Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Аппақ қар", "Ғажайып күй": 2000 жылдары хит болған әндер туралы не білеміз?

Опубликовано:

2005-2006 жылдары қазақ эстарадасында жаңа жұлдыздар пайда болып, көптеген жантебірентерлік әндер халықтың көңілінен шыққан еді. Азия тобының "Ғажайып күй", Мұнарланның "Аппақ қар", Жігер тобының "Сен менің бақытымсың" әндері күні бүгінге дейін көпшіліктің сүйікті әндерінің бірі болып келеді. Хит әндерімен талай жастың жүрегін жаулап алған әншілер бүгінде немен айналысып жүр? NUR.KZ сол жылдардағы "хит" әндердің орындаушыларын тізіп көрді.

Коллаж NUR.KZ
Коллаж NUR.KZ: Facebook

2000 жылдары "Бауыржан шоу" театрында өнер көрсетіп, кейін театрдан бөлек шыққан "Орда" тобының қазақстандықтар үшін орны ерекше. Ағайынды Беделхандар мен Оразбековтардан құралған топ сол жылдары "Белгісіз жан", "Кеш мені", "Қағаз кеме" сынды хит әндерді бірінен-соң бірі орындап жүрді. Қазіргі таңда топ құрамындағы Дастан Оразбеков жеке ән айтып жүрсе, Ерболат Беделхан продюсерлікпен айналысуда.

2005 жылы "Ғажайып күй" әнімен талай жастың жүрегін жаулап алған "Азия" тобы болды. Кейін танымал топ "Махаббат аралы", "Тәтті қыз" сынды әндерге бейнеклип түсіріп, көпшіліктің көңілінен шыққан еді.

2000 жылдары "Ерке қыз" әнімен халыққа танымал болған келесі бір топ - "Жігіттер" квартеті болды. Топ аз уақытта "Арман-ай", "Жеңеше", "Бақытты бол" сынды хит әндердің авторы атанып, көптің ыстық ықыласын бөленді.

2006 жылы "Арман" әнімен халықтың жүрегін жаулап алған әншілердің бірі – Қайрат Нұртас. Сол жылы осы әнге бейнеклип түсіріп үлгерген әнші, "Арманнан" кейін көптеген хит әндердің орындаушысы атанды. Бүгінде атағы дүркіреп тұрған Қайратты танымал еткен дәл осы ән еді.

2000 жылдардың ортасында танымал болған тағы бір ән "Мұнарлан" тобының орныдауындағы "Аппақ қар". Аз уақытта талай жастың көңілінен шыққан ән күні бүгінге дейін ел есінде. Өкініштісі, топ аз жылдан соң тарап кетті.

"Жалғыз жүрек" әнімен танылған "Нұр сыры", "Жалғыз аққу" әнін орындаған Ерлан Орынбасаров, "Ер махаббат" әнін орындаған Ерлан Тамған да бүгінде эстрададан алыстап кеткен. Аталған орындаушылардың арасында тек Ерлан Орынбасаровтың есімі ғана жиі аталады. Баян Нұрмышевамен бас қосқан әнші әлі күнге дейін түрлі концерттерде бой көрсетіп тұрады.

2000 жылдардың ортасында "Қыздар-ай", "Жаным" әндерімен танылған NNBek тобының да тыңдармандары күні бүгінге дейін баршылық. Топ жігіттері сахна төріне жиі шықпаса, жаңа әндер жазып жүр.

Сол сияқты "Кім кінәлі?" әнімен танылған Бақай тобы, "Сен менің бақытымсың" әнімен танылған "Жігер" тобы да көпшілік көзіне жиі түсе бермейді. Бұған себеп, бірінші топтың көп ән жазбай кетуі болса, екінші топ тіпті тарап кеткен-ді. Алайда, жігіттердің орындауындағы әндер бүгінге дейін көптің есінде қалғаны сөзсіз.

2000 жылдары "Ханшайым", "Сен" әндерімен қазақ эстрадасында жарқ еткен тағы бір топ – "Бәйтерек" тобы болды. Ерлан Малаев, Нұркен Өтеуілов пен Сайлау Қамиевтен құралған трио әндері күні бүгінге дейін қазақстандықтардың сүйікті әуендерінің қатарына еніп отыр. Әншілердің негізгі мамандықтары актерлік болғандықтан, бүгінде топ мүшелері өз саласына ден қойған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1763590-appak-kar-gazajyp-kj-2000-zyldary-hit-bolgan-nder-turaly-ne-bilemiz/

pixel