Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бибігүл Төлегенова: Эстрада әншілерін әнші деп есептемеймін

Опубликовано:

Қазақ халқының бұлбұл әншісі Бибігүл Ахметқызы «Түркістан» басылымына берген сұхбатында бүгінгі қазақ сахнасындағы олқылықтарды ашық айтқан. Бибігүл ханым эстрада әншілерін әнші деп санамайтынын жеткізді. Әртіс өзі «даусы бар» деп санайтын Роза Рымбаева мен Мақпал Жүнісованы да даңғазаға толы эстрадананың жолына түсіп кетті дейді.

«Мен эстрада әншілерін тіпті әнші деп санамаймын (Осылай деп Бибігүл Ахметқызы шыдамсыздана қолын бір сілтеді). Осылай дегенім үшін олар маған ренжиді. «Неге солай дейсіз?» деп. Мен оларға: «Сіздер әнші емессіздер, орындаушысыздар. Сіздің орындағаныңызды кім болса да орындайды. Тойда аста-төк тамақ ішіп, қарны тойып отырған адамға бойындағы асын қорыту үшін даңғыр-дұңғыр музыка қоясыңдар» деймін.

Эстрада әншісі деп Димашты айтсақ болады. Міне, нағыз әнші! Қандай әнші ол! Жер жүзіне аты мәлім.

Ең өкініштісі, екінің бірі айтатын әнді айтып жүрген, көптің бірі болатын әншілер көп. Ал оның ішінен іріктеп алатыны аз», - дейді Бибігүл Төлегенқызы.

Тағы оқыңыздар: Жанар Дұғалованың "етегі жоқ" көйлегі жұрттың жағасын ұстатты (фото, видео)

Қарт әнші өзі бағалайтын Роза Рымбаева мен Мақпал Жүнісованың да даңғырлаған эстрадаға бет бұрғанын айтып, даңғаза музыка қоятындарды сөгіп тастады.

«Мысалы, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова даусы бар әншілер еді, олар да эстраданың жолына түсіп кетті. Ал қазіргілерге қарасаң, не істеп тұрғаны түсініксіз, даңғыр-дұңғыр, не айтып тұрғанын да естімейсің. «Ана музыканың дауысын бассаңдаршы, әншінің үнін естиік те» десең, «Апай, сіз білмейсіз ғой, олар «Даусын көтер» деп өздері сұрап алады» дейді. Сонда олар өз дауысының жетіспеген тұсын білдіртпес үшін музыканы неғұрлым даңғырлатып қояды екен.  

Қазіргі эстрада – ию-қию, даңғаза музыка. Жын қаққан адамдай жұлынып тұрғаны сахнада. Олар ән айтпайды, музыканы қояды, ол музыка өзімен-өзі жүреді, ал олар секіріп, жұлқынып жүреді. Секіріп жүріп кім ән айта алады? Адамның тынысы тарылып, алқынып қалады. Секіріп жүріп ән айтпақ түгілі, сөйлей де алмайсың»,- дейді еліміздің еңбек сіңірген әртісі.

Бибігүл ханым эстрададан бөлек, бүгінгі көгілдір экранға қараған адамның да қарны ашатынын айтады. Ойын-күлкіден көз ашпайтын телеарналардан ғибрат алар дүние азайғанына налиды.

Тағы оқыңыздар: "Иванушки" тобының мүшесі сынға алған қонақүй отандық депутатқа тиесілі болып шықты

«Қазір теледидар қарағанда, бір жағынан қарның ашады, бір жағынан елге жаның ашиды. Концерттің бәрі ырду-дырду, айғай-шу, ойын-күлкі. Ақыл салатын, ғибрат алатын салмақты дүниелер аз. Қайдағы біреуді отырғызып қойып, біреулерді жамандайды, өсек айтады. Бұл жаман нәрсе. Біздің кезімізде мұндай нәрселер болған жоқ. Жақсы әннің өзі жастарға күш-нәр беріп, тәрбиелейтін. Ал қазір ұрпақтың тәрбиесін ойлап жатқандар аз, өз қалтасына пайда түсуін ғана көздейтін сияқты», - дейді ол сұхбатында.

Қазақ эстрадасындағы біраз олқылықты айтқан жез таңдай әнші жұлдыз ауруымен ауыратын бүгінгі жастарды көргенде ұялатынын да жасырмады.

«Талант керек, әрине, бірақ таланттан бөлек, әншіде адамгершілік қасиет болу керек. Мінезі шәлкес әншіні кім жақсы көрсін? Қазір кей әншіні көргенде, мен ұяламын. Соншама міндет қылатындай бұлар не тындырды деп ренжисің»,- дейді ол.

Еске салсақ, қыркүйектің 5-10 аралығында Астана қаласында Бибігүл Төлегенова атындағы ІХ халықаралық вокалистер конкурсы өтуде. Халықаралық байқаудың елімізде өтіп жатқанына 17 жылдан асты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1610420-bibigul-tolegenova-estrada-anshileri/

pixel