Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Шалқарлық баскесерлердің" бірі Маңғыстау түрмесінен видеоүндеу жолдады

Опубликовано:

Ақтөбе облысы Шалқар ауданында үш келіншекті зорлап, өлтіргені үшін сотталып, жазасын Маңғыстау облысындағы қатаң режимді колонияда өтеп жатқан төрт азаматтың бірі түрмедегі ұстау жағдайларына шағымданып, видеоүндеу жолдады деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Фото: Видеодан кадр/ Youtube
Фото: Видеодан кадр/ Youtube: Facebook

БАҚ арасында "шалқарлық баскесерлер" деп аталып кеткен азаматтарға сот шешімі 2012 жылы шықты. Бұл топ төрт адамнан тұрған, ал оның ішінде үшеуі бір-біріне ағайынды бауырлар болып келеді.

Бүгінде солардың бірі, 23 жыл жазасын өтеп жатқан Ерлан Мамытов колониядан видеоүндеу жолдады.

Бейнежазба YouTube желісінде пайда болған. Онда түсірілім Маңғыстау облысындағы ГМ-172/6 мекемесінің аумағындағы тәртіптік изоляторда жүргізілгені айтылады.

Видеода азамат сотталғандарды түрмеде қандай жағдайда ұстайтынын көрсетеді. Нақтырақ айтқанда, ол кей камералардағы шаң басқан, бояуы кеткен едендер туралы сөз етеді.

Артынша Мамытов жөндеу жұмыстарынан кейінгі дәретхана мен су тамшылағандықтан, кранына шүберек байлап қойған жуынатын орынды көрсетеді.

"Мына дауыс мазаны алады. Шүберек сарғайып кетті, өйткені краннан таза емес су ағады. Ал біз оны ішеміз. Камераларда терезе де жоқ. Мұның барлығы біздің ағзамызға келеді. Мұнда өте лас. Біз осы шаңмен дем аламыз", - дейді ол.

Одан кейін Мамытов тамақ ішетін орынды көрсетеді. Оның сөзінше, сотталушылар отырып тамақтану үшін өз күртелерін төсеуге мәжбүр. Сондай-ақ, азамат серуендеуге арналған орында да жөндеу жұмыстары жоқ екенін айтады.

Үндеу жолдаушы егер өзіне бір жағдай болып қалса, колония басшыларын кінәлауды сұрайды.

Желіде жарияланған жазбаға қатысты ҚР ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінде пікір білдірді.

Ведомствоның баспасөз қызметі видеоның Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД ГМ-172/6 ең жоғары қауіпсіздік мекемесінде түсірілгенін, ал ондағы азамат Ерлан Мамытов екенін растады.

Ол 2012 жылы Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық соты үкімімен ауыр және аса ауыр қылмыстары (адам өлтіру, зорлау және адам ұрлау) үшін 23 жылға бас бостандығынан айырылған.

Комитетте аталған тұтқын жазаны өтеу режимін қасақана бұзушы деп танылғандығын, осыған байланысты қатаң жағдайда ұсталғанын хабарлады. Бірнеше рет режим бұзғаны үшін (24 жаза) ол тәртіптік изоляторға қамалған.

"Мамытов өзінің бейнеүндеуінде мекеменің коммуналдық-тұрмыстық жағдайы мен материалдық керек - жарақтарының жоқтығына шағымданады", - деп нақтылады ҚАЖК-де.

Ведомствода мекемелерде заттай және материалдық-тұрмыстық мүліктерді қамтамасыз ету тиісті деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

Дегенмен, ҚАЖК-де сотталушылар мемлекеттік мүлікке қасақана залал келтіріп, жиһаздар мен құралдарды бұзатынын да жеткізді.

Комитет ақпаратына сәйкес, бостандығынан айырылған азаматтарға бұрынғы әрекеттеріне қарамастан, жақсы жағдай жасалады.

Сонда да кейбір теріс пиғылды азаматтар ұстау режиміндегі жеңілдікке қол жеткізу үшін түрлі әрекеттерге, оның ішінде қоғамдық резонанс тудыруға барады.

Ал аталған видеомен танысқан соң мекемеге бірден комитеттің орталық аппараты қызметкерлері аттанып кеткен.

"Оған қоса, облыс мекемесіне тыйым салынған заттарды (ұялы телефондар) алып кіру бойынша қызметтік тексеріс жүргізілуде. Оның нәтижесінде, кінәлі қызметкерлер қатаң тәртіптік жазаға тартылады", - деп түсіндірді ҚР ІІМ ҚАЖК-де.

Айта кетейік, жантүршігерлік оқиға 2009 жылы басталған. Шалқарда сол уақытта жоғалып кеткен үш келіншек бір топтың құрбанына айналған.

Қылмыскерлер бірінші әйелді өзен жағасында ішімдік ішіп отырған сәтте ұрып- зорлап, артынан суға батырып жібереді.

Ал жергілікті мектептің жас мұғалімі қылмыскерлердің екінші құрбанына айналған. Қылмыстық топ оған зәбір көрсеткеннен кейін ұстаздың денесін өртеп жіберген.

Өңірге енді келген үшінші қызды азаматтар көшеден ұрлап кетіп, сүйікті су айдынына апарған. Онда бойжеткенді зорлап, тұншықтырып, артынан көміп тастаған.

2012 жылы шыққан сот үкіміне сәйкес, 32 жастағы Сағдат Қоразбеков пен 30 жастағы Жасұлан Мамытов өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Ал 27 жастағы Ерлан Мамытов (видеодағы азамат) пен 31 жастағы Нұрлан Мамытов 23 және 25 жылға түрмеге жабылған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1831333-salkarlyk-baskeserlerdi-biri-magystau-trmesinen-videondeu-zoldady/

pixel