Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қызылорда облысының тұрғындары жаз бойы киіз үйде тұрады

Опубликовано:

Қызылордалықтар аптап ыстықтан ерекше әдіспен қорғануға көшті. Қызылорда қаласына жақын орналасқан Белкөл кентінің тұрғындары жаппай киіз үй тігіп, жаз айларын сонда өткізбекші.

Бұл туралы stan.kz хабарлайды.

Якуда Ниязбайұлының отбасы да жылдағы дәстүрлерін бұзбай биыл да аулаға киіз үй тікті. Ұлттық баспананың сырты мен ішін де талапқа сай әрлеп, безендірген.

"Аталарымыздың барлығы ұста болған адамдар. Киіз үйдің керегесі, уығы мен шаңырағы сол кісілерден қалған мұра. Негізінен біздің жанұямызда 4 қараша үй бар. Оның үшеуі 8 қанатты болса, біреуі 6 қанатты. Барлығының сүйегін аталарымыз жасап берген. Біз тек қосымша дүниелерін сатып алдық", – дейді ол.

 

Енді Якуда Ниязбайұлының отбасы түгелдей осы киіз үйге көшіп, тас балқытарлық оңтүстіктің ыстығынан қорғанбақ. Олар киіз үйдің ішінде салқын самал есіп тұру үшін де ерекше тәсіл тапқан.

"Әдетте киіз үйдің сыртына киіз жабады. Одан салқын өтпейді. Жаңбыр жауса киіздің иісі шығып, берекеңді алады. Бұл дұрыс емес. Ауа өтуі үшін біз түскиіз ретінде кәдімгі боз матаны жабамыз. Оған қазақтың ұлттық ою-өрнектерін салып, әдемілейміз", – дейді Якуда Ниязбайұлы.

Іште керектінің барлығы бар. Аяққап, кесеқап пен қабырғада қоржын ілініп тұр, тіпті сән үшін ілінген қасқыр терісін де көруге болады. Қазақы мәнерде жасалған бұйымдар бөлме ажарын ашып тұр.

"Бұл дүниелердің барлығын менің енем өзі жасаған. Кезінде есімі белгілі қолөнер шебері болған кісі. Түрлі заттарды өзі тігіп, тоқи беретін. Мен сол кісінің тәрбиесін көріп өстім. Қазір түскиізге оюды өзім тігемін. Мұнан бөлек киіз үйдің ішіне төсейтін көрпешелер де менің қолымнан шыққан туындылар", – дейді отанасы Гүлбану Тұрымбет.

Киіз үйдің ыстықтан қорғауы мұнда қоныстануға басты себеп болса, екіншісі жаз айында киіз үй ішінде маса да болмайды екен. Отбасы мұнда тек өздері ғана қоныстанбай, оны өзгелерге жалға беріп, пайда да табуға кіріскен.

"Қазір киіз үйлерге сұраныс жақсы. Әсіресе, Наурыз мерекесінде тапсырыс берушілер көбейіп кетеді. Мен 4 киіз үйімді жалға беремін. Тойларын да киіз үйдің ішінде атап өтуге ниет білдіретіндер аз емес. Әрине Ұлыстың ұлы күнінде бағасы сәл қымбаттау болады. Ал, былайғы кездері 50-60 мың теңгеге береміз", – дейді ол.

Белкөл аулы қалаға жақын жерде орналасқан. Онда 800-ге жуық отбасы тұрады. Ауыл халқының көпшілігі мал шаруашылығымен айналысады. Біразы қалаға қатынап жұмыс істейді.

Кент әкімінің сөзінше бұл жерде 30-ға жуық отбасы жыл сайын жазда киіз үй құрып сонда тұрады екен. Әрине мұның өзі айтарлықтай қаражатты қажет еткендіктен осындай үйге қол жеткізе алмай жүргендер де жетерлік.

Тағы да оқыңыздар:

ШҚО-да күйеуі мен қайын атасынан қорлық көрген әйел 3 баласын дарға асып өлтірді

Данара Құлжанова: АҚШ-тағы гей-парадта өз елімнің туын абыроймен көтеріп шықтым

Жазғы каникулға шыққан депутаттар шетел асып, теңіз жағасында қыздырынбақ

Бас прокурор 6 адамды қағып, бір жігіттің өліміне себепкер болған Мақсат Үсеновті ақтап шықты

Америкалық жігіт өзінің iPhone-нына үйленіп, шіркеуде некесін қиды

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1177330-qyzylorda-oblysynynh-turghyndary-zhaz-b/

pixel