Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

12 жасар Жәнелдің анасы "ауру қызына" жинаған 10 млн теңгені қайтаратын болды

Опубликовано:

«Қайрымды жандар» еріктілер тобы жинаған 12 миллион теңгенің дауына бүгін нүкте қойылды деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Естеріңізге сала кетсек, 2016 жылы Алматылық жастар бір бүйрегі істен шыққан Жәнел Жайлауоваға арнап түрлі шаралар ұйымдастырып, нәтижесінде 12 миллион теңгені науқас баланың анасының есепшотына аударған болатын.

Артынша, трансплантация отасы квота арқылы елімізде тегін жасалғаны және донор ретінде Жәнелдің ағасы бір бүйрегін ақысыз бергені белгілі болған. Осыған байланысты еріктілер тобы Жәнелдің анасы Ақмарал Жақсылықовадан берілген соманы кері қайтаруын талап еткен еді.

«Алматыда өте шұғыл отаны қажет ететін он шақты науқас бар. Бұл қаржы сол азаматтарға кетеді. Себебі, Жәнел отандық емханада тегін емделді және келісімшарт бойынша жұмсалған соманы дәлелдейтін түбіртек болмаса жиналған қаржы «Қайрымды жандар» қорының есебіне аударылуы қажет» деп ауру қыздың анасын сотқа берген болатын. Алғашқы сот отырысында Жәнелдің анасы «алты миллион теңгені қыздың еміне жұмсадым» деп есеп түбіртектерін әкелген. Алайда оның өзі өтірік болып шықты», - дейді топ жетекшісі Мәулен Алғазы.

«Алты миллион теңгенің есебін қарап отырып, көбісі өтірік екені анықталды. Оның ішінде бөтен біреудің қан сараптамаларына төленген, дүкеннен ботқа сатып алған секілді түбіртектер күмәнді. Сондай ақ, бұл әйел мемлекеттен тегін ота жасалатынын біліп тұрып, халықтан жылу жинаған. Келісімшартта ақша отаға төленбеген жағдайда кері қайтарылады деген талапты біліп тұрып, қайтарғысы келмейді» , - дейді «Қайрымды жандар» тобының қорғаушысы Жанна Шапатова.

Алты миллион теңге үйімде тығулы тұр

Сот отырысы кезінде халықтан жиналған алты миллион теңге әлі жұмсалмағанын және оны Жәнелдің анасы үйінде ұстап отырғаны белгілі болды. Ол қаржыны қайтармас үшін сот отырысына ауру қызын да сүйреп келіп, судьядан әділдік сұрап, ақшаны жайына қалдыруды талап етті.

«Мен оларға (Қайрымды жандар қорына) бір тиынды да қайтармаймын. Неге беруім керек? Менің қызым өмір бойына мүгедек. Халық Жәнелге деп жинап берді. Ол ақша Жәнелдің басқа да дәрілеріне жұмсалады. Қызым толық жазылып кеткен жоқ, қан қысымы көтеріледі, жүрегі ауырады. Күніне тоғыз рет дәрі ішеді. Тек күтіммен ғана отырмыз», - дейді Жәнел Жайлауованың анасы Ақмарал Жақсылықова.

Алайда, Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының судьясы Қалиева Әйгерім тегін ота үшін жылу жинап алған келіншектің сөзіне сенбеді. «Қайрымды жандар» тобы түсірген талап арызды қанағаттандырып, халықтан жиналған он миллион теңгені кері қайтару туралы шешім шығарды.

Ерікті жастар болса, қуанғандарынан көздеріне жас алып, бір-бірін құттықтаумен болды.

«Біз соттың әділ шешім шығаратынына сендік. Бұл он миллион теңге науқас балаларға жұмсалады. Ал, бір бөлігі Жәнелге донор болған ағасының еміне беріледі. Біз бұнымен тоқтамаймыз. Ақмарал Жақсылықова мені алаяқ, халықтан өтірік ақша жинап, джип мініп, той жасады деп ел алдында масқаралағаны үшін сотқа беремін», - дейді Мәулен Алғазы.

Ал Жәнелдің анасы болса, жоғарғы сотқа қайта шағымданбақ.

«Біз аппеляциялық сотқа шағымданамыз. Осы ақша үшін күйеуіммен де ажырастым. Себебі, осы жайт орын алған соң күнде ішіп келеді, құмар ойын ойнайтын болды. Ал қызыма тыныштық керек. Донор болған інісі де ойынқұмар, мен берген ақшаны автоматқа салып ұттырып жіберген. Ал туыстары маған емес, ұлдарына ғана сенеді. Қазір ешкіммен араласпаймыз, Алматыда тұрамыз», - дейді Ақмарал Жақсылықова.

Бұл жаңалықты Whatsapp арқылы немесе әлеуметтік желіде бөлісіңіз

⇓⇓⇓

Тағы оқыңыздар:

Желіде Қанат Исламның жекпе-жегі алдындағы видеосы пайда болды

Атауы жоқ түсініксіз картина аукционда $110 миллионға сатылды (фото)

Англияда оқитын қазақ жастары жойқын жарылыстан қалай аман қалғандарын айтты

Қостанайда 5-қабаттан құлап кеткен сәбиді құтқару үшін дәрігерлер жанталасып жатыр

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1501887-11-zhasar-zhaneldinh-anasy-auru-qyzyna-zhin/

pixel