Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

ОҚО-да мектепке хиджаб киетін оқушылардың ата-анасы орамалды шешпейміз деп отыр (фото)

Опубликовано:

«Соңғы қоңырау» шарасында түгелімен хиджабқа ұқсас киім киіп, желіні шулатқан мектеп түлектеріне қатысты жаңа дерек шықты. Мұндағы ата-аналар «қыздарымызға орамалын мәжбүрлеп шешкізсе, сабаққа жібермейміз» деп бекініп отыр. NUR.KZ порталының өңірдегі тілшісі желіні шулатқан білім ордасына арнайы барып, басшылық және тұрғындармен тілдесіп қайтты.

ОҚО, Мақтарал ауданы, А.Фердауси ауылында орналасқан А.Фердауси жалпы орта мектебінде 600-ден астам оқушы білім алады. Биылғы оқу жылында оның 33-і білім ұясын тәмамдап отыр.

Басшылыққа тағайындалғанына көп уақыт бола қоймаған директор Марат Сапаров орамал мәселесі мектептің басты проблемасына айналып отырғанын жасырмады.

Айтуынша, 1983 жылы пайдалануға берілген білім ұясында қыз балалардың орамал тағуы дәстүрге айналған. Бүгінде оқушылар көк түсті көйлек пен ақ түсті орамал тағады.

Тағы да оқыңыздар: Тегін такси қызметін ұсынған Қызылорда мешітіне халық алғысын жаудыруда (фото)

Мектеп директоры оқушыларды талапқа сай мектеп формасына көшіру бойынша ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстарын барынша жүргізіп жатқанын айтып, ағынан жарылды.

«Біздің оқушылардың орамал тағу процесі жүріп келгені рас. Бірақ ол хиджаб емес, өздерінің ұлттық киімдеріне сай орамал. Жаңа оқу жылынан бастап оқушыларды талапқа сай формаға көшіруді жоспарлап отырмыз.

Қазір біз ата-аналармен тығыз қарым-қатынаста жиналыстар жүргізіп, жалпы мектеп формасына өтеміз деп шешім қабылдап жатырмыз.

Әзірге түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Оқушылардың барлығы тәжік ұлтының өкілдері... Бізде осы орамал мәселесі ғана проблема болып отыр.

Тәртіп күшті, құқық бұзушылық жасағандар, ерте жүктілік, ерте тұрмысқа шығу, суицид деген атымен жоқ. Біліміміз де төмен емес. Әр саланың өзінің проблемасы болса, бізде осы орамал мәселесі болып отыр. Жүйелі жұмыс жасап жатырмыз, нәтижесі міндетті түрде болады деген ойдамыз», - деді мектеп директоры.

Тағы да оқыңыздар: Алматылық азамат өзінің танысын әдейі өртеп жіберіп, жанып кеткенше есікті ашпай қойған

«Ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз» деген директордың бұл сөзін ата-аналар қуаттай қоймайтын секілді. Себебі мектеп ғимаратынан шыққан біз ауылды аралап, тұрғындармен тілдесіп көрдік.

Өзін Абдували Ниязов деп таныстырған тұрғын екі қызы аталған мектепте білім алатынын алға тартып, олардың мектепке орамалмен баратынын растады. Тіпті бұл форманы мектеп басшылығының өзі бекітіп, ата-аналар оны арнайы тіктіргенін де жайып салды.

Айтуынша, жыл басында форма бекітіліп, оны 2000 теңгеге тіктірген.

«Талап бойынша орамал ешқандай да мектеп формасына жатпайды ғой» деген сауалымызға жауап берген Ниязов мырза орамал хиджаб емес, бар болғаны ұлттық киімдері екенін айтты.

Және де ешқандай заңға қайшы әрекет жасап отырған жоқпыз деген ол хиджабты мектеп оқушылары емес, ауылдың әйел азаматтары киеді дейді.

Тағы да оқыңыздар: Еліміздің қай қаласы ұрлық жасаудан көш бастап тұр?

Яғни, көпшілік орындарда ерлер қауымы әйелдерінен тұмшаланып киінуін талап етеді. Тұрғын оның себебін де түсіндіріп берді.

«Бөтен адам көрмесін дейміз ғой» деген Ниязов өзі және ата-анасы да осы Фердауси ауылында туып-өскенін алға тартып: «Мектеп орамалды шешкізеді дегенді естіген жоқпын, егер шешуі керек деген тапсырма болса, қыздарымды сабаққа жібермеймін. Тек мен емес, ауылдың басқа да тұрғындары солай жасайды» деп кесіп айтты.

Оның бұл сөзін тұрғын Комолходжа Васиев те қуаттап отыр. Сұхбат соңына қарай әңгімемізді телефон қоңырауы үзді. Әлдекіммен телефон арқылы сөйлескен фирдаусилық тұрғын «кіммен сөйлесіп тұрсың?» деп маған ұрысып жатыр» деді де, әрмен қарай сұрағымызға жауап беруге құлық танытпады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1510036-oqo-da-mektepke-khidzhab-kietin-oqushyla/

pixel