Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

БҒМ жемқорлықты әшкере еткен студенттің оқудан қуылу қатысты түсініктеме берді

Опубликовано:

Білім және ғылым министрлігі жемқорлықты әшкере еткен студенттің оқудан қуылу мәселесіне қатысты NUR.KZ  порталына түсініктеме берді.

Оқу орнында заңсыз ақша жинау болып жатқанын әшкере еткен студенттің оқудан қуылу мәселесі бойынша БҒМ баспасөз қызметі NUR.KZ порталының редакциясына түсініктеме берді.

"Сіздің ақпаратыңыз үшін рахмет. Біз оны Жоғары білім беру департаментіне бердік. Олар бұл жағдайды анықтап жатыр. Алдымен бұл ақпараттың нақтылығы, растығы тексерілуде. Бізге жауабы берілгенде хабарлаймыз. Үш күннің ішінде анықталуы тиіс", - деп жауап берді Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінен.

Ал осыдан бірер күн бұрын түсініктеме беруден бас тартқан жоғары оқу орнының басшылығы редакциямыздың поштасына аталған жәйтқа байланысты түсініктемесін дегенмен жолдады. Онда: "М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының, «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» мамандығының 4-ші курс студенті – Байсейт Е.Е. Мемлекеттік емтиханды тапсыру нәтижесінде «қанағаттанарлықсыз» бағасын алғаны рас, яғни Мемлекеттік Аттестациялау комиссиясы оның емтихан кезіндегі берген жауабына мүмкін болған минималды 50 баллдың 16 балын қоюды жөн көрді", - делінген.

Түсініктемеде әрі қарай: "МАК құрамы, студент – Е.Е. Байсейтке қойған 16 балл бағасын, оның болашақ жас маман ретінде теориялық және тәжірибелік дайындығының төмендігін алға тартып, емтихан билетінің бірінші және екінші сұрақтарының мазмұнын аша алмастан бөлек, берілген есепті шешудің жолын, тәртібі мен алгоритмін мүлдем түсіндіре алмағанымен дәлелдейді.

Емтихан тапсырған күні, МАК отырысының хаттамасына сәйкес қойылған «қанағаттанарлықсыз» бағасымен келіспеген Е.Е. Байсейт, аппеляциялық комиссия құрамына арызданғаны рас. Дегенмен, осы орайда, Мемлекеттік емтиханды қайта тапсыруға рұқсат берілмейтіндігін атап кету маңызды.

18-23 наурыз аралығы Академия Президент-ректорының бұйрығымен демалыс күндері болып жариялауына байланысты, аппеляциялық комиссия студенттің өтінішін 24 наурыз күні қарастырды. Аппеляциялық комиссия жұмысы барысында, түсірілген бейнебаянға сәйкес, студент емтиханды тапсыру кезінде «шпаргалка» пайдаландығы дәлелденгені анықталды. Онымен қоса, тапсырылған жауап парағында берілген сұраққа толық жауап жазылмағандығы айқындалған соң, аппелация комиссиясы қосымша балл қосуды мақұлдамады", - деп көрсетілген.

Айта кету керек, бұған дейін дипломсыз қалайын деп тұрған студент мемлекеттік грантта оқып, шәкіртақысын 4 жыл бойы алып келген, яғни 4-5-ке оқыған болатын.

Ал ЖОО-дағы жемқорлық фактісін әшкерелегені үшін студенттен "өш алу" жөнінде хатта былай делінген: "Байсейт Е.Е. мемлекеттік емтиханнан өте алмауының себебін, 2015 жылдың қараша айында оқытушы Аралбаев Жанат Наймантайұлы студенттерден заңсыз ақша талап ету фактісін әшкерелеп бергендігімен байланыстырып отыр, дегенімен, бұл жағдай МАК шешіміне ешқандай қатысы жоқ, себебі комиссия құрамы тәуелсіз тұлғалардан құралған, олар тіпті студент пен оқытушы Ж.Н. Аралбаевпен болған жағдайды білмейді".

Еске салсақ, кезінде оқу орнында заңсыз ақша жинау болып жатқанын әшкере етіп, NUR.KZ тілшісіне сұхбат берген Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының студенті бүгінде оқудан шығарылайын деп жатқанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз.

Академия студенті Байсейіт Ержанның анасы Данышпанова Диляра ұлының емтиханнан құлағанын растайтын бейнежазбасы мен жауап парақшасын ала алмай дал болып жүргенін айтқан еді. Себебі емтихан ауызша өткен, билет бойынша үш сұрақтың екеуіне жауап бергенін, ең құрмағанда "қанағаттанарлық" деген баға алуы тиіс екенін айтады.

Бұған қатысты да жоғары оқу орны ешқандай кінәрат таппады, жауап парақшасын бермей, емтихан кезінде түсірілген бейнежазбаны көрсетпеулерінің себебін "уақыты келмеумен" түсіндірді.

"26 наурыз күні Е.Е. Байсейттің анасы Д.Д. Данышпанова МАК ұлының жауап парағын алуға ҚазККА Президент-ректорының атына өтініш жазғандығы рас, дегенмен ҚР Заңының 11 бабының «Ақпаратқа қол жеткізу» 10 тармағына сәйкес, мұндай өтініш 15 күнтізбелік күн ішінде қаралатындығын айту керек. Олай болса, оның мерзімі ағымдағы жылдың 11 сәуіріне келеді. Осыған орай, Д.Д.Данышпанованың уақытылы ақпараттың берілмеуі туралы шағымы ешқандай негізделмегенін байқауға болады", - делінген хатта.

Әрі қарай аталған оқу орнының басшылығы студенттерді "Бүгінгі күнде аталмыш топтың студенттері, пайда болған келеңсіз жағдайды кафедра, факультет немесе академия деңгейінде көтермей, тікелей БАҚ өкілдеріне шағымдану арқылы «жақсы» баға алуды жөн көреді" деп айыптайды. Бірақ студенттердің ректордың атына дейін арыз жазып, апта сайын 5-10 мың теңгеден жинауға шаршағандарын айтып, бірнеше мәрте шағымданған. Өкінішке орай, академия басшылығы студенттердің мәселесіне құлақ аспаған.

Қазақ көлік және коммуникациялар академиясында былтыр да шу шыққанын айта кету керек. 2015 жылдың маусым айында КТК арнасы студенттердің дипломдық жұмыстарын қорғауға қорқып отырғандарын жазған болатын. Студенттердің шағымдануынша, емтиханды мамандығы мүлдем басқа оқу орнының ректоры Бақытжан Қуанышев қабылдаған. Ол мамандыққа сай келмейтін сұрақтар қойып, жауап бере алмағандарды "құлатқан". Шыққан шудан кейін "Тасымалдау мен логистиканы ұйымдастыру" факультетінде қызмет ететін кафедра меңгерушілерінің бірі өз еркімен жұмысынан кеткен. Алайда студенттер оқу орнында түбегейлі өзгерістерді талап етіп, декан мен ректордың да кетуін талап еткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1087092-bghm-zhemqorlyqty-ashkere-etken-student/

pixel