Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ақтауда мүгедек арбасындағы жігітке тұрмысқа шыққан қыздың тойы дүркіреп өтті

Опубликовано:

13 сәуір күні Ақтау қаласында Мақсат Есболов пен Алсұлу Утешқалиеваның үйлену тойы дүркіреп өтті. Бұл той бүгінде әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көпшілік екі жасқа ақ тілегін арнауда. Ақтауға ғана емес, бүкіл елге танымал болған жас жұбайлар туралы не білеміз? Олардың көпшілікке үлгі болатын қандай қасиеті бар? KAZ.NUR.KZ тілшісі жақында отау құрған жас отбасының эксклюзивті сұхбатын назарларыңызға ұсынады.

Фото: KAZ.NUR.KZ
Фото: KAZ.NUR.KZ: Original

Алсұлу мен Мақсат Ақтау қаласындағы "Қайырымды жандар" еріктілер тобының ортақ чатында танысады. Алсұлу жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсететін еріктілердің басы-қасында жүретін.

Бірде олардың Whats App-тағы тобына мүмкіндігі шектеулі, арбада отыратын жігіт қосылғанда көпшілігінің таңырқап қалғаны бар. Алсұлу болса, оның болашақ жары атанарынан мүлде бейхабар еді.

"Біз Ақтаудағы жағдайы төмен отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға қолымыздан келгенше көмек көрсетеміз. Бірде біздің чатқа Мақсат есімді жігіт қосылғанда, аздап таң қалғанымыз рас. Өйткені, арбада отыратын жан арамызға алғаш рет келіп отыр.
Бастапқыда біраз таңырқасақ та, кейін тез тіл табысып кеттік. Ол көптеген жаннан өзгеше ойлайтын болып шықты. Уақыт өте келе екеуміздің достық қарым-қатынасымыз ұлғайып, арада сезім пайда болды. Осыдан бір ай бұрын Ақтауда үйлену тойымызды өткіздік", - дейді Алсұлу.
Фото: KAZ.NUR.KZ
Фото: KAZ.NUR.KZ: Original

Алсұлу Утешқалиева осыдан 10 жыл бұрын тұрмысқы шыққан. Алғашқы некеден Рабия есімді кішкентай қызы бар.

"Бірінші некем ұзаққа бармады. Үйленгенімізге бір ай толғанда жолдасым жол апатынан көз жұмды. Сол кезде ішімде кішкентай сәбиім қалды. Тағдырдың бұл ауыр сынағын да қасқайып тұрып қабылдадым. Рабия есімді қызым дүниеге келіп, соның тәрбиесіне баса назар аудардым. Бірінші жолдасымның өмірден өткеніне он жыл толса да, тұрмысқа шығу туралы ойлап, қызыма да ишара білдірген емеспін. Барлығы да Мақсатты, оның ерік-жігерін көргеннен кейін өзгерді", - дейді ол.

Алсұлудың мүмкіндігі шектеулі жанға тұрмысқы шығатыны туралы жаңалық алғашында біраз күмән тудырғаны рас. Әсіресе, ата-анасы мен туыстары оның бұл шешіміне таң қалған.

"Әрине, алғашында бәрі ауыр қабылдады. Өйткені, дені сау адамдардың бір-бірімен жарасып кетуі қиын. Ал біздің жағдай, тіпті, бөлек. Бірақ кейін бәрі сенім білдіріп, сәттілік тіледі. Ата-анам маған сенетіндерін айтып, ақ батасын берді. Біздің жақсы отбасы, жарасымды жанұя болатынымызға сенгендері үшін мың алғыс!", - дейді ол.
Фото: KAZ.NUR.KZ
Фото: KAZ.NUR.KZ: Original

Мақсат пен Алсұлудың тойынан кейін оларға әлеуметтік желі арқылы хабарласатындар көбейген. Әсіресе, күйеуі жол апатына ұшырап, арбаға таңылған келіншектер көп кеңес сұрайды екен.

"Жастайынан жол апатына ұшырған ер-азаматтардың жұбайлары көп жазады. Олар күйеулерінің көпшілік жерге, той-томалаққа бармайтынын, халық алдына шығудан қысылатынын айтады. Мен бір ғана кеңес бере аламын.
Адамның миында ғана шектеу болуы мүмкін. Ал қалғанының бәрін жеңуге болады. Бастысы, жақсылыққа сеніңіз, бір рет берілетін өмірді өз қалауыңызша сүріңіз", - дейді Алсұлу.
Фото: KAZ.NUR.KZ
Фото: KAZ.NUR.KZ: Original

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1794051-aktauda-mgedek-arbasyndagy-zigitke-trmyska-sykkan-arudy-tojy-drkirep-tti-foto/

pixel