Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Нұрғиса Тілендиев атындағы "Өз елім" саз фестивалі мәресіне жетті

Опубликовано:

Бибігүл Төлегенова: "Нұрағаңның әндерін кез келген әнші орындай алмайды.

Халық қаһарманы, Кеңес Одағының және Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, композитор, дирижер, домбырашы Нұрғиса Тілендиев атындағы "Өз елім" саз фестивалі мәресіне жетті.Көзкөргендер өнер иесін "өмірде өте талапшыл болған" дейді. Сондықтан кіл мықтылардан жасақталған қазылар алқасы да байқауға қатысушыларға қатаң талап қойды десек, қателеспейміз. Өйткені Тілендиев туындылары жеңіл-желпі бағалауды көтермейді.

"Вокал" аталымы бойынша қазыларға жетекшілік еткен ән өнерінің падишасы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бибігүл Төлегенова айтқандай: "Нұрағаңның әндерін кез келген әнші орындай алмайды. Оған үлкен дайындық керек. Осы тұрғыдан алғанда, байқауға қатысқан әншілерге дән ризамын. Мен Нұрағаңның көптеген шығармасының бірінші орындаушысы болдым.Сондықтан да репертуарымдағы Нұрағаңның әндерін жастар орындағанда қатты қадағалаймын. Нұрағаң сегіз қырлы, бір сырлы жан еді. Өкінішке қарай, өмірден ерте кетті. Бірақ ол кісі соңына өлместей мұра қалдырған бақытты адам деп ойлаймын" деді Бибігүл Төлегенова."Вокал" аталымында қазылық еткен Нұрғали Нүсіпжанов, Қайрат Байбосынов, Алтынбек Қоразбаев, Нұржамал Үсенбаева, Ұлан Кенжебеков сынды қазақ өнері майталмандарының алдында ән салу үшін де жүрек керек. Ал Тілеуғали Қышқашбаев, Тұяқберді Шәмелов, Секен Тұрысбеков, Қошқарбек Тасбергенов, Нұрлан Хамзиндер "Домбыра" аталымында қазылық етті.

Біз Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық қазақ ұлт аспаптар оркестрінің көркемдік жетекшісі Тұяқберді Шәмеловті сөзге тарттық."Халықтың арасынан шыққан Нұрағаңның әуені халықтық әуенге жақын, әндері де, күйлері де құлаққа жағымды. Нұрғиса күйлері шертпе де емес, төкпе де емес, өзінше бір жеке мектеп. Шертпеде шертіп, ал төкпеде құйындатып ойнайды, ал бұл кісі шертіп келіп, құйындатады" деген ойымен бөлісті.

"Вокал" аталымында әйелдер вокалы бойынша бас жүлдені Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрының әншісі Бибігүл Жанұзақ жеңіп алды

"Дирижер" аталымындағы қазылар да осал емес. Астана қаласы мемлекеттік филармониясының халық аспаптар оркестрінің бас дирижері Айтқали Жайымов төрағалық еткен қазылар тобында "Отырар сазы" оркестрінің көркемдік жетекшісі, бас дирижері Дінзухра Тілендиева, Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық-аспаптар оркестрінің бас дирижері Жалғасбек Бегендіков бастаған майталмандар бар.Олай болар жөні бар, өйткені бұл - нағыз кәсіби өнерпаздар байқауы. Мұнда әуесқойлар үшін орын жоқ. Десек те, қазылар үшін кәсіби мамандар арасынан үздіктерді анықтау да оңайға түспепті. Дирижер Айтқали Жайымовтың айтуынша, осы жолы фестивальде бақ сынауға келген дирижерлер көп болды. "Бәрі мықты. Өздерін жақсы жағынан көрсете білді. Оркестрді басқару үшін жан-жақты білім мен дарын керек. Сондай жастарды көріп қуандым" дейді ол.

Сонымен, үш күнге ұласқан фестиваль жеңімпаздарының есімі "Конгресс холл" сарайында аталды.

Ал Астана қаласы әкімінің кубогі мен 1 200 000 теңгенің кімге бұйыратыны гала-концерттің соңына дейін құпия сақталды. "Вокал" аталымында әйелдер вокалы бойынша бас жүлдені Күләш Байсейітова атындағы опера және балет театрының әншісі Бибігүл Жанұзақ жеңіп алды.

Бірінші және екінші орындар астаналық Сымбат Тасбергенова мен Айзада Капоноваға табыс етілді. Үшінші орын алматылық Әсем Сембина мен астаналық Гүлсара Жазитоваға берілді.

Ерлер вокалында бас жүлдені Талдықорғаннан келген Есенгелді Ырза қанжығасына байласа, бірінші және екінші орындар алматылық Хамит Отарбаев пен Фархат Кубиевтерге, үшінші орын астаналық Ербол Семғалиұлына бұйырды."Домбыра" аталымында бас жүлде астаналық Сәттібек Баяқовтың бағы жанды. Бірінші орын Алматыдан келген Данияр Байжұмановқа, екінші орын Нұрғиса Дәуешевке бұйырды. Ал үшінші орынды оралдық Жарас Сатыбалдиев пен семейлік Дидар Исаханов бөлісті.

"Дирижер" аталымындағы бас жүлде алматылық Арман Жүдебаевтің қанжығасында кетті.

Бірінші орын астаналық Нұрлан Бекеновке, екінші орынды алматылық Жұмат Адай Ержанұлы иеленді. Ал үшінші орынға Ақтөбеден келген дирижер Елубай Кенжеғалиев пен көкшетаулық Әлихан Ыдырысовтар лайық деп табылды.

Өзге өнерпаздар арнайы дипломдармен марапатталды. Сонымен қатар қатысушылардың бірқатары Астананың өнер ұжымдары - Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ драма театры, Астанадағы қуыршақ театры, Астана жас көрермендер театры, Астана қаласының өнер мұражайы, "Қазақ әуендері" АҚ тағайындаған бағалы сыйлықтармен марапатталды.Марапаттау рәсімі саз байқауының жеңімпаздары мен қазылар мүшелерінің гала-концертіне ұласты. Бұл күні Бибігүл Төлегенова, Нұрғали Нүсіпжанов, Нұржамал Үсенбаевалар Нұрғиса әндерін шырқап, көрерменді әнмен әлдиледі. Ал Алтынбек Қоразбаев Нұрғиса Тілендиевке арнаған "Қараша қаз, қайдасың?" әнін орындады. Гала-концерт соңына қарай фестивальдің негізгі жүлдесі - әкім кубогі мен 1 200 000 теңгенің иесінің есімі аталды. Бұл сыйлыққа үш аталымда бас жүлдеге ие болғандар арасынан Талдықорған қаласындағы Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясында жеке дауыстағы әнші болып қызмет ететін Есенгелді Ырза лайық деп танылды.Есенгелдінің сахнада шырқаған "Абай арманы" әнінен кейін әкім кубогінің осы жігіттің қолында кететінін болжаған көрермен қателеспепті. Ал Есенгелдінің өзі дәл мұндай марапатқа ие боламын деп ойламаған екен. "Мен "Өз елім" саз фестивалінің бірінші байқауына дайындалғанмын. Кейін денсаулығыма байланысты қатыса алмадым. Ал осы жолы жақсы дайындықпен келдім. Бірақ бас жүлде аламын деп ойлаған жоқпын" дейді ол. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Шахмардан Әбіловтің класында білім алған Есенгелді Ырзаның бұған дейін де түрлі додаларда топ жарғанын білеміз. Ол 2003 жылы Күләш Байсейітова атындағы республикалық конкурста дипломант атанды. Үш жыл бұрын Мұқағали Мақатаевтың сөздеріне жазылған әндер байқауында бас жүлдені жеңіп алған-ды. Ал "Алтын дауыс" фестивалінде үздік баритон атанған.Фестивальдің жабылу салтанатында Дариға Тілендікеліні сөз алып, Нұрғиса атындағы саз фестивалін өткізіп келе жатқан Астана қаласы әкімдігіне алғысын білдірді: "Нұрағаң "Өнерлі таланттар ел ішінде" деп айтатын еді. Сол таланттардың осы байқауда өз шығармаларын ойнап жатқанын сезген Нұрағаң орнынан бір аунап түскен болар деп ойлаймын. Артына өлмес мұра қалдырған Нұрағаңның ән-күйлері ұрпақтан-ұрпаққа осылай жалғасып жатыр. Біз соған шүкіршілік етеміз" деді.

Қайталанбас тұлғаның қызы Дінзухра Тілендиеваның айтуынша, жақында Нұрғиса Тілендиев туралы төрт кітаптың тұсауы кесілмек.

"Әкемнің 60-70-жылдары шыққан "Жансәулем", "Алатау" және "Құстар әні" кітаптарын қайта бастырып шығардық. Өйткені ел жарты ғасыр бұрын шыққан сол кітаптарды көп сұрайды. Ал төртінші кітапты анам Дариға Тілендікеліні мен өнертанушы Жарқын Шәкәрім аға екеуі жазды. Бұл кітап әкемнің ғұмырбаянына арналады", - дейді Дінзухра Нұрғисақызы.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/180756-nyrgisa-tilendiev-atyndagy-oz-elim-saz-festivali-meresine-zhetti/

pixel