Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елдегі дағдарыс салдарынан қарттар мерзімі өткен азық-түлікпен тамақтануда

Опубликовано:

Алматының барлық дерлік базарларында мерзімі өткен азық-түлікті сататын "дағдарысқа қарсы" нүктелер ашылған. Консервілер, макарондар, ірімшіктер, тәттілер, тіпті мерзімі өткен шұжықтар да бар.

Сатушылар "мерзімі өткен" тауарларды сататын нүкте ашылғанын жалпақ жұртқа жария етпесе де, клиенттер арасында аталған нүктелердің мекенжайлары тез тарап кетуде.

Мұндай қауіпті тауарларды сатып алушылардың дені зейнетақыға күн көріп жүрген қарттар мен жаңа жыл қарсаңында дастархан жаюға асыққан кафе, мейрамханалар.

Nur.kz тілшілері жаңа жылдық оливье салаты үшін мұнда қанша қаражат кететінін және мерзімі өткен тауарлар қаншалықты қауіпті екенін анықтауға тырысты.

Осындай нүктелердің біріндегі сатушы Сәуле мерзімі өткен азық-түлік құны кемінде 70 пайызға арзан түсетінін айтуда.

Мәселен оливье үшін қажет маринадталған қиярдың бір банкасы 600 теңгенің орнына 150 теңгеге сатылуда. Жасыл бұршақ - жарты жылға мерзімі өткен болса, 300 теңгенің орнына 70 теңге.

Мерзімі бір апта бұрын өтіп кеткен майонез 400 теңгенің орнына 100 теңге тұрады. Ал 2-3 күнге мерзімі өткен шұжық -  келісіне 2000 теңгенің орнына 500 теңге. Бәрін есептеп көргенде бір құты оливье - 3700 теңгенің орнына 1300 теңгеге түсіп отыр.

Мұндай тауарлардың тұрақты клиенті - 67 жастағы Валентина Павловна зейнетке шықпас бұрын жедел жәрдемде қызмет етіп, тұрғындарды құтқаратын. Ал бүгінде 55 мың теңге зейнетақы алатын кейуана өзін осылай құтқаруға мәжбүр.

Зейнеткер пәтеріне 15 мың теңге төлеп, балаларына көмектесіп, өзіне қажет дәрі-дәрмектерді де сатып алуға зейнетақысын жеткізіп әлек.

Ол мерзімі өткен тағамның арқасында күн көріп отырғанын жасырмайды.

«Мен қайыр сұрап жүрген жоқпын ғой. Үнемдеуге тырысудамын. Мерзімі өтсе, ештеңе етпес. Үйімде мысығым бар. Тағамнан күдіктенсем, алдымен мысыққа иіскетемін. Әзірге аманмын ғой, көріп тұрсыздар» – дейді әйел.

Ол бұдан бөлек шұлық тоқып сатудан да азын-аулақ қаражат тауып отыр екен. Бұл ақшаға кейуана дәріхана қоймасына барады. Ол жерде дәрі-дәрмек әлдеқайда арзан дейді тұрғын.

Сәуле мұндай сатып алушылар жеткілікті екенін айтуда. Ал өзге клиенттер - балалар бақшасы мен мектептерге тамақ әзірлейтін кафе, мейрамханалардың қызметкерлері. Біздің көзімізше Сәуледен бір ер кісі 20 банка мерзімі өткен консервіленген зәйтүн мен 3 келі сүзбе ірімшік сатып алды.

«Ол мұны кафе үшін алды. Бірінші рет келіп тұрған жоқ. Осы жолы кафе банкетке не үйлену тойына дайындалып жатқан болуы керек», – дейді Сәуле.

Оның айтуынша, кафе қонақтары тағам мұндай азық-түліктен әзірленгенін байқамайды. Сатып алушылар арасында әр жерде самса сататындар да бар екен. Олар жұмыс күндері келіп, ондаған келісін сатып алады.

Сәуле балалар бақшасы мен мектептердегі асхана қожайындары да жиі келетінін жасырмады.

«Олар көбіне қатты бұзыла қоймайтын макарондар, печенье мен консервілер алады. Сүт пен ірімшік те алып жатады. Оқушылар оның мерзіміне қарап жатпай-ақ жеп қояды», – дейді Сәуле.

Мектеп асханасының иелері мұны қаражат жеткіліксіздігімен түсіндіруде. Бүгінде бір оқушының тағамына күнделікті 300 теңге бөлінеді екен. Ал ондай ақшаға балаларды тойдырту мүмкін емес дейді олар.

Сәуле мерзімі өткен тауарлардың ірі супермаркеттер мен дүкендерден келетінін айтуда.

Сатушы өзінің мерзімі өткен тауарлар сататынынан еш қымсынбайды. Ол сатып алушыларды алдап отырмағанын алға тартуда. Ал супермаркеттегілер мерзімі өткен тауарлардан өз кулинарлық бөлімдерінде тағам әзірлеп, жұртты алдайды дейді Сәуле.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/978043-daghdarys-saldarynan-qarttar-merzimi/

pixel