Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Отандық продюсер жұлдыздарды әшкерелейтін "компромат" тапты

Опубликовано:

Танымал журналист, продюсер Гүлнұр Мамасарипова әншілердің әлеуметтік жауапкершілікті қаншалықты сезінетінін тексермек деп хабарлайды NUR.KZ порталының тілшісі.

Отандық журналистикада көп жылдар бойы еңбек еткен Гүлнұр ханым бүгінде жұлдыздарды бес саусағындай біледі. Олармен бірге жүріп, ол әншілердің сауаттысын да, сауатсызын да молынан кездестірген. Жұлдыздарға деген қоғам тарапынан қызығушылықтың көп екенін ескерген Гүлнұр оларды басқа жағынан танытуды жөн көрген. Оның жаңадан ғана көрерменге жол тартайын деп отырған "Компромат" бағдарламасы "жұлдыздарды бұрын-соңды болмаған амплуада" жұртшылық назарына ұсынбақ екен. Бұл туралы танымал продюсер портал тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында айтып берді.

- Көрерменге жаңа бағдарлама ұсынбақшысыз. Бұл бағдарламаның өзгешелігі неде? Мақсатыңыз жұлдыздарды әшкерелеу ме?

- Мен былай жауап берейін. Қазір әлеуметтік желілер - кез-келген нәрсенің барометрі. Қазір жұлдыздардан басқа тақырып жоқ па деп көп айтылады. Бірақ, негізі соны айтып жатқан адамдар зерттеу жасамайды. Мысалы теледидарды қоссаңыз таңертең әнұраннан басталып, кешке дейінгі уақытта әншілер туралы бағдарламалар өте аз. Бұл пайыздық мөлшермен алып қарағанда. Таңертеңгілік шоулар, әлеуметтік мәселелер, аграрлық мәселелер.

Дегенмен, жұлдыздарға деген сұраныс халық тарапынан өте жоғары. Сондықтан, осындай сындардың көбейіп кетуі бізді бір салмақты дүние жасауға итермеледі. Екіншіден әншілер әлеуметтік жауапкершілік дегенді сезіне ме, жоқ па, соны білгіміз келді. Қарап отырсаңыз, әншілердің әлеуметтік желілердегі оқырманы миллиондап саналады. Саясаткерлердің де, экономистердің де, жазушы-ақындардың мұншалықты көп оқырманы жоқ. Демек, сұраныс көп.

Оларда оқырмандар армиясы бар десе болады. Әрқайсысы бір-бір бұқаралық ақпарат құралы болып отыр. Өкінішке қарай, газет-журналдардың тиражы да ондай емес. Бірақ олар соны түсініп, сезінбейді екен. Не болса соны желіге салады, ұшақтан мінгенін, ұшақтан түскенін, тойда отырғанын, кіммен отырғанын сала береді. Бәленше братпен, бәленше сестрамен дегеннен әрі аспайды.

Өз оқырмандарын солай тәрбиелеп жатыр. Міне, біз сол жағына көп көңіл бөлгіміз келді. Олар қоғамда өмір сүріп жатыр, оларды қоғамдық ой, қоғамдағы мәселелер толғандыра ма, толғандырмай ма?! Жалпы, халықтың ортасында олар туралы айтылып жүрген неше түрлі, шыны бар, қауесеті бар, әңгімелерге олардың қандай да бір жауабы бар ма, жоқ па?! Міне, бағдарлама осыған негізделді.

- Бұған әншілердің өздері қалай қарады? Олар бар шынын айтып, ағынан жарылуға оңайлықпен келісті ме?

Әншілердің көбі одан қашқақтады, қойыңыз, бұл "Компромат" деген не сұмдық деді олар. Шыны керек, олар YouTube-те жүрген түрлі келеңсіз бағдарламаларды бетімізге басасыздар деп қашқақтады. Бірақ кейін, отырып түсіндіріп, мақсат-мүддемізді айтып, мәмілеге келдік. Бір қуанарлығы, олар сондай нәрсені сағынып қалғанын айтты. Біз оларды әдетте бағдарламаға шақырып аламыз да, әдемі көйлегін кигізіп, мақтап-мақтап, өлең айтқызып, халыққа тілек айттырып жібереміз ғой.

Ал "Компроматта" олардың ішкі дүниесіне үңіліп, әр әншінің дүниетанымының тереңдігі немесе таяздығы, кітап оқи ма, өздеріне қатысты заңдарды біле ме, жоқ па деген мәселелерді анықтағымыз келді. Заңдарды қоя тұрайық, жалпы, сахна деген сөзінің өзі нені білдіретінін білмейтін әншілеріміз бар екен.

Оның барлығын біз әшкере ету үшін емес, жалпы осындай диалогтардан кейін олардың санасында бірнәрсе ояту үшін жасап отырмыз. Ұялып қалмау үшін олар да ізденеді, оқиды. Өздерінің дүниетанымын кеңейтуге тырысады. Біз соны мақсат тұттық. Жүргізушілікке Нұрсұлтан Құрманды өзім таңдадым.

- Неліктен басқа емес Нұрсұлтан Құрман? 

- Нұрсұлтан пісіп жетілген, импровиз, осы бағдарламаны жүргізуге толық әлеуеті жетеді. Мәселен, тек қағазға қарап сөйлеп шығатын тележүргізушілерді мен мүлде мойындамаймын. Олар журналистік әлеуеті жоқ жүргізушілер. Оның қызбалығы мен эмоциясы да бар, дипломатиялық ұстамдылығы жоғары.

-Бағдарлама қандай форматта өтеді? Әншілердің шынайы жауабын қалай аласыздар?

- Сұрақтардың барлығын жүргізуші емес, төрт журналисттен құралған спикерлер қояды. Олар үнемі ауысып отырады. Олардың дәрежесі тіптен жүргізушіден де биік болады. Жүргізуші модератор ретінде ғана жүреді. Неліктен мен басқа журналистерді де жобаға тарттым? Себебі, біз қазір вакуумде өмір сүріп жатырмыз. Журналистерде қандай да бір бірлік, мәмілегерлік жоқ. Бұрын журналистік достық болатын. Бір мәмілеге келу немесе бір қандай да қолдау деген болатын. Қазір бұл байланыс әлсіреп қалды.

Бар, бірақ белгілі бір топтардың арасында ғана. Мәселен, құрбы болсақ, біз бір-бірімізді ғана қолдаймыз. Бес-алты құрбылар өздерінің ғана мүддесін қолдайды деген сияқты. Журналистер бір-бірімізді мойындамаймыз да, мойындағымыз да келмейді. Қолдамаймыз да. Реті келсе кемсітіп, әшкерелеп отыруға бейім болып кеттік. Мүмкін ол нарықтың талабы шығар, солай болуы керек те шығар? Мен бірақ оны қолдамаймын. Осы бағдарламаның арқасында журналистер бір-бірімен етене араласса деп ойладым. Мысалы әр бағдарламада 4 журналист, он алты бағдарламаның өзінде бәленбай журналист өзара қарым-қатынас орната алар еді.

- Жұлдыздардың тосылып қалған сұрақтары көп болды ма?

- Жұлдыздарда бір сұраққа жауап бермеу құқығы болды. Бірақ көбі сол талапты қолданбады. Есімде жоқ. Тіпті ешқайсысы да бұл мүмкіндігін қолданбады ғой деймін. Жалпы, Ерке Есмаханның, Айқынның жауаптары өте қызықты болды. Сәкеннің, Гүлнұр Оразымбетованың ел арасында жүрген әңгімелерге қатысты жауаптары айтылды. Көрермен ұнатады деген ойдамыз.

-  Сәттілік! Әңгімеңізге рахмет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1261076-otandyq-prodyuser-zhuldyzdardy-ashkere/

pixel