Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Арбаға таңылған аруды алып қашқан жігіт оны алақанына салып, аялап отыр (фото)

Опубликовано:

Ақтөбелік Әлия Сағындықова болашақ жарымен әуелі хат жазысып танысып, бір жылдай уақыт аралығында кездесіп жүрген. Жас жұбайлардың отбасылық хикаясы һәм балалы болуы да шытырман романға бергісіз… Достарының денін әлеуметтік желі арқылы тапқан оны, өзінің айтуынша, сал ауруына шалдыққанын есептемегенде, бақытты адамдардың қатарына қосуға әбден болады деп жазады Ақтөбе газеті.

Кішкентайынан мүгедектік арбамен қозғалатын Әлия жұрт қатарлы орта білімді мектепте игеріп, артынша бірқатар тағдырластары сынды оқуын жалғастыра алмаған. Бұған мүмкіндігі шектеулі жандарға ол жағынан қамқорлықтың аздығы, сондай-ақ, отбасының әлеуметтік жағдайы әсер етіпті. Бірақ оның өмірі 22 жасында, яғни 2013 жылы күрт өзгереді. Сол жылдары хат-хабар алмасуға ыңғайлы жаһандық желі — майл-агент Әлияның қоңыр тіршілігінде шуақты күндерінің орнауына үлкен дәнекер болды.

"Бірде ғаламторда отырсам, бейтаныс жігіт хат жазды. Оның да сол мезетте «іші пысып» отырса керек, әңгімеміз бірден жарасып кетті. Есімінің Руслан екенін, өзінің 1987 жылы туғанын айтқан ол іле-шала телефон нөмірімді сұрады. Не деп жауап қайтаратынымды білмей, алғашында үнсіз қалғаным рас. Келесіде сол әңгіме қайта басталғанда, «Әуелі суреттерімді көрсеңші…» дедім. Интернеттегі парақшама арбамен отырған суреттерімді де жүктегенмін.  Ол бәрін содан кейін ғана ұқты. Десе де, теріс айналған жоқ. Бұл жағдай біздің дос болуымызға кедергі емес екенін айтты", — деген Әлия арада үш ай өткен соң онымен алғаш рет бетпе-бет кездескенін, сөйтіп, мұндай қауышулардың бірте-бірте жиілегенін айтты. Әдемі түсіністіктен бастау алған достық көп ұзамай махаббатқа ұласады…

Қыздың әке-шешесі, бауырлары олардың қосылуына үзілді-кесілді қарсы болады. Ал, он екі мүшесі сау, тек қолдың қысқалығынан орта біліммен шектелуге мәжбүр болған ырғыздық жігіттің ата-анасы аталған мәселеде екі жастың жүрек қалауына ерік беріп, олардың кез келген қадамын құптайтынын ғана жеткізеді.

Бір жылдай қыз бен жігіт боп сырласып жүргендер бұрынғының «әдісіне» көшуге бел буады. Әлия інісінен оны далаға алып шығуын өтініп, Русланға телефон шалады. Руслан оны сол жерде алып қашады. Ерлі-зайыпты атануға асық қос ғашық осылай үлкен өмірге аяқ басқан.

"Жастықтың буы ма, әлде махаббаттың әсері ме, алғашында бәрі тамаша болды. Екеуміз жалдамалы пәтерде тұрдық. Ол күн ұзағына жұмыста болады, мен үйде отырамын… Бір күні өзімді жайсыз сезініп, әлдебір ерекше күй кештім. Бұрын-соңды болмаған жағдайды өткеріп жатқанымды, денсаулығымда өзгерістің барын сезіндім. Кейін дәрігерге барып көрінгенімде, өзімнің жүкті екенімді білдім. 

Бұл хабарды естіген туған-туыстарымды айтпағанда, дәрігерлердің өзі мүгедек адамның бала тууы екіталай екенін, солай болған күнде де дені сау ұрпақтың өмірге келуі мүмкін емес екенін айтып, мені жасанды түсік жасатуға көндіргісі келді. Жолдасым да екіұдай сезімде болып, менің өміріме қатты алаңдады. Өзім бір сәтке де ойымнан айнымадым. Алла мені әйел заты қылып  жаратқан екен, ендеше, ана болуым керек деп шешім қабылдадым, — деген Әлияның «ерекше күйдегі» көп уақыты да тиісінше медициналық мекемелерде өтеді.

2015 жылдың 1 маусымында жас келіншек көптен күткен қуанышқа кенеледі — дәрігерлердің көмегімен тұңғышын босанады. Тағдырдың жазғаны болар, денсаулығында кінәраты жоқ боп туған ұл баланы ақ халаттылар қолын шығарып алады да, нәресте үш айдай төсекте қозғалыссыз жатуға мәжбүр болады.

Өзіндік ауыртпалықпен басталған жас отбасының күні бүгінде біреуден ілгері, біреуден кейін. Бастысы, тұрмыстық тауқыметтерге бола екі жаққа бөлінбеді. Отағасы қаладағы дүкендердің бірінде жүк тиеуші болып жұмыс істейді, Әлия баламен үйде отыр. Мемлекеттен денсаулығына байланысты 45 мың теңге көлеміндегі жәрдемақы алады. Ал биыл екі жасқа толғалы отырған Абат шауып жүр.

Арбада отырғанына қарамастан Әлия ас әзірлейді, үй жинайды, басқа да әр әйел атқаруға тиіс ірілі-ұсақты шаруаны ұршықша үйіреді. Бір орында отырмайтын баласына да қарайды. Одан бөлек, Әлияның сөзімен айтсақ, қыз кезінде ол қоғамдық жұмыстарға да белсенді қатысқан. Оған дәлел — үйінің төрінде ілулі тұрған шығармалар жазудан ұйымдастырылған байқаудан жеңіп алған дипломы. Ол осыдан бірер жыл бұрын тірек-қимыл жүйесі бұзылған жастардың арасында I орынның иесі атанған.

Суретті де бір адамдай шебер салатын Әлия, мүмкіндік болса, балабақшада тәрбиеші болуды қалайтынын, кішкентайлармен жұмыс істегенді жаны сүйетінін айтып қалды.

"Жасым бар болғаны 26-да. Алла сәтін салса, тағы да балалы болғым келеді. Жолдасым да қарсы емес. Бұйыртса, ұлым сәл оң-солын танысын, қолғанат болатын жасқа жетсін деп отырмын. Әйтпесе, балаға қарайтын адам керек қой. Руслан жұмыста болады, бауырларыма қолқа сала беру де ыңғайсыз. Әркімнің жеке өмірі бар.

Тағы бір арманым — ең болмағанда Алматы немесе Астанадағы мықты дәрігерлерге қаралу. Өйткені аяғымда аздап жан бар, бәрін сезеді, өздігімнен жүріп кетсем деп күні-түні Жаратқанға дұға етемін, — деп сыр ақтарған Әлия өзінің жалғыз еместігін, ол секілді қыз-жігіттермен әлеуметтік желі арқылы ұдайы байланысып тұратынын қосты. Қолы қалт ете қалса, тағдырластарымен экранның арғы жағында пікір алысатын кейіпкеріміз оларға ылғи айтатын ақылын да ортаға салды.

«Мен секілді мүгедек жастар аз емес. Бірақ олар да басқа бойдақтар секілді өзінің арманындағы адамды іздейді. Оларға айтарым, барлық жағынан мінсіз, талабына сәйкес келетін жанды кезіктіру мүмкін емес. Бұлай жүре берсе, өмірінің соңына дейін жалғыз өтетінін айтудан жалықпаймын. Адамның бір қыры ұнады ма, соның етегінен ұста деймін оларға… Ең бастысы, сен дегенде жаны таза болсын. Қандай адам болсын, жұп болып бірге тіршілік кешкен әлдеқайда жеңіл деп ойлаймын…» деп сөзін қорытындылады Әлия.

Тағы оқыңыздар:

Алтын жалатылған көліктер мен тікұшақ: Еліміздегі бай-бағландардың тойы қалай өтеді?

Шымкенттік тұрғындар әлі күнге дейін үтікті көмірдің қызуымен жылытып отыр (фото, видео)

Еліміздегі банктердің бірі кредитін төлей алмаған отбасының қызын тартып алмақ болған

Доллар арзандағанымен, азық-түліктің құны екі есеге қымбаттап кеткен

Қостанайда йогурттан уланған екі жасар бүлдіршін қайтыс болды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1418821-arbagha-tanhylghan-arudy-alyp-qashqan-zhig/

pixel