Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ахметов: Цифрлық технологиялармен жұмыс істеу-біздің оқыту жүйесінің ажырамас бөлшегі

Опубликовано:

"Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы негізінде жүзеге асып жатқан ауқымды жобалардың бірі - "Цифрлық академия". Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы 1994 жылы 29 тамызда негізін қалаған. Оқу орнының бүгінгі басшысы Әлтаир Амангелдіұлы 2016 жылдың қараша айынан бастап академияның оқу жұмысы және ақпараттық технологиялар жөніндегі вице-ректоры қызметін атқарған. Ал бүгінгі таңда ол – академия ректоры. Сонымен қатар, биыл білім ордасының жүйелі жұмысына 25 жыл толды. Академияның бүгінгі жай-күйі мен "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды білу мақсатында оқу орны басшысы Әлтаир Ахметовтен эксклюзивті сұхбат алған едік. Ендеше, назар салайық.

Ахметов: Цифрлық технологиялармен жұмыс істеу-біздің оқыту жүйесінің ажырамас бөлшегі
Ахметов: Цифрлық технологиялармен жұмыс істеу-біздің оқыту жүйесінің ажырамас бөлшегі: Depositphotos

– Әлтаир Амангелдіұлы, жаңа қызметіңіз құтты болсын! Сіздің академиядағы басшылық қызметіңіз үлкен мерейтоймен тұспа-тұс келіп отыр. Нақтылап айтсақ, биыл өзіңіз басқарып отырған академияға – 25 жыл. Осы тұста сұхбатымызды академияның ширек ғасырдағы тыныс-тіршілігінен бастасақ...

– Рахмет! Мемлекеттік басқару академиясы – еліміздегі мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін арттыру мен оқытуға жауапты жалғыз оқу орны. Біздің мақсатымыз – әрдайым стратегиялық тұрғыдан ойланатын және қазір ғана емес болашақта да бәсекеге қабілетті мемлекеттік аппаратқа сай кадрларды даярлау. Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері кәсіби мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға көп көңіл бөлінді. Осы мақсатта 1994 жылғы 29 тамызда Мемлекеттік басқарудың ұлттық жоғары мектебі құрылды. Бүгінгі таңда ол МБА болып, өз жұмысын жалғастыруда. Бүгінде академия құрамында Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебі, Менеджмент институты, Дипломатия институты және Кәсіби даму институты бар. Қазіргі кезде 10 магистрлік бағдарлама жүзеге асырылуда және биылғы жылы 11-ші мемлекеттік қызметті кадрлық басқаруды іске қосудамыз. 25 жыл ішінде академия қабырғасында 2000-нан астам түлек білім алды. Бүгінде олардың көпшілігі мемлекеттік қызметте, соның ішінде саяси және «А» корпусында лауазымды жұмыстар жасайды. Өткен жылы «Академияның өңірлік орталығы» аймақ басшыларының жанындағы мемлекеттік қызметшілерге арналған өңірлік оқу орталықтарын біріктіру арқылы қайта құрылды. Бүгінгі таңда республика бойынша академияның 16 филиалы бар. Білім беру ісінде біз қолданатын бағдарламалар өңірлерде жүзеге асырылады және жергілікті ерекшеліктерді ескеру арқылы белгілі бір саланың қазіргі даму мәселелерін қамтитын пәндер енгізіледі.

– Өзіңіз білетіндей, елімізде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы жүзеге асуда. Осы бағдарлама аясында жүргізіліп жатқан «Цифрлық Академия» жобасы қандай жұмыстар жасап жатыр?

– 2017 жылы МБА «Цифрлық Академия» жобасын қолға алды. Бұл жоба «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының 120 жобасының бірі. Сонымен бірге ескеретін тағы бір жайт, МБА - бағдарламаға енген жалғыз жоғары оқу орны. Қазіргі таңда Академияда мемлекеттік қызметшілердің ІТ-құзыреттерін дамытуға арналған цифрлық платформа қалыптасты. Бұл тек материалдық-техникалық базамен жабдықтаумен шектелмейді. Біз қазіргі уақытта бизнес үдерістерінің цифрлық ре-инжинирингін іске асырудамыз. Оқу үдерісін ұйымдастыру цифрлық және интерактивті оқыту технологияларын барынша қолдануға негізделуі үшін оқу кеңістігінің ре-дизайнін жүргіздік. Мәселен, Paper free Academy – қағаз түріндегі құжат айналымынан бас тартуды қолға алдық. Бұл бастама цифрлы қоғамға көшіп, заманауи технологияларды қолданысқа әкелу ғана емес, сонымен бірге қоршаған ортаны қорғау және бюджет ресурстарын үнемдеу. Қазір конференциялар немесе семинарларды өткізу барысында үлестірме материалдарды қағаз түрінде ұсынбаймыз. Жиын қатысушылары оларды QR-код арқылы өз смартфондарына немесе басқа да гаджеттерге жүктеп алуларына мүмкіндік бар.

Ахметов: Цифрлық технологиялармен жұмыс істеу-біздің оқыту жүйесінің ажырамас бөлшегі
Ахметов: Цифрлық технологиялармен жұмыс істеу-біздің оқыту жүйесінің ажырамас бөлшегі: Depositphotos

– Академиядағы білім беру процесін цифрландыру қалай жүзеге асып жатыр?

– Цифрлы қоғам қалыптастыруда білім саласының қосар үлес зор. Қазіргі уақытта ақпараттық-коммуникациялық технологиялармен жұмыс істеу – біздің оқыту жүйесінің негізгі бөлшегі. «Цифрлық академия» жобасына бөлінген қаражат есебінен түрлі цифрлық технологияларды сатып алдық. Академиядағы білім беру процесі толықтай цифрландырылған. Сонымен бірге біз мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік желілерде жұмыс істеуге үйретеміз. «Цифрлық академия» жобасы ашық түрде байланыс орнатуға және кез-келген қызмет түрін жылдам әрі ашық түрде жүйелі орындауға үйретеді. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басқа мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру бойынша үлкен жұмыс жүргізуде. Бұл тек халықты емес, сонымен бірге мемлекеттік қызметшілерді де цифрлық сауаттылыққа оқытуды талап етеді. Бұл жерде де «Цифрлық Академия» жобасының маңызы үлкен. Оқыту мемлекеттік қызметшілер күнделікті тәжірибесінде кездестіретін жағдайлар мен міндеттерге барынша жақын болуы үшін нақты кейстерді пайдаланамыз. Бізде қазір қажетті жабдықтар дайын және орнатылған. Енді «Азаматтарға арналған үкімет» АҚ-мен келіссөздер жүргізіп жатырмыз.

– Хабар арнасының "Online" бағдарламасына берген сұхбатыңызда академиядағы жаңа магистрлік бағдарлама туралы сөз болды. Толығырақ тарқатып өтсеңіз...

– Осы жылдан бастап жаңа "Цифрлық мемлекеттік басқару" магистрлік бағдарламасын іске қостық. Ол бағдарламада барлық қажетті пәндер қамтылған. Мысалы, е-ден smart-қа дейін "Цифрлық мемлекеттің" қозғалысы. Жалпы мемлекеттердің цифрлық дамуын бес деңгейге бөледі: e-gov, open, data centric, fully digital және smart. Біз қазір data centric-ке қарай алға басудамыз. Бұл мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін біріктіру жүріп жатыр және "үлкен деректерді" талдау негізінде шешімдер қабылдау мүмкіндігі пайда болуда екенін білдіреді. Сонымен бірге біз киберқауіпсіздік саласындағы отандық сала мамандарымен бірлесе отырып, бағдарлама әзірледік. Аталған бағдарлама мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыруды жүргізуге мүмкіндік береді.

Ахметов: Цифрлық технологиялармен жұмыс істеу-біздің оқыту жүйесінің ажырамас бөлшегі
Ахметов: Цифрлық технологиялармен жұмыс істеу-біздің оқыту жүйесінің ажырамас бөлшегі: Depositphotos

– Академияның білім беру процесінде "LMS Canvas" бағдарламасын қолданасыздар. Бұл бағдарлама несімен ерекшеленеді?

– Бірнеше жыл бұрын мен магистратураны Ұлыбританияда оқыдым. Сол кезде ол жақта осы бағдарлама қолданыста еді. Шыны керек, алғашында өте таң қалдым. Себебі "LMS Canvas" білім алушы үшін барлық жағынан қолайлы. Нақтырақ айтсақ, бағдарламаға кіру арқылы үй тапсырмасын, презентацияларды, бағалау жүйесін және барлық пәндер мен дәрістерді қарауға болады. Сонымен бірге оқытушымен, топтастарынмен байланысуға, видеолар мен аудиоларды жариялауға, өзіңнің барлық жазба жұмыстарыңды салуға мүмкіндік бар. Өткен жылы жаңа оқу жылы басында біз шет елдік бірнеше өнімдерді зерттедік. Нәтижесінде біздің таңдауымыз осы "LMS Canvasқа" түсті. Бұл бағдарламаның бір ерекшелігі – екінші бір бағдарламамен байланыстыра отырып қолдануға болады. Мысалы біз осыған дейін "Platonus" бағдарламасын қолданып келген едік. Қазіргі таңда екі бағдарламаны байланыстыра отырып, қолданып жүрміз деп айтсақ болады. Сонымен бірге "LMS Canvas" бағдарламасын пайдалану арқылы бүгінгі таңда шет елдік тағылымдамаларды ұйымдастырып отырмыз. Бағдарламаны қолданысқа енгізгенде қызметкерлерге оқыту-үйрету жұмыстарын жүргіздік. Қазір толығымен қолданысқа еніп, еш қиындықсыз меңгеріп кетті деп айтуға болады.

Ахметов: Цифрлық технологиялармен жұмыс істеу-біздің оқыту жүйесінің ажырамас бөлшегі
Ахметов: Цифрлық технологиялармен жұмыс істеу-біздің оқыту жүйесінің ажырамас бөлшегі: Depositphotos

– Сәуір айында елімізде алғаш рет Мемлекеттік қызметшілердің HR форумын өткіздіңіздер. Осы бастаманы кім ұсынды және нәтижесі қандай болды?

– Бұл идея академиядағы әр жұмада жоспарлы түрде өтетін "Идеялар фабрикасы" брейнстормингтерінің бірінде алғаш рет айтылған болатын. Форумды өткізудегі мақсатымыз – персоналды стратегиялық басқару саласында озық технологияларды енгізу жолымен мемлекеттік органдардың кадрлық әлеуетін дамытуға ықпал ету және мемлекеттік қызметте кәсібилігі жоғары HR-менеджерлерді даярлауға арналған тұрақты жұмыс істейтін дамытушы алаң құру. Форумға Орталық және жергілікті атқарушы органдардан 200-ге жуық маман қатысты. Бүгінгі таңда стратегиялық менеджменттің тәсілдерін ескере отырып, мемлекеттік органдардың кадр қызметтерінің жұмысын қағазбастылықтан адамдармен жұмыс істеуге көшіру қажеттілігі туындап отыр.

Сондықтанда Мемлекеттік басқару академиясының базасында мемлекеттік органдардың HR-менеджерлеріне арналған тұрақты жұмыс істейтін алаңды құру барлық мемлекеттік органдарда стратегиялық HR-басқаруға көшу үшін негіз болады деп сенеміз. Біз мемлекеттік органдардың кадр қызметтері мамандарының біліктілігін арттыру үшін арнайы бір жылдық «Master of Human Resource Management» атты білім беру бағдарламасын әзірледік және оны осы оқу жылынан бастап іске қосамыз. Алғашқы Мемлекеттік қызметшілердің HR форумы шеңберінде персоналды басқару саласындағы өзекті проблемалар қарастырылатын және шешілетін болады. Мұндай Мемлекеттік қызметшілердің HR-форумын жыл сайын өткізу жоспарлануда, басқа уақытта ол тұрақты консультациялық және оқыту алаңы ретінде жұмыс істейтін болады.

– Академияның мерейтойына қатысты және алдағы уақыттағы жоспарларыңызды бөлісе отырсаңыз. Қандай жаңа жобалар қолға алынбақ?

– Әрине, академияның мерейтойын өткізу биылғы жылғы басты жоспар. 25 жылдыққа орай 25 түрлі қоғамдық-әлеуметтік шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Биылғы жылы елдегі әлеуметтік мәселелердің тиімділігі мен шешілуіне бағытталған көптеген жобалар, бастамалар және түрлі іс-шаралар жоспарланған.

Сонымен қатар, бүгінгі күні біз МБА-да "Цифрлық коворкинг" орталығын құру мақсатында жұмыстар жасап жатырмыз. Коворкинг-орталық үш зонадан тұрады: Active learning zone - ақпараттық жүйелерді, электрондық қызметтер мен машиналық оқытуды меңгеруге арналған симуляциялық кейс-зонасы, мемлекеттік органдар мен мемлекеттік қызметтерді цифрландыру үдерістері туралы нақты уақыт режимінде деректер алуға арналған мониторингтеу мен ақпараттандыру зонасы, 3D-mapping зонасы – мемлекеттік менеджмент, Smart city, тұрақты даму, жаңартылатын энергия көздері, кенттену саласындағы басқару аясындағы перспективті бағыттарды визуалдауға арналған зона. Бұл креативті әлеует пен it-skills дамыту үшін жағдайлар жасалатын коллаборация орталығы болады.

Сонымен бірге біз екінші жылы білім беруде қолданылатын голограммалардың технологиясын зерттедік. Соның нәтижесінде голографиялық дәріс залын құруды қолға алудамыз. Бұл жүйенің бір артықшылығы - голограмма көрермендердің көңілін барынша кеңінен қолданылатын конференциялық технологиямен салыстырғанда белсендіруге мүмкіндік береді. Бұл мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызмет саласындағы қазақстандық және халықаралық сарапшылардың заманауи көшбасшылары мен лекцияларын голографиялық сөйлеумен интерактивті оқыту аймағы болады.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Назерке БАЙДІЛДА

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1793064-ahmetov-cifrlyk-tehnologialarmen-zmys-isteu-bizdi-okytu-zjesini-azyramas-blsegi/

pixel