Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мақсат Мәлік: Өзімді кінәлі сезінемін

Опубликовано:

"Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауында проза жанры бойынша үздік деп танылған КТК жаңалықтар қызметінің тілшісі Мақсат Мәліктің жазушы мен тілші, телеарна туралы және құт әкеліп, құтын қашыратын, ойлантатын, ойлануға мұрша бермейтін дүниесі жайлы шағын ойын айтып берді, құлақ түрсек.

Фото: ktk.kz
Фото: ktk.kz: UGC

- Мақсат,  еліміздің басты әдеби марапатының проза жанрында бәрін шаң қаптырып, үздік атандыңыз, құтты болсын! Сізді көпшілік жазушы ретінде қабылдайды, КТК жаңалықтарының тілшісі екенін бірі білсе де, бірі біле бермейді. Айтыңызшы, жазушылық пен тілшілікті қатар алып жүру қиын емес пе?

Рақмет! Иә, "Нұр Отан" партиясы мен Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп өткізген "Ұлы дала" байқауында проза номинациясы бойынша І орын иелендім. Ең әуелі шығарманы оқып, бағасын берген және сенім артқан алдыңғы буын ағаларға алғысым шексіз. Ал жазушылық пен тілшілік жайында айтар болсам, көбінесе әдеби ортада жас қаламгер ретінде танығанымен, былайғы ортада тілші ретінде танып жатады. Бір қарағанда екі саланы бір-бірінен ажыратып айту қиын. Дегенмен шындап келгенде екеуінің көтерер жүгі екі бөлек. Тілшілік тірлікте оқиғаны шынайы, дер кезінде жеткізіп, халықты ақпаратпен қамтамасыз етуің қажет. Жазушылық өмірде оның барлығын бір сәтте ақтарып, жалаң қалпында бере алмайсың. Ой қорытып, астарлап, өзгеше реңкпен жеткізуге тырасасың. Екеуін қатар алып жүру қиын ба дегенге тоқталсақ, расында да өзіндік қиындығы жетіп артылады. Қазір көптеген мықты жас қаламгерлердің уақытын, дер шағында жазатын шығармашылық қуатын журналистика сарқып жатқанын мойындауымыз керек.

-Телеарна сіздің шығармашылығыңызды дамытуға көңіл бөліп отыр ма? Нендей мүмкіндіктер ұсынады?

"КТК" телеарнасының жаңалықтар қызметінде жұмыс істеп келе жатқаныма бір жылдан асты. Бір қызығы, осы ұжымға қосылған сәттен бастап жеке өмірім мен шығармашылығымда көптеген өзгерістер болды. Басты қуанышым – егіз баламыз дүниеге келді. Осы бір мерейлі сәтті әлі күнге дейін тілмен айтып жеткізе алмаймын. Онымен қоса былтыр қазақ руханиятының қара шаңырағы –  Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атандым. Мәдениет және спорт министрлігінің жанынан құрылған Жастар кеңесінің құрамына ендім. Сондықтан КТК-ны үнемі "құтты мекен" деп айтып жүремін. Ал телеарна жеке шығармашылығыма қатысты әрқашан түсіністікпен қарайтыны рас. Былтыр "Әдеби өлкетану" жобасымен бір апта қасиетті Түркістан өңірін аралап қайттым. Жастар кеңесінің бірінші отырысына және Еуразиялық  әдеби форумға қатысу үшін екі мәрте Астанаға жолым түсті. Осының барлығында басшылық тарапы жолымнан қаққан емес. "Бар, көр, шығармашылығыңды ұштай бер" деп әр кез қолдау білдіріп отырады.

- Жақында егіз ұл-қызыңыздың бір жасын дүркіретіп тойладыңыз.  Сәбилі болу адамға, әсіресе жазушылық қасиетіңізге ықпалы болған шығар.

Бір ай бұрын қос құлыным – Мұқағали мен Фаризаның тұсаукесер тойын өткіздік. "Адамның бір қызығы бала деген" деп айтылғандай, бала – өміріңнің жалғасы. Біз осы қуанышты 10 жыл күткен отбасымыз. Аллаға шүкір, қазір екеуі тәй-тәй басып, тіпті "әке" деп алдыңнан жүгіріп шығатын жағдайға жетті. Бала – адамға ерекше жауапкершілік жүктеп, санаңның түпкіріндегі өзгеше бір адам түсініп болмайтын түйсікті оятады. Соларға қарап отырып өмір сүріп жүргеніңе шынайы қуанасың. Баланың шат-шадыман күлкісін тыңдап, олардың құлдырыңдап жүгіргенін көре отырып тек өмір туралы жырлағың келеді.
Фото: ktk.kz
Фото: ktk.kz: UGC

- Құтты болсын деген тілекті жиі естисіз. Жақсы лебіздер де ырысқа жетелейтіні рас. Дегенмен осы дүниеде құтыңызды қашыратын не?

Америкалық бір көркем фильм бар. Қазір өзі бәріміз пирамида деген нәрседен өлердей қорқамыз ғой. Бұл кинода сол схеманы керемет басқа қырынан алып келеді. Яғни, саған біреу жақсылық жасаса, сен соны басқа біреуге қайтаруың қажет. Мұны айтып отырған себебім, біз қазір біреуге жақсылық жасамақ түгілі жылы сөз айтудың өзін ұмытып барамыз. Мен осыдан қатты қорқамын. Жақсылық, жақсы сөз бір адамның жанын семіртіп, құтқарып қана қоймайды, керек десеңіз, бұл асыл қасиет адамзатты құтқарады. Сенесіз бе, кейде көшеден үйсіз жүрген қаңғыбасты немесе қиындыққа тап болған адамды көрсем, өзімді кінәлі сезінемін. Әрине, мен ол адамды танымауым да мүмкін. Бірақ, соның бәріне өзіміз кінәліміз.

- Қалың ой құшағында отырғанда қандай ой жиі мазалайды? 

Ой – қозғаушы күш. Көзқарас – қатып қалған қағида емес. Уақыт өте келе, жан дүниең толысқан сайын санаңда түрлі өзгерістер болады. Ой – мәңгілік. Ал "адам" деген атыма сай жақсы өмір сүремін бе, әлде жоқ па, осындай ой жиі мазалайды. Өйткені бұл өз қолыңдағы дүние.

- Жасыңыз нешеге келді? Көп нәрсенің ақиқатын аштым, ақиқатына жеттім деп айта аласыз ба? Сізге беймәлім, әлі де пайымдауды қажет ететін дүние бар ма? 

Отыздың бел ортасына келіп қалдық. Сырын білмеген, тылсымына бойлай алмаған жәйт көп. Адам кейде өз-өзін ұғып болмайтын кезде өреміз жетпейтін, санамызға саңылау болып түспейтін мәңгілік ақиқатты аштым деу – өтірік. Кейде өзімді кеңістікте қаңғырып кеткен кезбедей сезінемін.

- Сұхбаттасуға уақыт бөлгеніңізге көп рахмет! Жасаған дүниеңіз халықтың көңілінен шыға берсін, жетістікке жете беріңіз! 

Авторы: Заира Сабитова

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1794561-maksat-mlik-zimdi-kinli-sezinemin/

pixel