Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкенттік тұрғындар әлі күнге дейін үтікті көмірдің қызуымен жылытып отыр (фото, видео)

Опубликовано:

Шымкенттік тұрғындар «қалалық» атанғанымызбен, жағдайымыз ауылдағылардан да жаман деп дабыл қағуда. Көгілдір газды айтпағанның өзінде, ауыз суға зар болып отырған тұрғындар түнгі уақытта сыртқа шығудан қалған. Үйдің айналасын бойлаған шибөрілерден ажал құшып қаламыз ба деп зар илеп отыр, деп хабарлайды NUR.KZ-тің өңірдегі тілшісі.

Шымкентке қарасты Абай ауданы, Ынтымақ-2 елдімекені тұрғындарының жүріп-тұруы мұңға айналған. Сан жылдар бойы ауыз суды армандап келе жатқан қараша халық қар мен жаңбыр жауса, батпаққа батып, өлместің күнін кешіп жүрміз дейді. Жасым 75-ке келсе де, көрген күніміз осы деген кейуана Қызбала Күмісбекова жерлестерін мазалап отырған проблемаларды жіпке тізгендей етіп жайып салды.

«Бұрын бізде тіпті электр жарығы да болмаған. Әкімдіктің есігін қағып жүріп, әйтеуір жарық келді. Оның өзінде электр энергиясын ауылдың барлық тұрғындары тұтына алмайды. Ауыз су басты бас ауруымыз болып тұр. Аптасына бір рет водовозбен су келеді. Әр үйге 400 литр ғана су береді. Ол тек ішуге ғана жетеді. Ал біздің ауылда көпбалалы отбасылар бар. Әйтеуір көлігі барлар, суды басқа жақтан тасып ішіп отыр», - деді отыз жылдан астам уақыт бойы трактор айдап, күн көріп келген кейуана.

Ынтымақтық кей тұрғын жарық болмаған соң күнделікті киімін көмір салып, қыздырылған үтікпен үтіктейді. Тура бір қараңғылық заманды еске салады. Одан бөлек зейнеткер Күмісбекова жол мәселесі де әбден шаршатып біткенін айтты.

«Мен онкологиялық дертке шалдығып, дәрігердің көмегіне жиі жүгінемін. Жедел жәрдемді жиі шақыртамын. Ұлым оларды көтеріп алып шығады үйден. Себебі көлік көшеге кірсе, шыға алмайды. Былтыр Шымкент әкімінің қабылдауында болдым. Сонда Абай ауданының әкімі Шымкент басшысына су жеткен деп айтып отыр. Сонда мен тұрып «беретін бір тостақ суларың жетпейді бізге» деп айттым. Балаларымыз үш шақырым жерде орналасқан мектепке қатынап оқиды. Оқушыларды мектепке тасымалдайтын автобус қажет деп едім, қала әкіміне рахмет, айтқанымды екі етпеді. Шүкір, балаларымыз автобуспен қатынап жүр. Тек аялдамаға дейін бір шақырымдай лай-балшықты кешіп жүруге мәжбүр. Аялдама дегені аты болғанымен, заты жоқ бірақ», - деп ашынған кейуана кеңес үкіметі кезін сағынышпен еске алды.

«Совет үкіметі кезінде «болады» делінген нәрсе міндетті түрде болатын. Егер орындалмаса, оны айтатын. Ал қазір тек уәде береді де болды. Проблемамды айтып, Абай ауданы әкімі мен орынбасарына талай рет бардым. Әдемі сөйлеседі, тек құрғақ уәдемен шығарып салады. Құры айқайға салғаннан ештеңе шықпайтынын олар да біледі ғой. Биліктегілер әбден «опытный» болып алған. «Болды, апа» деп сылап-сипап шығарып салады. Абай ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Тілеш осыдан бірнеше жыл бұрын аялдама салып, жолды қатырып беремін деп уәде беріп еді, тіпті үйім мен аялдама аралығын өзі өлшеп, 900 метр екенін айтты», - деген Қызбала апа былтыр жылдың соңында газ жүргіземіз деп әлдекімдердің жер қазып, құрылыс жүргізгенін байқаған екен.

«Газда істейтін мамандардан сұрадым, құбырды жүргізгенде бір күндей қысымын анықтайды екен. Ал олар келді де көміп кете салды», - деді зейнеткер.

Айтпақшы, Қызбала апа денсаулығы сыр бергеніне қарамастан талай есікті қағып жүріп, әйтеуір көшесіне тас төсетіп алдырыпты. Бір қызығы, тас зейнеткердің үйіне дейін төселген. «Осы кемпір тыныш отырсын деген шығар, тас төселді. Оның өзі бізге асфальттай көрінеді» деген Қызбала Күмісбекова су жоқ болған соң ауладағы дәретханаға шығатынын, ал түнгі уақытта сыртқа шығу үрейге толы екенін айтты.

«Түнгі уақытта анау сай жақтан шибөрілер келеді. Дауыстарынан көз ілінбейді кейде. Есік-теремізді құлыптап отырамыз. Шибөрілердің құтырғаны иттерімізге шауып, балаларымыздан айырылып қаламыз ба деп қорқамыз», - деді тұрғын.

«Теледидардан көріп отырмыз ғой, үкіметтің миллиардатаған қаржысын жұмсай алмадық деп керіп қайтарып жатыр ғой. Неге біздің проблемамызды шешіп бермейді? Биліктегілердің қалай байып жатқанында шаруам жоқ, қарапайым халықтың жағдайын ойласа қайтеді?», - деп ойын түйді кейуана.

Он мыңға жуық тұрғыны бар Ынтымақ-2 елдімекенінің халқы үшін ауыз су, жол сынды мәселелердің шешілуі әзірге арман ғана. Халықтың шағымын естіген соң Абай ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Тілеш мырзаға хабарластық. Алғашында еңбек демалысында жүргенін алға тартқан шенеунік кейіннен бұл мәселеге қатысты сұхбат беруге келісті. Әкім орынбасарының айтуынша, ауыз су мәселесінің әлі күнге дейін сағызша созылып келуінің өз себебі бар.

«Халықтың көптеп қоныстануына байланысты және қала аумағына қосылған елдімекендерді ауыз сумен қамтамасыз етуге қазіргі су жүйесі қысымының жетіспейтініне байланысты жаңа су жүйесі (водовод) тартылуда. Осы жүйе арқылы бірқатар елдімекендерді ауыз сумен қамтуға мүмкіндік болады. Қазіргі су қысымы жеткіліксіз. Осы мәселеге байланысты болып отыр», - деді Абай ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Тілеш.

Бір қызығы, билік талай жылдан бері жанайқайын жеткізіп келген халықты енді ғана елеген секілді. Ауыз су жеткізу үшін жобалық–сметалық құжат дайындауға ұсыныс тек биыл ғана беріліпті. Тағы бір ерекше назарға алатыны, халық тасымалды ауыз су аптасына бір рет келетінін айтса, шенеунік «ЛТД Тұрмыс» ЖШС тарапынан күніне екі рет жеткізіледі дейді. Одан өзге биыл елдімекендегі қалған көшелерге шағал тас төсеп, жарықтан тыс қалғандарды электр жарығымен қамтамасыз ету жұмыстарына қаржы бөлуге ұсыныс берілген. Ал көгілдір отын мәселесіне келсек, 2017 жылы 1108 үй газға қол жеткізеді. Қысқасы, шенеунік Абай ауданы аумағында орналасқан елдімекендердегі өзекті мәселелерді шешу мақсатында арнайы іс-шаралар жасалынғанын алға тартып, жұмыстар жоспарлы түрде жүргізіледі деп сендірді.

Тағы оқыңыздар:

Алтын жалатылған көліктер мен тікұшақ: Еліміздегі бай-бағландардың тойы қалай өтеді?

Дәрігерлер Маржан Тұрлыбай жатқан Түркістандағы атышулы мекеменің былығын әшкереледі

Өскеменде тырдай жалаңаш қыздар салонда ерлерге қызмет көрсетуде (фото +18)

Алматыда жүргізуші кішкентай қызды қағып өлтіріп оқиға орнынан тайып тұрды (фото)

Ақтөбелік шенеунік екі әйелді аяусыз құлдықта ұстаған

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1418408-orta-ghasyrdaghyday-omir-suretin-shymke/

pixel