Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қызылордада алты балалы ерлі-зайыптылар үйлену тойын 13 жылдан кейін жасады

Опубликовано:

Қызылордада ерлі-зайыпты Талғат Аманжолов пен Махаббат Қалыбаева үйлену тойын 13 жылдан кейін бір-ақ жасады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ "ҚазАқпарат" агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Көрнекі фото: pixabay.com
Көрнекі фото: pixabay.com: Facebook

Ерлі-зайыптылар 2006 жылы отау көтерген. Ол уақытта Талғат 21, Махаббат 17 жаста болған. Екеуі достарының тойында танысып, бір-бірін ұнатып қалады. Көп ұзамай қол ұстасып, отбасылық өмірге қадам басуға шешім қабылдайды.

Ұлдың кенжесі болғанмен, Талғат ешкімге салмақ салғысы келмеген. Бірақ өзімен қол ұстасып үлкен өмірге қадам басқан жұбайы Махаббатқа үйлену тойын кейін жасайтынына уәде берген.

Дегенмен, тұрмыс жағдайымен арада жылдар өтіп, сол уәдені орындаудың орайы енді келіпті.

"2006 жылы екі жақтың келісімімен Махаббаты алып қаштым. Жасыратыны жоқ, дүбірлетіп той жасауға шамамыз келген жоқ. Шаңырағымда тек беташар рәсімін атқардық. Мешітте заңды некемізді қидырдық. Сол сәтте Махаббатқа үйлену тойын жасап беруге уәде еткен едім. Сол уәдемді орындаудың орайы енді келді. Біздің бұл шешімімізге екі жақтың үлкендері қарсы келген жоқ. Бізге ақ батасын берді", - деді Талғат.

30 жылдан кейін ақ көйлек киген Махаббат өміріндегі ерекше күнде қорқыныш болғанын да жасырмады.

"Ата-анам мені дәстүрге сай қолдан ұзатқысы келді. Дегенмен жолдасым екеуміздің шешімімізге қарсы болған жоқ. Өздерінің батасын беріп, бізге ақжол тіледі. Кешегі тойда ата-анам ақ тілегін ақтарып, көзіне жас алып жатты. Әрине, менің қалыңдық көйлегін киіп, той төрінде отырған сәтімде ерекше сезім мен қобалжу болғаны жасырын емес. Жарымның кезінде неке қияр сәтте айтқан уәдесінде тұрып, осындай той жасап бергеніне риза болдым", - дейді Махаббат.

Отбасы мүшелері бұл тойға үш ай бойы дайындық жасаған.

"Бәрі де өзіміз ойлағандай болды. Той дәстүрге сай жөн-жоралғысымен өтті. Біздің тойымызға куәгер болған балаларымыздың да қуанышында шек жоқ", - дейді олар.

Аталмыш тойды басқарған жергілікті асаба Алмасбек Молжігітов алғашқыда өзіне ұсыныс түскенде қатты таң қалғанын айтады.

"Жалғыз анасына салмақ салмай, өзінің азаматтық қасиетін көрсеткен Талғат пен оның жігерін жықпай қолдау көрсеткен жары Махаббатқа ақ тілегін арнаған ағайынның саны аз емес. Мұны жас буынға өнеге ретінде көрсетуге болады. Қазіргі жастар қиындыққа төзе бермейді. Ас та төк той жасап, артынан жолы екіге ажырап кетіп жатқан отбасылар да кездеседі. Бұл - сондай жандарға сабақ болатын көрініс", - дейді ол.

Бүгінде бақытты отбасылық өмірде ерлі-зайыптылар тынбай еңбек етумен қатар ұрпақ өсіріп, алты балаға өнегелі тәрбие беруге көңіл бөліп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1830947-kyzylordada-alty-balaly-erli-zajyptylar-jlenu-tojyn-13-zyldan-kejin-zasady/

pixel