Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қызылордалық блогер қазақ тойының орташа құнын есептеп шығарды

Опубликовано:

«Той десе қу бас домалайды» демекші қазақ тойының қазіргі шығынын қызылордалық блогер Ерлан Мұсаев есептеп көрген еді.

Қоғам белсендісі ұлын ұяға, қызын қияға қондырамын деген ата-ана үшін дағдарыс кезінде салтанатты той жасауға қанша қаржы керек екенін айтты деп хабарлайды Yvision.kz-ке сілтеме жасап NUR.KZ .

Ата салты мен дәстүрге сай үйлену тойдағы киіт кигізуден бастап, қалың малының құны үшін отбасының қанша қаражаты кетеді? Блогер орташа тойдың шығын есептеп көру үшін, Қызылорданың салтын алған.

Ата-анамен танысу. Екі жастың туыстары өзара танысу үшін қаладағы мейрамханада ас ішеді. Бұл шығын болашақ күйеу жігіттің мойнында. Дастархан басына екі жақтан 8 адам келді деп есептер болсаңыз, танысу шәйінің құны дәмхананың мәзіріне қарай 30 мыңнан 100 мыңға дейін жетеді.

«Сырға салу» немесе «Құдалық». Бұл кезекте негізгі салмақ қалыңдық жаққа түседі. Келетін құда және туыстарды қосқанда бас-аяғы 40 адамға арнап берекелі дастархан жайылып, тамада, музыкалық аспаптар жалдайды. Орта есеппен алғанда отбасылық шығын -300 мың теңгенің ар жақ бер жағы. Көп жағдайда мереке қыздың үйінде болады. Жігіт жақтан болашақ келінге арнап алтын сырға тарту етіледі және ата-анасымен аға-жеңгелеріне «киіт» кигізеді. (Құданың материалдық жағдайына байланысты шығынның көлемі 1 миллион теңгеге дейін жетеді. Бұл сомаға тон, ішік, алтын сырға сынды бағалы заттар сатып алынады).

Сонымен қатар «Қалың мал» үшін жігіт болашақ жарына тағы шығындалады. Ол күйеу баланың жағдайына қарай - 200 мыңмен 500 мың теңгенің арасында. Жалпы алғанда «Сырға салу» мерекесінің құны екі отбасыған 2 жарым миллион теңгеге түспек.

"Қыз ұзату". Ертеректе бойжеткен қыз қара шаңырақтан ұзатылса, қазір мейрамханадан шығару сәнде. Келетін қонақтың саны орташа 200 адам. Егер, Қызылордадағы мейрамханалардың орташа бағасы 2000 теңге деп есептер болсақ, тек 400 мың теңге той ақысына кетеді.  Сонымен қатар ет пен тәтті тағамдарды сатып алуға 1 миллион 300 мың теңге жұмсайды. Ал, тойды видеоға түсіру, тамада, музыкалық аспаптарды жалдау құны 200 мың теңге. Осылайша қыз ұзатудың ғана құны 2 миллон теңгеге жетеді.

Артынша жігіт жақта бұл мерекеге тоймен жауап беріп, «құда шақыру» жасайды. Адам саны әдеттегідей 40.  Дәстүрден жаңылыспай, тамада, әнші жалдап, берекелі дастархан жайып 300 мың теңгеге құда күтеді.

Бұл мерекеге қыздың туыстары «төсек-орын» әкеледі. Оның ішінде екі жасқа арналған жұмсақ жиһаздан бастап, ыдыс-аяқ, тіпті қыздың 4 мезгіл ауыстырып киетін киімі де кіреді. Аталған шараға қыздың әке-шешесінің қалтасынан 1 миллион теңгеден жоғары қаржы кетеді. Ал, үйге келген су жаңа құдаларға жігіттің туыстары құнды сыйлықтар тарту етеді. Ол алтыннан жасалған әшекейлер. Орта есеппен 4 адамға сыйлық берілді делік. Бір алтынның орташа құны 30 мың теңге*4 = 120 000 теңге.

Той. Қазір үнемдеуге көшкен ата-ана беташарды үлкен тоймен біріктіріп жасап жүр. Бұрын-соңды бұл шара жігіттің үйінде бөлек жасалатын. Орташа шығыны 500 мың теңгеге жетеді. Үлкен тойға ең кемі 250-300 қонақ шақырылады. Бұл күні жігіттің ата-анасы 2 миллион теңге шығын шығарады. Оның ішіне: той табақ, дастархан мәзірі, тамада, әнші, сусын т.б. кіреді.

Соңғы уақытта шаңырақ көтерген екі жастың өмірі туралы фильмдер мен сапалы суреттер түсіру сәнге айналды. Бұл жұмыстың құны 150-200 мың теңге.

Осылайша жас отаудың шаңырақ көтергеніне арналған қазақы тойдың орташа құны 8 миллион теңгеге жетіп жығылады. Аталған сома аз ақша емес. Алайда ата-аналар мен жастар жағдайы келсін, келмесін, дүркіретіп той өткізуге құмар. Себебі бұл шығынға «бір рет өмір сүреміз ғой»,  «бір рет қана үйленем», «жұрттан қаламыз ба?» «елден ұят қой» деген түсінікпен барады. Тіпті, қаржысы жоқтар банктерді жағалап жүріп, несие алады. Ал, миллиондарға құрылған отбасы ұзақ өмір сүріп жатыр ма? Қызылорда қаласында жастардың ажырасуы республика бойынша 5 орында.

Бұның басты себебі, несиеге жасалған тойдың қарызын болашақта екі жас төлейді. Жанұяда ақша жетіспей, кикілжің туындайды, ақыры екеуі екі жаққа кетіп тынады.

Блогер өзінің жазбасында қазақ дәстүрін ұмытып, бәрінен бас тартуға болмайтынын айтады. Сөйте тұра, дағдарысқа байланысты үнемшілдікке көшіп, екі-үш дәстүрді жеке-жеке емес, біріктіріп атап өтуге шақырады. Ал, туыстарды қымбат сыйлықтан бас тартып, одан да сол қаржыға жас отбасыға пәтер сатып алып беру керек дейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1024271-qyzylordalyq-bloger-qazaq-toyynynh/

pixel