Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

40 жыл бойы трактор айдаған шымкенттік әйел айлық табысының жоғары екенін жасырмай айтты

Опубликовано:

Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданына қарасты Төрткүл ауылынындағы басты жұмысты нәзік жанды әйел атқарады деп хабарлайды NUR.KZ порталы. Төрткүлдегі егін егу, жер жырту жұмыстары - ауыл тұрғыны Гүлшат Өмірбекованың негізгі кәсібі мен табысы.

Жігіттер жүрексінетін техниканы тізгіндеген ана 40 жыл бойы бел жазбай қызмет етіп келеді. Өзге әйелдер секілді тырнағын бояп, сәнді көйлек киюге аса құмартпайтын Гүлшат Өмірбекова беларусь тракторын ұршықша иіріп, бұзылса өзі-ақ жөндейтін дәрежеге жеткен.

«Трактордың рөліне 16 жасымда отырдым. Әрине мен де басқа бойжеткендер секілді әнші немесе дәрігер болғым келген басында. Университетке емтихан тапсырғаныммен сынақтан сүрініп, ауылға қайттым. Бос жүргеннен гөрі жұмыс жасайын деп мектеп қабырғасында техника жүргізу мамандығы бойынша оқыған күәлігіммен алғаш рет «Т25» деген тракторын тізгіндедім. Содан бері тура 37 жыл өтіпті. Өкінбеймін, біреуден кейін, біреуден ілгері тұрып жатырмыз»,- дейді Гүлшат Өмірбекова.

Шымкенттік механизатор әйел техниканың қыр-сырын меңгеріп, жұмысын жақсы атқарған соң совхоз басшылары культиватор мен комбайнды да жүргізу жұмысын сеніп тапсырған. Ерен еңбегінің арқасында ол көпке танылды, тіпті Шымкент облысы партия комитетінің бірінші хатшысы Рысбек Мырзашев Кеңес үкіметі тұсында Гүлшат Өмірбековаға су жаңа трактор да сыйлаған. Алғашқы қомақты сыйлығын тракторшы әйел әлі күнге аялап ұстап, жан досындай жақсы көреді.

Ер мінезді қайсар қыз сынған техниканы өзі жөндеп те алады екен.

«Бұл ауыр техника ғой. 40 жылдың ішінде қай жері тез сынып қалады, қалай жасау керек бәрін өзім үйрендім. Тетіктерін уақытылы майлап, күтіп ұстаймын. Дөңгелектерін ауыстырар кезде ғана ауылдағы ер азамататтарды шақырып, көмегіне жүгінемін»,- дейді тракторшы ана.

Совхоз тараған соң да сүйікті кәсібін жалғастырған Гүлшат қазір Төрткүл ауылы тұрғындарының егіншілігіне тапсырыс бойынша көмектесуде. Жасы 55-ті еңсерсе де ауыр жұмыстан қажымағанын айтады. Тұрғындардың тілегі бойынша, мақта түптеп, тіркеуіші мен егін тасып бір күнін бос өткізбейді.

"Трактор айдау мен үшін кәсіп қана емес, хобби десем болады. Кейде үйдің тірліктерін жасағаннан гөрі маған трактормен жер жыртып, егін орған оңай секілді", - деп күледі механизатор

Тракторшы ананың жұмысы таң сәріден басталып, кеш қарая бір-ақ бітеді. Несиеге алған су жаңа беларусімен күніне 10 гектарға дейін жер жыртып тастайтын кездері бар. Осындай еңбегінің де жемісін көріп отыр. Ауылдағы жоғары жалақы 80 мың теңге болса, тракторшы әйелдің айлық табысы кейде 300 мың теңгеге дейін жетеді екен.

"Мен трактор айдағанымды мақтан тұтамын. Осы кәсібім арқылы ел сыйлаған азаматтың бірі болдым. Егер өмірді қайта бастайтын мүмкіндік болса, ұшқыш болушы едім", - деп армандайды механизатор.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1553673-40-zhyl-boyy-traktor-aydaghan-shymkenttik/

pixel