Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкентте бір рет көрген қыздарды алып қашып, келін қылатыны рас па?

Опубликовано:

Қыз алып қашу салт па, әлде жабайылық па? Бұл бірнеше рет талқыланғанымен, әлі де нүктесі қойылмаған даулы тақырып екені сөзсіз.

Ол аз дегендей, жігіттің әжелері табалдырыққа нан қойып, тіпті өздері жатып алып, еркімен келмеген қызды қалуға мәжбүрлейді. Соның ішінде ел арасында «Шымкентке барсаң, алып қалады екен» деген пікірді де жиі естиміз. Неліктен?

Осы ретте аймақтағы NUR.KZ  тілшісі шымкенттіктер арасында сауалнама жүргізіп көрді.

Бүгінде екі қызды тәрбиелеп отырған Мейіржан мен Маржан да кезінде алып қашу салты бойынша отау құрған. Одан бері алты жыл өтіпті. Екі жарым жылдай қыз бен жігіт болып кездескен олар өзара осындай шешімге келген. Оның өзіндік себебі де жоқ емес.

«Менің де, Мейіржанның алдында үлкен ағамыз болды. Содан ата-аналарымызға айтуға қымсынып, алып қашуына келісімімді бердім. Хабаршы жіберіп, қуғыншылар келіп, біздің бақытты болуымызды тіледі. Бастысы, мен өз еркіммен босағаны аттадым. Шүкір, бақыттымыз. Өз келісіміммен барған соң бар, орамал салғызбау немесе әжелердің табалдырыққа жатып алуы деген болмаған», - деді екі баланың анасы Маржан Икрамова.

Оның сөзін жолдасы Мейіржан Баймұрзаев та қоштай кетті.

«Иә, бастысы келісіммен ғой. Ал негізінен қыздың келісімінсіз бас салып алып қашу – еркектік емес. Себебі оның соңы сәтсіздікке, бақытсыздыққа әкеп соғуы мүмкін», - деді отағасы.

Ал Маржанның ойынша алып қашу құрбандарының бәрі бақытсыз бола бермейді екен.

«Мен ол кезде әлі мектеп оқушысы едім. Әпкемді бейтаныс біреу бас салып алып қашып кетті. Кейін естідік қой, орамалды күштеп салып, тіпті әулеттің үлкен әжелері табалдырыққа жатып алып, «аттап өтсең, өмір бақи бағың байланады» деп айтыпты. Қыз қанша қарсы болғанымен, үйіне хабаршы келген соң ата-анасы келісімін берді. Өйткені бізде «қайтып келген қыз жаман» деген бар емес пе? Ата-анасы ақ батасын берген қыз қалды. Шүкір, әпкем бүгінде төрт қыз, екі ұлдың анасы», - деп өткенін еске алды жас келін.

Шымкенттік тұрғын Сәбит Сапарбеков ешбір келісімсіз алып қашуды қазіргі кезде жоқ деп есептейді.

«Қыз алып қашу дегенді басқа қаладағылар түсінбеуі мүмкін. Сол себепті бірден шошып кетеді. Негізі алып қашуға өз басым қарсы емеспін, әрине, егер келісім бойынша болса. Ал мүлдем танымайтын қызды бір көріп алып қашу – дұрыс емес. Ол жабайылыққа жатады. Ондай жағдайды қазіргі кезде жоқ деуге болады. Егер қыздың жағдайы ұзату той жасауға келмей тұрса, жігітіне алып қаш десе оның несі айып? Бастысы, екі жас бір-бірін қалап тұрса болды емес пе? Алып қашу – салт-дәстүрімізде бар. Келісіп пішкен тон келте болмас дегендей, келісіп алып қашқан екі жаққа да тиімді»деп ойын білдірді жуырда ғана құсын қолына ұзату арқылы қондырған Сәбит Сапарбеков.

Аға буын қатары саналатын тұрғын Мықтыбек Оразтайұлы болса, алып қашуды өткен ғасырға тән жабайылау салт санайды. Себебі бұл арқылы жастар екі жақтың ата-анасының ырзалығын көп ретте ала бермейді.

«Қапыда қызы кетіп қалған жақ оған ашуланады, ал ашу үстінде ауыр сөздер айтылады. Кей көңілдерге сызат түседі дегендей келеңсіздіктер болады. Кейде келісіммен алып қашу деген бар.

Бірақ ол жағдайда ата-ана екі жастың өзара сөз байласуынан хабарсыз болады» деген Мықтыбек Оразтайұлы өзі де жарын алып қашқанын, тек қызбен толық келісіп, отау құратын күнге дейін белгілеп алғанын айтты. Сондықтан да болар ата-анасы соншалықты шу шығара қоймапты.

«Бір көре салып зорлап алып қашу дегенді өз басым қолдамаймын. Мұндайлардың талайына куә болғанмын. Бірақ солардың арасында керемет бақытты ғұмыр кешіп жатқан жұптар да бар... Бұл «дәстүрге» бір жақты баға бере алмаймын. Қазір заман өзгерді де, дәстүр-салттар да аздап өзгеріске ұшырап жатыр. Қыз алып қашу дегенді де сирек еститін болдық. Тағы бір он жылда алып қашу деген таза ескілікке айналып кетуі мүмкін», - деп сөзін жалғады ОҚО, Мақтарал ауданының тұрғыны.

Төрт баланың анасы атанып отырған 30 жастағы келіншек Айжан Ермекқызы болса, алып қашу дегенге мүлдем қарсы емес.

«Мені кезінде ата-анам алып қашуға қарсы болып, өз қолдарынан ұзатқан. Себебі үйдің жалғыз қызымын. Ал негізінен алып қашуға қарсы емеспін. Қазір барлығы ақшаға келіп тіреледі. Меніңше ұзатып алу екі жаққа да таза шығын. Кезінде біздің ата-анамыз, ата-әжеміз ешбір ұзатусыз шаңырақ көтерген ғой. Кереметтей бақытты өмір сүріп жатыр. Ал кейде дүркіреген тоймен ұзатылған қыздардың арасында жарты жыл өтпей ажырасып жатқандарын да естиміз. Меніңше бастысы, санаға беру керек. Ал «шымкенттіктер жабайы» дегендерге айтарым, алып қашу тек Шымкентте емес», - деді Айжан Ермекқызы.

Сауалнамаға тек отау құрғандар емес, әлі өмірлік серігін таппағандарды да қатыстыруды жөн санадық. Әлі тұрмыс құрып үлгермеген шымкенттік Айгүл Орынбек те алып қашу дегенге қарсы емес.

«Менің анамды да бір көріп алып қашып кеткен. Анам одан бақытсыз болды деп айта алмаймын. Қайта бес баланы дүниеге әкеліп, өз ортасына сыйлы келін атанып отыр. Қазіргі дағдарыс заманында үлде мен бүлдеге орап, қызды құда түсіп алуға екінің бірінің шамасы келмейді...», - деген ол шымкенттіктер туралы теріс пікір қалыптастырғандарға өз жауабын да берді.

«Ойбай, Шымкентке барсаң алып қалады» деп үрки қарайтын қыздарға таң қаламын. Базарға мал алуға барсаң да, өзі жеуге жарайды ма, еті мен майы көбірек пе деп таңдап аласың ғой. Біздің Шымкенттің жігіттері де солай. Көрінген қызды алып қаша бермейді. Инабатты, ибалы, ертең отбасының түтінін түзу түтете алып кете алатын қыздарды алып қашады. Ал ибалы қыздар аттаған босағаларынан кері шықпайды. Әрине, қазіргі таңда алып қашу заңмен қудаланады. Бірақ қазақтың жігіттерін білесіңдер ғой, «сүйем, күйем» деген сөздерді айтпайды. Олар іштей сүйеді. Сүйген жанына солай қол жеткізеді», - деп ойын түйді Айгүл Орынбек.

Расымен де елімізде қызды еркінен тыс алып қашуға заң тұрғысында тыйым салынған. Бұл әрекетке барған адам Қылмыстық кодекстің 125, 126 баптары бойынша 3, 5 немесе 7 жыл бас бостандықтарынан айырылуы мүмкін. Сондықтан да алып қашу «операциясын» ойлап жүрген болсаңыз, заңға бір көз жүгіртіп алған жөн.

Сонымен, алып қашу салт па, әлде жабайылық па? Сіз қалай ойлайсыз?

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар NUR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.

Тағы да оқыңыздар:

Алматыда 100 миллионның көлігін мінетін студенттер кімдер? (фото)

Сырқат бүлдіршінге ақша аударған жанның әрекеті көпшілікті елжіретті (фото)

Жұмыстан гөрі Facebook-та көп отыратын шымкенттік полицей халқымен қош айтысты

Қазақтың қариялары Назарбаевқа қалай бата берді?

Оралдық жезөкшелер бір түнде қанша пайда табатынын жайып салды

Біріккен Ұлттар Ұйымының жаңа бас хатшысы тағайындалды (фото)

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1283630-shymkentte-bir-ret-korgen-kyzdardy-alyp-kashyp-kelin-kylatyny-ras-pa/

pixel