Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Өлер алдында хат жазып кеткен бойжеткеннің ата-анасы марқұмның қалай қаза болғанын айтты (видео)

Опубликовано:

Бақилық болар шағында хат жазып қалдырған Айгүл есімді мұғалім қыздың  ата-анасы оның өмірден ерте кетіп қалуына «медициналық көмек тіркелген жерде ғана көрсетіледі» деген ереженің себеп болғанын алға тартады.

Бұл туралы NUR.KZ порталы Астана телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Айықпас дертке шалдыққан жас ұстаз жақындарының қабырғасын қайыстырып, келместің кемесіне мініп кете барды.

Марқұмның ата-анасы Қостанай облысындағы Константиновка ауылында тұрады. Айгүл алғаш ауырғанда ауыл іргесіндегі Рудныйға апарған. Бірақ қалалық емхана дәрігерлері тіркеуде жоқ деген желеумен науқасты қабылдамай қояды.

«Рудныйда жатқанда, тексеріп емдемей ме? Бізде тіркелмеген деп қалай ауру адамды шығарады? Сол қынжылтады бізді. Министрліктің бәрімізді бір жерге тіркеп қойғанына қарсымын. Сонда адам өле берсін бе, егер тіркелмеген болса?» - деп налиды Айгүлдің анасы.

Амалы таусылған ата-ана Айгүлді 250 шақырым жердегі Жітіқара ауданына апаруға мәжбүр болады. Аудан орталығындағы ағайынның үйіне жедел жәрдем шақыртады. Реаниматолог Сергей Акимов Айгүлдің өмірін сақтап қалады. Дәрігерлер оған «Миастения» яғни, бұлшықеттің әлсіреуі деген диагноз қояды. Асқынған дерт ақыры ажал құштырды. Айгүл Құсайынова биыл маусым айында дүние салды.

Қайғыдан қан жұтып отырған Айгүлдің туыстары селолық және аудандық дәрігерлердің селсоқ қызметінен көңілдері қалғанын айтады.

«Аудандық аурухананың жедел жәрдем машинасы сол кездерде сынып тұрды. Қызым ауырып шақырғанда келмеді. Оның үстіне Астана жаққа жіберетін квота да кеш белгіленді», - дейді әкесі Таңатар Құсайынов.

Айгүлдің анасы Әлия Құсайынова қызының туған-туыстарының қамын ойлайтын қамқор болғанын айтып, көзіне жас алды.

Еске сала кетсек, әлеуметтік желідегі парақшада 22 жастағы Қостанай тұрғынының өлер алдындағы хаты пайда болып, жұрттың жүрегін елжіреткен еді.

Тағы оқыңыздар:

Қайрат Нұртас жантүршігерлік жол апатына түсті (фото)

Бас прокурор: Өмірінде қолына Құран алмай, отбасынан безгендер діншіл болып жүр

Қайрат Нұртастың көлігі жылқыларға соғылған (фото)

Сахнада шындықты айтуымен танылған айтыскер ақын депутат болып кетті

Оралда 6 жыл бойы секс-құлдықта болған бойжеткендер көрген азаптарын баяндады

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/accidents/1301005-oler-aldynda-khat-zhazyp-ketken-boyzhetk/

pixel