Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Не себепті қазақтар соғым жеуді тек түсінде көретін болған? (фото)

Опубликовано:

Ықылым заманнан малды кәсіп еткен қазақтың аузы қашан да ет пен майдан ажырамаған. Ал соңғы кездері ет жеуден алдына жан салмайтын қазақ соғым союды қойды. Соғымды бүгінде қолы жеткендер ғана сояды. Себебі, ет қымбат. Қалалықтарды қойып, ауылдағы ағайын да бір малды екі-үшке бөліп, берекесін қашыруда.

Алматыда еттің бағасы қанша? Тұрғындар қыс азығын қамдап үлгерді ме? Осы ретте NUR.KZ порталы соғым науқанына қатысты кейбір жайттардың басын ашты.

Мектепте техникалық қызметші болып жұмыс істейтін Айымгүл Сүйіншіқызы бүтін соғым жеуді армандайды. Ол базардан қолындағы 5000 теңгеге тиетін екі-үш келі етін алып, соны қанағат тұтпақ.

"Соғым жеуді тек түсімізде көретін шығармыз. Айына алатын жалақым 35 мың теңге көлемінде. Осылай айына екі-үш келі ет алып, қыстан шығамыз", - дейді ол.

Соғымға қолы жетпей, еттің дәмін аңсап жүрген жұрт Алматыны етпен қамтамасыз етіп отырған атақты "Алтын орда" базарын жағалайды. Еттің қымбаттығына қарамастан, бұл жерде халықтың қарасы көп.

«Қазір сиыр етінің орташа бағасы 1300 теңге, ал жылқы еті 1600 теңгеден басталады», - дейді ет сатушысы Әйгерім Тіленшиева.

Базардағы саудагерлер соғым науқанына байланысты ет қымбаттайды дегенді жоққа шығарып отыр. Олар базардағы ет бағасын бәсеке реттейтінін айтады.

Базар әкімшілігі де жеке кәсіпкерлердің қоятын бағасына араласа алмайтындықтарын жеткізді.

Мұнда әкелінген әрбір малдан сынама алынып, зертханада қатаң тексеріледі екен. Ветеринар-дәрігер беретін арнайы анықтамадан соң ғана сойылған малдың еті сатылымға жөнелтіледі.

Малдың ішек-қарыны, бас-сүйегін сатып алушылар да табылады.

Ғаламторда соғым науқанына орай ұсыныстар көбейіп кеткен. Олардың бағасы малдың күйіне байланысты әр түрлі. Сиыр етінің келісі 1200 теңге болса, жылқы еті 1400 теңге шамасында. Мал сатушылар тұтынушыға сойып, тазалап, тіпті үйіңізге жеткізіп береді.

Осындай екі жасар ірі қараны сатып алу 250 мың теңгеге шығады.

«Соғымға байланған жылқы сатамыз. Бағасы салмағына байланысты. Жас мал. Келіп тірідей таңдауға болады», - деген сияқты жарнамалар ғаламторда көзге жиі ұшырасады.

Қала маңында осы сұранысты кәсіпке айналдырған азаматтар көп. Жыл сайын ірі қараны тапсырыс бойынша бордақылайтын Асан Мұқашев биыл бес жылқыны байлап отыр.

Дегенмен, алматылықтардың көпшілігі қыстық соғымды ауылдан арқалайды. Алматылық Берік Сапарқұлов - қыстың қамын жаз ойлап қойған азаматтардың бірі. Ол ауылдағы ағайынына алдын ала бір жылқыға тапсырыс беріп қойған.

«Соғымдық малды өз таныстарымыздан алғанды жөн көреміз. Биыл жылқы мен сиырды сойып, ағам екеуміз теңдей бөліп алмақпыз. Еті мол, жемделген мал. Оның үстіне олар уақытылы егілген, сенімді», - дейді Алматы тұрғыны.

Статистикалық деректерге сүйенсек, соңғы уақытта елімізде ірі қара малдың басы көбейген. 2015 жылы оның саны 6 миллион 100 мыңнан асып жығылған. Осыған қарамастан, елде ет бағасы шарықтап тұр.

Тағы оқыңыздар:

Васька есімді мысықты ұрлаған павлодарлықтың басы бәлеге қалды

Ақмола облысында ақыл-есінде ауытқушылығы бар әйел жоғалып кетті

Сауд Арабиясы "тыңшылық жасаған" 15 адамды өлім жазасына кесті

Иесінің айтқанын екі етпей орындайтын ит желіде жұлдыз болды (видео)

Тапқыр жігіт ғашығына "ешбір бойжеткен бас тарта алмайтын" ерекше ұсыныс жасады (фото)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1340366-ne-sebepti-qazaqtardynh-deni-soghym-zheu/

pixel