Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жазғы каникулға шыққан депутаттар шетел асып, теңіз жағасында қыздырынбақ

Опубликовано:

Депутаттар жазғы демалысқа кетті. Парламенттің қос палатасы бірлескен отырыста бірінші сессияның жұмысын қорытындылады. Енді мәжіліс пен сенат қыркүйекке дейін демалады.

Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

Жаңадан сайланған мәжіліс небары үш ай жұмыс істеп үлгерді. Осы аралықта төменгі палата 12 заң жобасын қабылдапты. Жазғы каникулға шыққан депутаттар алдымен аймақтарды аралап, сайлаушылармен кездесеміз деп отыр. Кейін шипажайда және шетел асып алаңсыз тынықпақ. Ал, енді бірі кітап жазып, ағылшын тілін үйренбекші.

Көптен күткен жазғы каникулға асыға жеткен депутаттар балаша мәз. Бәрінің қуанышында шек жоқ. Ал оларды жазғы демалысқа шығарып салуға үкімет басшысы да қарамағындағыларды түгел ертіп келіпті. Араларында көп көріне бермейтін Қораныс министрі Иманғали Тасмағамбетов те бар. Ал бір апта бұрын ғана Ақордадан мәжіліске қайта оралған спикер Нұрлан Нығматулин алдымен бірінші сессияның жұмысын қорытындылады.

"Бұл кезеңде мәжіліс қарауына 42 заң жобасы болды. Ал, 7 заң жобасын депутаттарымыздың өздері әзірледі. Осы сессияда мәжіліс 13 заң жобасын мақұлдап, парламент 12 заң жобасын қабылдады", - дейді  мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Ал сенат 72 заңды қабылдаған. Парламент қабылдаған құжаттардың қатарында жерді шетелдіктерге жалға беру мен ел азаматтарына аукцион арқылы сатуды жыл соңына дейін тоқтату туралы заң да бар.

Жалпы, жаңадан сайланған мәжіліс небары үш ай жұмыс істеп үлгерді. Демалысқа асыққан депутаттар қатты шаршап қалса керек, ешкімді де сынаған жоқ. Сөйтіп, қос палатаның бірлескен отырысы небары жарты сағатта аяқталды. Ал кіреберісте кім қайда барып демалатынын айтып жарысуда.

"Жазда мен Алматыда өзіміздің санаторийде он күн боламын. Жұмыс істеймін, үй салып жатырмын.Мен негізі балық аулағанды жақсы көремін, осы Есілдің бойында ақырындап жүріп балық аулаймын", - деді сенат депутаты  Серік Ақылбай.

"Жақын арада қызымның туған күні болады. Соған барып, балаларыммен1 аптадай демалғым келеді. Негізінде барлық аймақтарды аралап шығуға тырысамын", - деді депутат Азат Перуашев.

Депутаттар шетел асып, теңіз жағасында қыздырынатындарын да жасырмады. Сондықтан, әркім жеке кабинетіндегі қажетті құжат, заттарын жинап, түйіншектерін түюде. Кейбір халық қалаулылары ала жаздай ағылшыншаны үйренбек. Мәселен, мәжілісмен Арман Қожахметов әріптестері сынды шипажай жағалап кетпес бұрын, он күн жұмыс орнында қалып, шет тілін оқымақшы.

"Ағылшынша бастадым. Кеше ғана бірінші сабаққа қатыстым. Тестілеуден өттім. Он күн оқимын", - дейді мәжіліс депутаты Арман Қожахметов.

Депутаттар демалыстан оралған соң жаңа сессияда Жер, Салық кодексін, терроризмге қарсы күрес сынды ірі заң жобаларын қарайды. Тіпті сенаторлар лаңкестерге ату жазасын кесу мәселесін де қайта көтермек.

Осылайша, түрлі заң жобаларын қызу талқыға салынатын, тартысты жиындар өтетін отырыс залдары уақытша босап қалды. Парламентте мүлгіген тыныштық. Енді депутаттар жұмыс орындарына қыркүйекте бір-ақ оралады. Шенеуніктер де бір сәтке тынығып қалатын болды. Өйткені министрлер алдағы екі айда мұнда келіп, есеп бермейді.

Тағы да оқыңыздар:

ОҚО-да қазақша жаза алмайтын баспасөз хатшысы жергілікті журналистерге жақпай қалды

Бас прокурор 6 адамды қағып, бір жігіттің өліміне себепкер болған Мақсат Үсеновті ақтап шықты

Америкалық жігіт өзінің iPhone-нына үйленіп, шіркеуде некесін қиды

Өз тобында бірде-бір рет жеңбеген Португалия жартылай финалға шықты

Көкшетауда жоғалып кеткен жігіттің денесі бөлшектелген күйінде табылды

АҚШ армиясында 2 жарым мыңнан аса трансгендер қызмет етуде

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/politics/1177012-zhazghy-kanikulgha-shyqqan-deputattar/

pixel