Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақ қызына ғашық болған удмурт жігіті Қазақстанды өзінің отаны санайды (фото)

Опубликовано:

30 жастағы удмурт жігіті Максим Чирков Ақтөбе облысының Темір ауданында туып өскен. Қазақ қызына ғашық болған азаматтың Қазақстанға құрметі бөлек деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Максим Чирков. Фото: NUR.KZ
Максим Чирков. Фото: NUR.KZ: Original
"Атым орысша болғанымен қазақы тәрбиемен өстім. "Нағышысы мықты жігіт" деген бар емес пе?! Мен нағашыларыма жақынмын. Мен толықтай қазақпын. Қазақ қызына үйлендім. Жұбайым өзім туған ауылдың қызы. Көрдім де, ғашық болдым. Екі айдан кейін "келіншегім болшы" деп өтініш жасадым.
Бір жылдан кейін қосылдық. Қазақы түрде дүркіретіп той жасадық. Беташар, құда түсу өтті. Маған басқа ұлттың қыздары ұнамайды. Қазақтың қыздарына ешкім жетпейді", - дейді Максим Чирков.

Удмурт жігіті Максим өз Отанына барып көрмеген, өз тілінде сөйлей де алмайды. Анасынан қазақы тәрбие алған жігіт өзінің атын айтуға ұялатын болып шықты.

"Әке-шешем де осында тұрады. Анам - қазақ, әкем - удмурт ұлтынан. Соғыс жылдарында әкем анасымен осы жаққа көшіп келген. Ол да қазақ қызымен шаңырақ құрды. Удмуртия деген автономиялық округ бар. Ондай ұлт өте аз. Біздің елде жоқтың қасы. Әкем мен анам төрт-бес жылда бір рет сол елге демалыс үшін барып қайтады.

Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: Original
Өзім мектепті де, университетті де қазақша оқыдым. Мен өз тілімде сөйлесе алмаймын. Көпшілігі менің қазақша сөйлегенімді көріп таң қалады. Мен атымды тегімді айтса ұяламын. "Ресей азаматымысың?" деп сұрайтындар көп. "Басқаша Максим" екенсің деп жатады", - дейді ол.

Максим қазір аудан орталығындағы көркем сурет мектебінің директоры болып қызмет атқарады екен.

"Маған өз мамандығым ұнайды. Бала кезімнен сурет салғанды жақсы көремін. Балалармен жұмыс жасаған ерекше демалыс. Дарынды оқушыларым көп. Мен жай мектеп басқарып отырған жоқпын. Оқушылармен жұмыс жасаймын",- дейді Максим.
Фото: NUR.KZ
Фото: NUR.KZ: Original

Ол аудандағы көркем сурет мектебінде 80 баланы шығармашылыққа баулып жүр. Қосымша сабақтың бағасы да арзан екен. Арнайы санаттағы балаларға жеңілдіктер бар. Бір үйден екі бала оқыса, жарты бағасы ғана төленеді. Жетім балаларға тегін. Құммен сурет салуға тілек білдіргендер көп.

Шағын мектептің іші ерекше жылулыққа толы. Балалардың әйнекке салған, қағазға салған туындылары көздің жауын алады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1765366-kazak-kyzyna-gasyk-bolgan-udmurt-zigiti-kazakstandy-zini-otany-sanajdy-foto/

pixel