kz: Facebook

«Промстройсервис Е» ЖШС директоры Манарбек Еспенбетовтің айтуынша, биыл мектеп құрылысы бойынша 500 млн теңге игерілуі тиіс болатын.

Мектеп құрылысына жауапты «Өмірзақ» ЖШС жұмысты бастап та кеткен. Алайда, тендер барысында аталған компанияның жалған құжаттар ұсынғаны анықталды.

«Тендер кезінде «Өмірзақ» ЖШС-нің құжаттары күмән туғызды. Атап айтар болсам, аталған фирманың қосалқы мердігер компания ретінде 2009 жылы жұмыс істегені көрсетілген. Бұл көкейде көп сұрақ қалдырған соң, біз биылғы жылдың тамыз айында бас мердігерге хат жолдадық. Нәтижесінде, «Жабдықтау» ЖШС бізге аталған фирманың жұмыс істемегендігі туралы ресми жауап жіберді. Яғни, олар қосалқы мердігер ретінде жұмыс атқармаған. Сондай-ақ, бас мердігер құрылыс нысанын қабылдау кезіндегі мемлекеттік актіні көрсетті. Сол құжатта да «Өмірзақ» ЖШС туралы мүлде ақпарат жоқ. Демек, мектеп құрылысына қатысты конкурсты жеңіп алған мердігер компанияның жалған құжат жасағаны айдын анық», - дейді Манарбек Еспенбетов.
Қызылорда облысында мемлекеттік сатып алу кезіндегі әділетсіздік соңы сотқа ұласты
Манарбек Еспенбетов: Twitter

Осыған орай, «Промстройсервис Е» компаниясы құзырлы органдардың барлығына хат жолдап, бұл мәселені тексеруді сұрайды.

Алайда, Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы, облыстық ішкі аудит департаменті, Қаржы министрлігі мен Бас прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен ҰҚК бұл өтінішті қараусыз қалдырған. Содан соң, мердігер компания сотқа жүгінуге мәжбүр болған.

«Қыркүйек айында Қызылорда облыстық ауданаралық экономикалық сотына шағым түсірдік. Сотта бас мердігер «Жабдықтау» ЖШС мемлекеттік актінің түпнұсқасын судья Б. Елшібековке көрсетті. Бірақ мұны ешкім де ескермей, шағымымызды қанағаттандырған жоқ. Керісінше, қарсы тарапқа 0,5 ұпай қосып берді. Біз өз құқығымызды пайдалана отырып, судья шешіміне аппеляция жаздық. Сот отырысы 25 желтоқсанға белгіленген. Алайда, көкейде қорқыныш көп. Себебі, бізге мәлім ақпарат көздерінен барлығы алдын ала шешіліп қойғанын естідік», - дейді «Промстройсервис Е» басшысы.

Ал Қызылорда облысының мемлекеттік сатып алу басқармасының өкілі 24.kz арнасына берген сұхбатында "бұл іске араласа алмайтындарын" жеткізген.

Олар тендер заңнамасын анықтауға барған арна тілшілерін табалдырықтан аттатпай, барлығын құрылыс басқармасына сілтей салыпты.

"Біз өткізіп бердік. Нәтиже шықты. Олар келісім-шартқа отырды. Әрі қарайғы іс-әрекетіне араласа алмаймыз", - дейді құзырлы орган мамандарының бірі.

Бұл мәселеге қатысты тапсырыс беруші құрылыс басқармасы да пікір білдірген.

Мекеме басшысы жарты млрд теңгені қалай да игеретіндерін алға тартыпты.

Құрылыс саласында бірнеше жылдан бері өнімді еңбек етіп жүрген «Промстройсервис Е» компаниясы осы мәселені аяқсыз қалдырмау үшін күресуге дайын.

Тіпті, ел президентіне де үндеу жолдады. Дегенмен, әзірге нақты шешім әлі жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1832517-kyzylorda-oblysynda-memlekettik-satyp-alu-kezindegi-diletsizdik-soy-sotka-lasty/

pixel