Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Түркістан облысында аудан әкімінің орынбасарын атып кетті

Опубликовано:

Түркістан облысындағы Төле би ауданы әкімінің орынбасарына тапа-тал түсте белгісіз азаматтар шабуыл жасады деп хабарлайды өңірдегі NUR.KZ тілшісі.

Түркістан облысында аудан әкімінің орынбасарын атып кетті
Рабиға Бейсебаева. Фото: Әкімдіктің Facebook парақшасынан: UGC

Оқиға бүгін түскі үзіліс уақытында орын алған. Төле би ауданы әкімінің орынбасары Рабиға Бейсебаева қызметтік көлігімен үйіне түстенуге келгенде белгісіз үш азамат шенеунік әйелге оқ атқан.

Туысы жәбірленушінің қазіргі таңда ауруханаға жатқызылғанын және Ішкі істер органдарына шағым түсірілгенін айтты.

"Жеңгеме үйінің алдында қастандық жасалды. Көлігінен түсе бергенде бас киім киген үш жігіт жүгіріп келіп, тапаншадан бас тұсына оқ жаудырған. Қазіргі таңда ол ауруханада, шок жағдайына түскендіктен онымен сөйлесе алмай отырмыз.

Шабуыл жасағандардың кім екенін білмейміз, тіпті болжамымыз да жоқ. Меніңше, қастандық жасаушылар жеңгемнің үйде бір өзі болғанын пайдаланған секілді.

Себебі ағам баласын ауруханаға жатқызуға Астанаға кеткен болатын", - деді шенеуніктің туысы.

Аудан әкімі орынбасарының ұлы анасына шабуыл жасағандар оның көзін жоймақ болды деп болжам жасап отыр.

"Анама оқ жаудырғандар оны өлтіруді мақсат тұтқан болып тұр. Себебі бір рет емес, бірнеше рет оқ атқан. Анам еңкейіп, көлігінің есігін құлыптап үлгеріпті.

Тапаншадан атылған оқтың дауысынан соң көршілердің бәрі жиналып қалыпты, сол сәтте оқ атқандар қашып кеткен. Негізі бұл алдын ала жоспарланған шабуыл болып тұр.

Себебі оқ атқандар мінген жасыл түсті көлік екі күн бойы біздің үйді торуылдап жүрген екен.

Оны көршілерім байқапты. Мен, әкем және ағам ол кезде үйде емес едік. Операция жасату үшін Астанаға жолға шыққанбыз. Қазір үшінші күн осындамыз", - деді аудан әкімі орынбасарының баласы.

Бұл жайтты облыстық полиция департаменті растады.

"Оқиғаға қатысты аудандық ІІБ-де қылмыстық іс тіркелді. Қазіргі таңда полиция қызметкерлері болған оқиғаның мән-жайын анықтау үстінде. Тергеушілер жұмыс істеп жатыр. Бұл іске қатысы бар делінген күдіктілердің тұлғасы мен оларды ұстау шаралары жүргізілуде", - деді баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова.

Төле би ауданы әкімдігі қызметкерлерінің айтуынша, Рабиға Бейсебаева бұл қызметті соңғы жеті жылдан бері атқарып келеді екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1759517-trkistan-oblysynda-audan-kimini-orynbasaryn-atyp-ketti/

pixel