KZ

Австрияда жерленген 18 қызылордалық майдангерлер табылды

Расcказать Вконтакте

Бұл австриялық зерттеуші Петер Сикслдің осыған арналған "Естелік кітабы" жарық көргеннен кейін белгілі болды.

Ал бұл фолианттың жарыққа шығуына Қазақстан Республикасының Австриядағы елшілігі мен Австрияның соғыс зардаптарын зерттеу қауымдастығы жәрдем жасады.Қызыл Армия әскерлері құрамалары Австрия жерін азат етуге 1945 жылғы 29 наурызда Бургенланд қаласы маңынан ішке қарай бұзып-жарып өткеннен кейін бастады. Осындағы ұрыс қимылдарында кеңес жағының ұзын саны 30 мыңға жуық жауынгері қаза тапты. Күні кешеге дейін сол қаза тапқандар арасында 500 шамалас қазақстандық сарбаздар бар деп есептелініп келген еді. Бірақ Петер Сикслдің көптеген жылдар бойы жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесі ол мөлшердің 1000-ға таяп қалатынын көрсетті.Кеңес жауынгерлері мұндағы 260 бейітте бөлініп жерленген болып шықты. Ал осында мәңгілікке дамыл тапқан сырбойылық сарбаздардың қатарында Жалағаш ауданының Аққұм ауылынан Қожабек Аманжолов, аралдықтар Сәкен (Сәксан) Баймағамбетов пен Жандос Котрюб (құлпытаста солай жазылған), қармақшылықтар Төлеген Бердібаев, Дәрмен Әлжанов және Бештай Османов, қазалылықтар Мұратбай Мергенбаев, Николай Александрович Ефремов және Михаил Галилович Малявский, шиелілік Әкежан Бокенбек, сырдариялық Сәдуақас Ысқақов, тереңөзектік Иван Иванович Литвиненко, сондай-ақ Қызылорда қаласынан Тұрмағамбет Сабырбаев, Анатолий Константинович Соловьев, Николай Михайлович Марков және Василий Тимофеевич Петрунин бар. Тізімде сондай-ақ соғысқа облыстың қай ауданынан аттанғаны көрсетілмеген Жармағамбет Құлғарин және Петр Иванович Плеханов есімдері де кездеседі.Біз бұл тізімді аталған соғыс құрбандарының арттарында қалған жақын-жуықтары олар жөнінде хабардар болсын деген ниетпен ұсынып отырмыз.

Новости Казахстана
Австрияда жерленген 18 қызылордалық майдангерлер табылды
Mailfire view pixel