Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Астананың сылқым бикештері бағасы 200 мыңнан асатын көйлек киетін болып шықты (фото)

Опубликовано:

Жаздың жайдары күндері жақындай түссе, қыздар да гүлдей құлпырып шыға келеді. Еліміздің бас қаласында тұратын арулар да сәннен қалыс қалып жатқан жоқ. Астанадағы бағаның қымбаттығына қарамастан олар брендті киімге әуес. Ал шындығында астаналық арулар қайдан киінеді? Олар ай сайын киімге қанша қаражат жұмсайды? Бұл туралы  NUR.KZ порталы арнайы  сауалнама жүргізді.

Сауалнамаға барлығы 45 қыз-келіншек қатысқан. Олардың жартысына жуығы шаһардың белгілі сауда орталықтарынан киінетінін алға тартты. 16 ару «киімді сатып алатын орын маңызды емес, бастысы сапасы» деп жауап берген. Ал біразы «киімді базардан  сатып аламын» десе, екі қыз киімді шетелден тапсырыс арқылы алдыртатынын айтқан.

Бойжеткендердің көпшілігі отандық брендті киімдерді білетін болып шықты. Алайда, олардың атауын естісе де, сатылымда кездестірмегенін айтады. Сол сияқты қазақстандық киім деген түсініктен мүлде хабарсыз арулар да бар екен.

Сауалнамаға қатысқан астаналық 20 арудың ай сайын тек киімге 100-200 мың теңге аралығында қаражат жұмсайтыны белгілі болды. Олардың арасында айына 200-300 мың теңге көлемінде қаражат шығарып киінетін қыздар да жоқ емес.

Елордалық қыз-келіншектер жұмыс орны мен күнделікті тұрмысқа бүгінгі заман талабына сай, сәнді әрі сапалы киім кигенді жөн санайды екен. Шаһар сұлулары «сәнді киімге қол жеткізу үшін, әйгілі дизайнерлерге тапсырыс берудің қажеті жоқ» деген тоқтамға келді.

Бас қаланың алып сауда орталықтарына жиі бас сұғып, сәнді киім сатып алушылардың бірі – Камилия Конопьянова. Бойжеткеннің айтуынша, ол өз гардеробындағы киімдердің басым көпшілігін елорда сауда орталықтары мен шетелдегі құрбыларынан тапсырыс беріп алғызады екен.

«Шетелге шыққанда сол жақтан киінетінім рас. Мәселен, Астанадан таппаған киімдерді сол жақтан, байерлерге тапсырыс беріп тауып жатамын. Ал, кейде Лондондағы құрбыма тапсырыс беріп, өзімен ұнаған киімдерді алдыртамын. Қазір инстаграм желісі арқылы өз «қалауыңды тауып» сатып алуға да болады», - дейді ол.

Соңғы кездері ол бағасы арзан әрі сапалы брендтерге де көңілі түсіп жүргенін жасырмады.

«Мысалы кейінгі кездері кәрістік брендтерге аңсарым ауып жүр. Сондай-ақ, ресейлік, украиналық, түрік, қазақстандық дизайнерлердің қолынан шыққан өнімдерді де сатып аламын», - дейді Камилия.

Бойжеткен, сонымен бірге, отандық дизайнерлердің «туындыларын» да сатып алып тұратынын атап өтті. Десе де, оның ойынша, қазақстандық киім-кешек сапасы тұрғысынан шетелдік өнімнен қалыс қалатын көрінеді.

«Сән әлемі саласында, аз-маз тәжірибем болған соң, айтарым, бізде жеңіл өнеркәсіп кенжелеп қалған. Сондықтан қазақстандық дизайнерлерге аяғынан тік тұру өте қиын. Бізде мақта-мата шығаратын арнайы фабрика жоқ. Сол себепті барлығын Қытайдан әкелуге тура келеді. Осынша шығынның салдарынан, отандық өнім әрине, қарапайым тұтынушы үшін, қымбатқа түсетіні анық», - деп топшылайды астаналық ару.

Ал, «сатып алған ең қымбат көйлегіңіз қанша тұрды» деген сауалға, Камилия: «Бұрындары жастықпен, балалықпен киімге қыруар қаражат жұмсайтынмын. Мәселен, бір көйлекті шамамен 3 мың долларға сатып алғаным бар. Ал, қазір, керісінше, бағасынан бұрын сапасы мен қарапайымдылығына баса мән беремін. Бастысы, өзіме жарасса болғаны», - деген жауапты алға тартты.

Сонымен бірге, Камилия қол сөмкесі үшін де ақша аямайтынын жеткізді. Бойжеткен, осылайша, өзіне құны 3 мың доллар тұратын сөмке сатып алғанын атап өтті.

Астаналық қыз-келіншектерге де Камилия қаражатты киімге шаша бермей, білімге, өзін-өзі жетілдіруге жұмсау керек деп кеңес берді.

«Сәннің соңынан қуып жете алмаймыз. Өзіңізге жарасымды киім киген жөн деп санаймын. Және өзіңізді өзгелерден ерек қылатын өз стиліңізді тапқан жөн. Ақшаны желге шашып, құртатын заман артта қалды. Қазір қарапайымдылық басты трендте деп санаймын».

Бойжеткен бұл жолы да дүкеннен сәнді белдемше мен әдемі сырға сатып алды. Айте кетерлігі, дүкен «өнімдерінің» бағасы да баршылық. Мәселен, кей көйлектердің бағасы 150 мыңнан кем түспесе, аяқ киім бағасы – 200 мыңнан асып түсті.

Ал, Камилияның көңілінен шыққан көк юбканың бағасы – 87 мың теңгені құрады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1508908-astananynh-sulu-boyzhetkenderi-shahard/

pixel