Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы облысында ипподромға барып төрт қабырғасын сындырған ару әділдік таппай жүр

Опубликовано:

Алматы облысында ипподромға атпен серуендеуге барып, аса ауыр жарақат алған бойжеткен әділдік іздеп әлек. Үстіне құлап түскен қоршаудан үркіген жылқы Айгүл Қасенованы алып қашқан. Салдарынан аттан құлаған Айгүлдің төрт қабырғасы сынып, жұлынына зақым келді. Алайда, алған жарақаттары үшін ару әлі де өтемақы ала алмай жүр деп хабарлайды КТК арнасы.

Фото: видеодан кадр, 2do2go. Коллаж: KAZ.NUR.KZ
Фото: видеодан кадр, 2do2go. Коллаж: KAZ.NUR.KZ: Getty Images

Оқиға осыдан жарты жыл бұрын орын алған. Талғарға досымен арнайы атпен серуендеуге барған бойжеткен басынан өткен оқиғада ипподром басшылығын кінәләп отыр. Оның сөзінше, ол жердегі қоршаулар қауіпсіз емес.

"Нұсқаушы мені жылқыға мінгізіп, өзі алыста тұрды. Ер тоқымнан қозғалмай отырғанмын. Қоршауда тұрған құбыр еңкейген сәтте жылқының мойнына құлап, үркіген ат мені алып қашты. Үзеңгіден аяғымды шығармай отырсам да жерге құлап түстім" , - деп есіне алды ару.

Аттан құлаған соң, Айгүл бірден жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлер оның төрт қабырғасы сынып, жұлынына зақым келгенін анықтаған. Оқиғадан кейін, ипподром басшысы ауруханаға келіп, бойжеткеннен арыз жазбауын сұраған. Ол Айгүлдің еміне қажетті қаржыны беретінін айтқан. Алайда, уәдесінде тұрмай, сол кеткенінен бой көрсетпеген.

Емделуіне байланысты шығынға батқан ару ақыр-соңы сотқа шағымдануға мәжбүр болған. Себебі, денсаулығына байланысты біраз уақыт жұмыссыз жүрген. Қазіргі таңда ол тікесінен ұзақ отыра алмайды. Сынған сүйектер қисық біткендіктен тыныс алуы қиын.

"Сынған қабырғаларым дұрыс бекімегендіктен әлі ұзақ емделем. Қаншама хирург, остеопатқа барып тексерілем. Мені таң қалдыратыны: ипподром басшылығы неге жауапкершілікті сезінбейді? Осы жерге күн сайын қаншама адам келеді" , - деді Айгүл Қасенова.

Айта кетерлігі, тау етегінде орналасқан элиталық ипподромда содан бері ештеңе өзгермеген. Адамдар мен жүйріктерге қауіпті қоршау сол күйі қалған. Тіпті былтыр күзде аттың мойнына құлаған ескі темір де дәнекерленбеген. Оны бар болғаны екі жағынан сыммен байлап қойған.

14 жыл бұрын тұрғызылған кешенде соңғы рет қашан күрделі жөндеу жұмыстары болғаны белгісіз. Ал Айгүл аттан құлап жарақат алған күні осындағылар өз кінәсін бірден мойындаған екен.

Мекеме басшылары даулы оқиғаға қатысты жауап бермек түгіл, ипподром аумағына КТК журналистерін кіргізбей қойған.

Жарақаттары үшін өтемақы ала алмай жүрген Айгүл Қасенова Талғар аудандық сотында жеңіліп қалған.

Судья "Жылқы көлік боп есептеледі, сондықтан оған мінген адам қауіпсіздікке өзі ғана жауапты" деген ұйғарым жасаған болып шықты. Зардап шеккен бойжеткеннің ендігі үміті Алматы облысында өтетін апелляциялық сотта..

Дереккөз: КТК.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1795260-almaty-oblysynda-ippodromga-baryp-trt-kabyrgasyn-syndyrgan-aru-dildik-tappaj-zr/

pixel