Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Атырау облысында жағдайы ауыр көпбалалы отбасылар атаулы әлеуметтік көмектен қағылған

Опубликовано:

Атырау облысының Құрманғазы ауданында бүгінгі таңға дейін 367 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілген. АӘК-ке өтініш беру әлі де жалғасып жатыр. Алайда жағдайы ауыр болса да, бұл көмекті ала алмаған отбасылар да бар деп хабарлайды Ақжайық басылымы.

Фото: Ақжайық
Фото: Ақжайық: Instagram

Қиын жағдайына қарамастан атаулы әлеуметтік көмекке ие бола алмай отырғандардың бірі Қуаныш пен Люся.

Ерлі-зайыптылар зейнеткер ата-анасымен және бес баласымен бірге тұрып жатыр. Бүгінде көпбалалы жанұя алтыншы сәбилерін күтіп отыр.

"Кемпіріміз екеуміз балаларға масыл болғандаймыз. Жолдасым Рыстының инсульт алып, төсекке таңылғанына 15 жыл болды, емдетуге біраз жерге апардық. Еш көмегі болмады, жолдасым ақыры аяғынан тұрып кете алмады, бірақ үмітімізді жойып отырғанымыз жоқ.
Екеуміздің зейнетақымызды қосқанда алатынымыз 140 мың теңге. Қайда жұмсайтынымызды есептеп көрелік. Ай сайын дәрі-дәрмекке 35-40 мың теңге жұмсаймыз, мұның сыртында күнделікті жөргектері тағы бар.
Бұл жерде өзімнің сырқатымды, емделуімді айтып отырғанымыз жоқ. Қалған ақшаға коммуналдық төлем, азық-түлік және бар. Біз басқа қажеттіліктерді мүлдем ұмыттық десек те болады. Сол кемпіріміз екеуміздің зейнетақымыз табыс болып есептеліп, балалар атаулы әлеуметтік көмектен қағылып отыр. Зейнеткерлердің зейнетақысын бірге тұратын балаларымыздың табысына қосуы негізсіз емес пе?", - дейді Қуаныштың әкесі Хайдар Ахметов.

Көпбалалы отбасының баспанасы әбден ескіріп, тозған. Салдарынан төбедегі шатыр жарылып, жаңбырлы күні үйге су ағады екен. Ал оны жөндеуге бұл жанұяның жағдайлары келмейді.

Отбасындағы ауыр жағдайды жергілікті әкімшілік білсе де, қолдан келер қайран жоқ. Себебі үкімет бекіткен заң шеңберінен аса алмайды деп жазады басылым. 

Фото: Ақжайық
Фото: Ақжайық: UGC
"Екі жастағы сиыр да үйдің ішкі табысы болып есептеледі екен. Бізде осындай алты сиыр бар. Оның шөбі, жеміне ата-енемнің зейнетақысын жұмсаймыз немесе бір-екі сиырды сатып, соның ақшасына мал азығын аламыз.
Билік осы алты сиырдан айына 96 мың теңге, ал үш айда 300 мың теңге табыс табады деп есептеп қойыпты. Біз көл-көсір табыс тауып отырсақ, ешкімнен де ештеңе сұрамас едік.
Қазір екі сиыр сауып отырмын, жыл сайын осы. Қайдағы табыс, бір тиын түсіре алмаймыз, сүті бала-шағадан артылмайды. Өзім баламен үйдемін. Жолдасым Қуаныш балабақшада оператор болып жұмыс істейді, алатыны 50 мың теңге, онда да алты ай жұмыс істеп, алты ай бос жатады", - дейді Люся.
Фото: Ақжайық
Фото: Ақжайық: UGC

Атаулы әлуметтік көмектен қағылған тағы бір отбасы Көптоғай ауылының тұрғындары Рүстем мен Жұпар. Олар да бес баланы тәрбиелеп отыр.

Екі кішкентай балақай балабақшаға барса, қалған үшеуі мектепте оқып жүр. Бүгінде балаларды киіммен, оқу-құралдарымен мектеп әкімшілігі қамтамасыз етуде.

"Жолдасым жұмыссыз. Бізде ақылы қоғамдық жұмысқа тұру да оңай емес. Өткен жылы да, биыл да айқаймен үш айға ақылы қоғамдық жұмысқа қабылдандым. Маусымның аяғында ол бітеді, сонда жылдың тоғыз айында жұмыссыз отырады екенмін. Ақылы қоғамдық жұмыстың табысы ай сайын 38 мың теңге. Ол балалардың балабақшасынан, коммуналдық төлемдерден, басқа да үй қажеттіліктерінен аспайды", - дейді Жұпар Әбдіғалиева.

Ал отбасы малы жоқ болса да үй кітапшасына туысын тіркеп қойғаны үшін атаулы көмектен қағылған. Оның сөзінше, үкімет туысқанның да табысын отбасылық бюджетке қосқан.

"Малымыз жоқ. Бірақ атаулы көмекке ілікпей қалдық. Себебі, үй кітапшасында қайын ағам мен оның баласының тіркеуде тұрғаны. Қайынағамның табысын есептеп, сендерге тиісті емес дейді. Ал қайынағам аудан орталығы Құрманғазыда отбасымен пәтер жалдап жүр.
"Менің түсінбейтінім, қайынағамның еңбекақысын біз алмаймыз. Оның өз отбасы бар, бізден бөлек. Мен бүгінде алтыншы сәбиімді күтіп отырмын. Аштан өлмеспіз, бірақ үйсіз жүрген ағамды есептен қалай шығарамын. Сонда бұл туысты айыратын заң болғаны ма?", - дейді Рүстем.

Бұған қатысты пікір білдірген Құрманғазы аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Базарбай Өтеулиев атаулы әлеуметтік көмекке жан басына шаққандағы орташа айлық табысы кедейлік шегінен төмен жеке отбасылар ие бола алатынын айтады.

Оның сөзінше, аудандағы көп отбасының зейнеткер қарттары бар немесе малы нормативтен асып кетеді.

Ал кейбір отбасылар үй құжаттарына салғырт қарағандығы үшін уақытында әлеуметтік көсекке ілікпей жатады екен.

Өтеулиевтің айтуынша, АӘК алу үшін өтініш қабылдау жыл бойы жүре береді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1796770-atyrau-oblysynda-zagdajy-auyr-kpbalaly-otbasylar-atauly-leumettik-kmekten-kagylgan/

pixel